Қоғам • 02 Ақпан, 2022

Араша сұрағандар аз емес

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасына қатысты негізсіз қудалауға ұшырағандардың  құқығын қорғап, бостандыққа шығару мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясы бір апталық жұмыс қорытындысын баяндады. Журналистер сауалына жауап берген заңгерлер, құқығы шектелгенін айтып араша сұрағандар легі азаймағанын айтады.

Араша сұрағандар аз емес

Бейбіт шеруге шыққан адал ниетті азаматтар мен арам пиғылды қаскөйлердің ара жігі ажыратылып, әр оқиға әділ таразылануы тиіс. Қоғамның талап етіп отырғаны осы. Көпшілікті алаңдатқан мәселені көкейге түйіп жазықсыз жандардың жапа шекпеуіне, қудаланбауына, заңмен қорғалуына  көмек көрсетуді көздеген белсенділер бүгінге дейін 36 азаматтың бұлтартпау шарасын өзгертуге атсалысып, яғни қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыруға қол жеткізген. Алматыда бастау алған комиссия жұмысы ендігі кезекте ел өңірлерін араламақ.

«2-ақпанда Талдықорғанға барамыз, одан ары оңтүстік өңірлерге табан тірейміз. Қылмыстық іс құжаттарын жіті зерттейміз. Үлгергенімізше азаматтар мен олардың адвокаттарын қабылдап жатырмыз. Тергеу изоляторы жағдайында камераларды аралап ондағылардың әрбірімен жеке жүздесіп  пікір алмасуға қол жеткіздік. Республикаға белгілі құқыққорғаушылармен және қоғам қайраткерлерімен де ақылдасып біраз оңды нәтижеге қол жеткізген жайымыз бар. Тұрғындардан Семей қаласында аталған жайға қатысты проблемалар өршігенін естіп, сол өңірге белгілі заңгер Ерлан Қалиев арнайы барды. Ол жергілікті прокоратура өкілдерімен бірлесе отырып іс-қимыл жасауға комиссия атынан кірісіп кетті», дейді комиссияның құрылуына мұрындық болған заңгер Абзал Құспан.

Көптеген желі қолданушылары өз жазбаларында тергеу-тексеру жұмыстарының әділ әрі ашық өтуін сұраған. Бірқатар сарапшылар да бұл пікірді қуаттап «айран ішкен құтылып, түбін жалағандар тұтылмаса» дейді. Комиссия мүшелері осы сарындас хаттар мен өтініш-тілектердің әлі де көптеп келіп жатқанын атап өтті.

– Тап қазіргі кезде қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған әйел адамдарды, он сегізге толмаған жас балаларды және жарақат алған-алмағанына қарамастан қолына қару ұстап қаланы талқандамаған, тонау мен ұрлыққа қатыспаған, ешкімді ұрып-соқпаған, алайда өз азаматтық үнін білдіріп бейбіт шеруге шыққандарды босатуды  сұрағымыз келеді. Олардан қоғамға ешқандай қауіп жоқ. Олар әккі қылмыскерлер емес. Ең құрығанда тергеу аяқталғанға дейін оларды қоғамға қауіпсіз деп санап, қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыруын сұраймыз. Жалғыз Алматыда ғана емес,  барлық өңірлерде осындай жағдайлар орын алғанына көзіміз жетіп отыр. Құқық қорғау органдарына, прокоратураға осындай мәселе қойып отырмыз. Абыр-сабыр кезінде түрлі жағдайлар орын алуы бек мүмкін. Оқиға орын алған маңнан өтіп бара жатып кездейсоқ қолға түскендер де табылып жатыр. Олардың жазықсыз жапа шекпеуі, қосақ арасында кетіп қалмауы, отбасына аман-сау оралуы маңызды. Осы тұста тағы бір тоқтала кетер жай,  «Аманат» қоғамдық комиссиясының атын жамылып тергеу изоляторына  бір топ адамның келгені жөнінде хабар келді. Олар қамауда отырғандардың туыстарымен кездескен көрінеді. Ол азаматтар бұл әрекеттерді қандай пиғылмен жасап отырғаны бізге беймәлім. Алайда біз азаматтарды сақтандырғымыз келеді. Осындай қиын-қыстау сәтті пайдаланып, өзінің бас пайдасын күйттеп кететіндер табылуы мүмкін. Сол себепті «Аманат» қоғамдық комиссиясының жұмысы тегін екенін хабарлаймыз, –  дейді адвокат Мәди Мырзағараев.

Қоғам тарапынан қаңтар оқиғалары кезінде ұсталғандарға қысым жасалып жатыр деген сарындағы үнқатулар жиілеген тұста Мемлекет басшысы аталған жайға қатысты пікір білдіріп, «Бас прокуратураға басқа адамдардың кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды тапсырамын. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн», деп мәлімдеме жасаған болатын.  

Заңгерлер бір ғана Алматы қаласының өзінде бүгінге дейін қылмыстық іске тартылған 200 адаммен жүздесіп, ұсталғандардың іс-материалымен танысқандарын жеткізді. Комиссияның құрылғанына небәрі апта толғанын ескерсек, құқықтық көмек көрсету әлі де жалғаса бермек.