Иә, қаңтар оқиғасынан қандай сабақ алуымыз керек? Оның қайталанбауы үшін не істеуіміз керек? Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстандағы байлықтың тең жартысы елдегі 162 адамның қолына шоғырланғанын, ал халықтың жартысының еңбекақысы 50 мың теңгеден аспайтынын мысалға келтірді. Осындай бүкіл ұлттық байлықтың ат төбеліндей топтың қолына шоғырлануына не себеп болды? Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болғанда халықтың жартысының 50 мың теңгемен (қазіргі азық-түлік бағасының күнде өсіп жатқан жағдайында) күн көріп жатқанын немен түсіндіруге болады? Мұндай қайыршылық жағдайға қалай келдік?!
Ең бірінші, әуел бастан айту керек, қазіргі біздің қоғамда ұлттық байлықтың әділдікпен бөлінбеу мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Бір қарағанда, осыншама территориясы мен қазба байлығы және басқа да материалдық ресурстары бар Қазақстан сияқты елде 19 млн халықты барлық жағынан толық қамтамасыз ете алатындай мүмкіндік бар ғой! Ендеше, неге олай емес?!
Қысқаша айтқанда, бұл жағдай – елдің әлеуметтік-экономикалық күш-қуатының ең маңызды көрсеткіші болып табылатын ұлттық байлықтың әділдікпен бөлінбеуі, яғни әділетсіз қоғамда өмір сүргеніміздің жалпы көрінісі. Сондықтан ұлттық байлықты әділ бөлудің механизмдері заңдық тұрғыдан бекітілуі, экономиканы дамытудағы кемшіліктер мен әлеуметтік саладағы олқылықтарды, сонымен қатар жалпы қоғам өмірінің барлық саласындағы жүйелі кемшіліктерді жою батыл жүзеге асырылуға тиіс.
Мұндай тарихи кезеңдердегі мемлекеттік күрделі мәселелерді шешкенде Ұлы дала тұлғаларының бай мұрасына жүгінген дұрыс. Қазіргі қиын да күрделі заманда қазақ мемлекетін президенттік басқару формасына негізделген саяси жүйе ғана өзін ақтай алады. Бірақ мұнда бірінші басшының рөлі ерекше екенін айтқан жөн. Қазіргі кезде қойылып отырған саяси және экономикалық реформаларды батыл жүзеге асыру. Мұны жасау үшін бірінші басшының ақылы мен қоғамда тәртіпті қамтамасыз ететін заң жүзіндегі тетіктерді қалыптастыратындай әрекетшіл-парасаты қажет. Осы жерде бірінші басшы туралы Ұлы дала елінің данышпан тұлғасы Әл-Фарабидің ілімінен үзінділер келтірейік: «Бірінші басшы ғылымы, білімі жетілгені сонша, бұл жөнінде өзіне басшылық ететін басқа адамға мүлдем тәуелді болмайтын дәрежеде шын жетілген адам. ...Бұл адам бақытқа жеткізетін әрекеттерді белгілеуге және оларға бағыт сілтеуге тамаша қабілетті. Бірақ бұл жаратылыс қасиеттері өте тамаша, абзал адамдарға, яғни жандары әрекетшіл-парасатпен бірге біткен адамдарға ғана тән» деп сипаттама берген. Ал осыған керісінше, атаққұмар басшылар туралы: «...барлық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, өзінің және өз балаларының атын мәңгі қалдыруға, өз балаларын өзінің ескерткіші етіп қалдыруы, өз балаларына немесе өз руына өкімет билігін қалдыруға тырысуы, ...байлықты басып алып, оны басқаға пайдаландырмауы, ...дүниені үсті-үстіне жинай беруі... содан кейін ол адамдардан алшақтай түседі», дейді ойшыл.
Осы ретте айта кеткен орынды, Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «қайрат», «ақыл» және «жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», дейді. Әл-Фараби түрік әлемінде өз танымының негізі ретінде жүрекке шешуші мән беруі – ұлы Абай негізін қалаған «толық адам» ілімінің түп-төркіні қайда жатқандығын білдіретін құнды дерек көздеріне жатады. Әл-Фарабидің осы философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші» қарасөзінде өзінің логикалық жалғасын тапқандай. Абайдың осы сөзінде «қайрат», «ақыл» және «жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Ғылым: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым», деген қорытындыға келеді.
Жоғарыда келтірілген ұлы тұлғалардың сөздерінен төмендегідей тұжырым шығады. Біріншіден, бірінші басшыда Ұлы дала елінің даналары айтқандай, ақыл мен қайратты өзіне біріктіретін, «халқым», «елім» деп соғатын жүрек болу керек! Жоғарыда аталған басшылық қасиеттерді (әрекетшіл-парасат, ақыл мен қайратты жүрекке бағындыру сияқты) қазіргі Президентіміздің бойынан байқап отырмыз. Биылғы 21 қаңтарда өткен ірі бизнес-қауымдастық басшыларымен кездесуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен үшін мемлекет мүддесі біреумен жақсы қарым-қатынастан жоғары», деп мәлімдеді. Мұндағы Президенттің «мемлекет мүддесі» дегені халықтың мүддесін бірінші, жоғары қойып отырғандығы айдан анық. Кешегі Nur Otan партиясының съезінде ұйымдық және кадрлық тұрғыдан алғашқы өзгерістер жасалды. Ұйымның 55 пайызы жаңартылып, қатарына негізінен жастар енгізілді. Бұл бағытта да халықты өзіне тартатын және соның қолдауына ие болу үшін әлі де тиянақты жұмыстар жүргізілуге тиіс.
Бұл саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды аяғына дейін батылдықпен жеткізу үшін күресте (тарихтағы ұлы француз революционері Жорж Жак Дантон: «Батылдық, батылдық және тағы да батылдық керек», деп айтқандай), бірінші басшымыздың істі аяғына дейін жеткізуге деген «әрекетшіл-парасаты» мен оған халықтың сенімі мен қолдауы жеңіске жеткізетіндігі ақиқат. Сондықтан мұндай, жүрегімен басқаратын, «әрекетшіл-парасатты» бірінші басшы өзінің қол астындағы қызметкерлерінің әділдігін, халық үшін беріліп қызмет істейтіндерін бірте-бірте сұрыптап, өз командасын қалыптастыруға қажет. Бұл іске біздей халқы аз, бәрі алақандағыдай көрініп тұратын ел үшін қөп уақыттың керегі жоқ. Мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті әкімдіктердегі кадрлар ең бірінші ұлттық сезімі жоғары, жүрегімен елім деп қызмет істейтін адамдардан, әсіресе жастардан жасақталуға тиіс. Олар жемқорлықпен айналысқан және өзінің пайдасын ғана ойлаған бұрынғы қызметкерлердің қоластында істемеген, таза болуы керек. Ондай жастардың басқару тәжірибесі аз болса да, еліне қызмет етуге ынта-жігері болып, жүрегімен және халықтан бұқпай, қайта онымен бірлесіп қызмет етсе, шаруаны алға алып кететіні сөзсіз.
Біздің қоғамдағы басты жеккөрінішті құбылыс жемқорлық екені белгілі. Президент жемқорлықтың жүйеге айналғандығын «Қаңтар трагедиясының» басты бір себебі ретінде атады. Сондықтан жекелеген іс-шаралар жемқорлықты түбірімен жоя алмайды. Оны жою үшін кешенді саяси және экономикалық жүйелі реформалар жүргізілуге тиіс. Бір жағынан, оның техникалық базасын жасай отырып (мысалы цифрландыру және т.б), екінші жағынан заңды жетілдіру және дұрыс кадрлық саясатты қолға алу қажет. Әлемде жемқорлықтың тамырына балта шабатын заңдарды жасау тәжірибесі мол. Оны біздегі маман-құқықтанушы жастардың басын біріктіріп, жемқорлықтың алдын алатын және жемқордың жазаланбай қалмайтындай тиімді заңдар құрылымын әр сала бойынша жасап шығару және оны қолдану барысында жетілдіріп отыруды қолға алу керек. Міне, осыған қабілетті жастарды заң шығаратын парламентке өткізген дұрыс. Кадрлық саясатта да шенеуніктердің туысқандары мен бизнес саласындағы тамыр-таныстарын қызметке алуды доғарып, оны қатаң бақылау және ол үшін жазалау шараларын заң жүзінде бекіткен оңды.
Жалпы, жоғарыда айтылған реформаларды мемлекеттің Конституциясына өзгерістер енгізбей сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан халықты кеңінен қатыстыра отырып, Ата Заңның толықтырылған және өзгертілген нұсқасын қабылдау қажет. Ата Заңға өзгеріс енгізу мен саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырудың тетіктерін жасау үшін біз шетелде және өзімізде оқыған, өз елінің болашағы үшін жанын аямайтын, алдыңғы қатарлы жастардан әр сала бойынша жұмыс топтары құрылуы керек. Оларға қаражат және материалдық тұрғыдан барлық жағдай жасалуға тиіс. Әлемдік тәжірибе мен ұлттық менталитетті ескере отырып, жұмыс істейтін топтардың қай сала болсын негізгі көздейтін мақсаттары: ұлттық байлықтың әділ бөлінуі мен қоғамда ашықтықты қамтамасыз ету, қандай іс болсын халықтың барынша толық қатысуы, қай салада болсын жемқорлыққа мүмкіндік берілмейтін жағдайлардың жасалуы сияқты маңызды мәселелер міндетті түрде орын алуы керек. Ондай іспен айналыса алатын жастар бізде бар және олар дайын! Тек қана мемлекет тарапынан толық қолдау қажет. Жастарды көшеге шығарудың орнына оларды осындай ел үшін жасампаздық істерге тарту қажет. Сонда ғана Қазақ елінің өркениеттілігін, жасампаздығын әлемге паш ете аламыз! Бірақ, әрине, бұл өркениеттілік пен жасампаздық басқа елге емес, алдымен өзімізге керек!
Сонымен, қазіргі ел тағдыры шешілер кезеңде Ұлы дала даналарының айтқандарын ескере отырып, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» айтсақ: бойындағы барлық қасиетін: қайтпас қайрат пен нұрлы ақылды қара халқым деп соққан жүрекке бағындыру арқылы Президент өзінің алға қойған мақсатына жеткенше аяғына дейін әрекетшіл-парасатты тұлға болып қалуды Қазақ елі күтеді. Бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек!
Сыздық САТАЕВ,
профессор