Қоғам • 02 Ақпан, 2022

Мал ұрлығы тыйылмай тұр

532 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

2018 жылы елімізде күн сайын орта есеппен 15-16 мал ұрлығы тіркеліп, қай өңірде болсын белең алып кеткен осы қылмыстың жалпы саны 5 636 болған екен. Ақ адал малынан айырылған шаруалардың жанайқайлары да жиі шығып жатқан еді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы маусымда Жамбыл облысы жұртшылығымен кездесу барысында мал ұрлығымен күресті күшейту қажеттігіне айрықша назар аударып: «Соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Бұған тыйым салу керек. Адал еңбек етіп, күнін кө­ріп отырған малшыларды қор­ғауы­мыз қажет. Заңды қатайтып, қыл­мыскерлерді сыбайластары­мен қосып, қатаң жазалау керек. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», деген еді.

Мал ұрлығы тыйылмай тұр

Бұ­ған қоса, Президент Ішкі істер министрлігіне, өңірлердің әкім­діктері мен жергілікті поли­цияға мал ұрлауға қарсы шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.

«Талап бар жерде тәртіп бар» демекші, нәтиже көп күт­тір­­ген жоқ. 2019 жылы елдегі мал ұрлығының саны 4 746-ға дейін төмендеді. Сол жылдың аяғында Парламент Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне жаңадан «Мал ұр­лау»188-1-бабын енгізді. Со­ған сәйкес мал ұрлағаны үшін қыл­мыскердің мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (биыл 8 миллион 751 мың теңге) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұ­мыстарына, не бес жылға де­йiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Алдын ала сөз байласу арқылы топтасып жасаған және ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау үшін ұрылардың мү­ліктерін тәркiлей отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Бірнеше рет және мал қораның, қашаның не­месе өзге де қойманың ауласы­на кiру арқылы жасалған мал ұр­лау үшін мүлкiн тәркiлеп, 5 жыл­дан 10 жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығынан ­айыру жазасы қарастырылды. Ал қыл­мыстық топ жасаған, сондай-ақ аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлығы үшін кінәлілердің мүл­кi тәркiленіп, 7 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы бап бойынша «мал» ұғымына ірі қара мал, жылқы, есек, түйе, ұсақ мал және шошқа жатқызылған.

Мал ұрлығының көбейіп ке­туіне ел ішіндегі ұрылармен аға­йынгершілік жолымен тату­ласу да теріс ықпалын тигізіп келген-ді. «Алдына келсе, ата­сының құнын кешетін» қазе­кем талай «барымташыны» ұр­лаған малын қайтарып, «ат-шапан айыбын» төлеп, кешірім сұраған соң түрмеге қаматпай, бостандықта қалдырған. Жұрттың осындай аямпаздығына сеніп, әбден құнығып алған ұрылар «үйреншікті кәсіптерін» одан әрі жалғастыра берген. Мәсе­ле­нің осы жағы да ескеріліп, Қыл­мыстық Кодекстің 68-ші бабына тиісті түзету енгізілді. Нақты айтқанда, татуласуға байланыс­ты қылмыстық жауаптылық­­тан босату қылмыстық топ құра­мында жасалған қылмыс жа­саған адамдарға және бұрын жа­саған қылмысы үшін татуласу арқылы жазадан босатылғаннан кейін белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ес­кі­ру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға қол­­данылмайтын болды. Бұ­ған қоса, мал ұрлаудың алдын алу үшін мал иелерінің жауап­кер­шілігін күшейту қажеттігі де ес­керілді. Осы мақсатпен Ауыл шаруашылығы министрі 2020 жылғы 29 сәуірде «Ауыл ша­руашылығы жануарларын жаю­дың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №145 бұйрыққа қол қойды. Бұл құжатта мал иелері­нің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жол берілмейтіндігі және қараусыз жүрген мал оның иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қоражайларға қамау­ға жататындығы көрсетілген. Сон­дай-ақ Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекстің 408-бабына өзгеріс енгізіліп, ауыл ша­руашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу ескерту жа­сауға немесе үш айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде (биыл 8 751 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады деп белгіленді.

Міне, осылайша, заңнама­­ның айтарлықтай қатайтылуының ық­­палы тиген болар, өткен 2020 жылы елдегі мал ұрлығы саны 3 441-ге дейін, яғни бұрнағы жылмен салыстырғанда 27,5 пайызға кеміген. Бұл оң үрдіс биыл да жалғасын тауып, өткен 10 айда мал ұрлау саны 1 873-ке дейін тө­мендеген, яғни былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 17,4 па­йызға азайған.

Дегенмен мал ұрлығымен кү­ресті босаңсытуға болмайды. Өйткені елімізде қазір күн сайын орта есеппен 6-7 мал ұрлығы жасалып отыр. Оның үстіне, кейбір өңірлерде мал ұрлау қылмысының саны әлі де көп. Мәселен, Алматы облысында 2019 жылы –1 065, 2020 жылы – 732, биылғы 10 айда 415 мал ұрлығы тіркелген. Ал Шығыс Қазақстанда 2019 жы­лы – 376, 2020 жылы – 371, осы жылғы 10 айда 201 мал ұрлығы жасалған. Бұл Жетісу мен кенді Алтай өңірінде бүгінгі заманның «барымташылары» айылдарын аса жия қоймағандығын аңғартса керек.

Мал ұрлығы Түркістан (2019 жылы – 649, 2020 жылы – 415), Батыс Қазақстан (2019 жылы – 407, 2020 жылы – 352), Қызылорда (2019 жылы – 405, 2020 жылы – 354), Жамбыл (2019 жылы – 253, 2020 жылы – 196) облыстарында да азайғаны шамалы.

Малмен күн көріп отырған ауыл адамдарына ауыр соққы болып тиетін осы қылмыс саны едәуір қысқарғанымен, неге ты­­йылмай тұр деген сауал ойландырмай қоймайды. ІІМ Кри­минал­дық полиция депар­та­мен­тінің бастығы Думан Таев­тың айтуынша, жоғалған мал­дың 70 пайызы жайылымнан ұр­ланады екен. «Малды қараусыз жібермей, бақ­ташы жалдау қа­жет, ал асыл тұқымды малды бағудың заманауи тәсілдеріне жүгінген жөн. Айталық, GPS-трекер қолдану жоғалған малды табуға да, басқа табынға қосылып кетсе, дау-дамайсыз дәлелдеуге де ыңғайлы. Міндетті түрде әр мал басын сырғалап, ен салдырған жөн», деді ол биыл БАҚ өкілдеріне арналған брифингте. Жалпы, полицейлер өткен жылы 1,5 мыңнан астам мал ұрлаушыны ұстаған, оның ішінде 211 ұйымдасқан топ бар. Қолды болған 14 мың бас малдың 6 мыңнан астамы ғана табылып, иелеріне қайтарыл­ған. Жұртшылықтың ашу-ызасын ту­ғызған ең сорақы қыл­мыс биыл Атырау және Батыс Қа­зақстан облыстары аумағында жа­салған. Осы өңірлерде ұйым­дас­қан қылмыстық топ мүшелері жа­йылымда қараусыз жайылып жүр­ген жылқыларды аңша атып өлтіріп, сол жерде сойып, ішек-қар­нын, терісін, басын қал­ды­рып кетіп жүрген. Ақыры олар да әш­кереленіп, «темір тор­дың арғы жағына» аттандыры­лыпты.

Өкінішке қарай, мал ұрлау­мен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қата­рын­да «тәртіп сақшылары» да төбе көрсетіп қалып жүр. Мы­салы, осы жылдың басында Түркістан облыстық Полиция де­пар­таментінде қызмет етіп жүр­ген 38 жастағы полицей Арыс кентінде тұратын, өзінен 10 жас кіші 2 жігітті қасына ертіп алып, көрші ауылдан 4 өгізшені ұрлау үстінде қолға түскен. Оның кінәсі сотта дәлелденіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылған, ал сыбайластарының әрқайсысы 3 жыл­ға сотталған.

Бұл деректер жұрттың маң­дай терін төгіп өсірген малын оңай олжа қылғысы келетін ұры-қа­ры­лармен күресті күшейте түсу қажеттігін көрсетеді. Осы орайда тұрғындарға мал бағу ережелерін түсіндірумен қатар, мал ұрлығының алдын алудың заманауи шараларын кеңінен қолдануға күш салынса, құба-құп. Сонымен қатар қолданыстағы заңнаманы одан әрі қатайту да қажет сияқты. Өйткені оның сол­­қылдақ тұстары барлығы се­зі­леді. Мәселен, біреудің малын топтаспай-ақ, жалғыз өзі әрі алғаш рет ұрлаған қылмыскер үшін жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі сақталып отыр. Бірақ осындай қылмысты «жал­ғыз өзім жасадым және мұн­дай қа­дамға бірінші рет баруым» деп ант-су ішіп алдап, ауыл­дағы кешірімшіл ағайынмен та­туласып жататын ұрының шын­дығында ұйымдасқан топтың мүшесі әрі нағыз баукеспенің өзі еместігіне еш кепілдік жоқ қой. Заңнамадағы осындай сол­қылдақтықтар кейбір қолы таза емес тергеушілер мен судья­лар­дың да әділдіктен аттап кетуіне жол ашып тұрған тәрізді.