Аймақтар • 02 Ақпан, 2022

«Жетісу» радиосы алғашқы хабарын таратты

543 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың ақпарат кеңістігі тағы бір радиоарнамен толықты. Енді әуе толқынында «Жетісу» радиосы өз хабарларын тарата бастайды. Аймақтағы жедел ақпарат жеткізетін алғашқы радио Алматы облысындағы шекаралық аймақтарға, интернет байланысы шектеулі ауылдарға да қол жетімді болмақ, деп жазады Egemen.kz.

«Жетісу» радиосы алғашқы хабарын таратты

«Радионың негізгі бағыты – ақпараттық-танымдық. Қазақтың ұлттық, рухани дүниелерін көбірек насихаттауға басымдылық беріледі. Таңғы ақпараттық-сауықтық хабар, түрлі саладағы тұлғалармен сұхбат, көңілге ой салар танымдық бағдарламалар, әсем ән, әуезді күй, маңызды әрі қызықты жаңалықтар легі... тұрғындар бәрін енді «Жетісу» радиосынан тыңдайды деген сенімдеміз. Бағдарламалардың ішінде «Бір әннің тарихы», «Қайраткер», «Білте шамның жарығы», «Ойтолғақ», «Шапағат», «Ғибрат» сияқты ғибраты мол хабарлар тыңдарман көңілінен шығады деген үміт бар. Елдегі маңызды оқиғалар күніне бірнеше мәрте «Жаңалықтар» арқылы жұртқа жетеді», дейді «Жетісу» радиосының бас редакторы Есболат Айдабосын.

Радио ұжымына белгілі журналистермен қатар әмбебап техника мамандары жиналыпты. Олардың қатарында Айнұр Төлеу, Мұхит Тоқтасын, Салтанат Жексембек, Аршын Айдынбекұлы сынды редакторлар еңбек етеді. Ал музыкалық әрлеу, қадағалау Мақсат Арыстанбаев пен дыбыс режиссері Сафа Серғазының мойнында екен. Шығармашылық құрам алдағы уақытта тағы да жаңа мамандармен толыға бермек. 

«Біраз жыл бұрын марқұм Бейсен Құранбек, Досан Қызайбекұлы үшеуміз  қатар отырып, сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталовқа шекара маңындағы аудандардың қытай тілінде хабар тыңдап отырғанын, өңірге радио жиілігі аса керек екенін жеткізіп едік. Мақұл деген келісім алдық. Содан беріде том-том қағаз жинадық, екі-үш байқауда ірі радиолар алдымызды орап,  сүріндік. Былтыр министрлік конкурсын   ұтып,  түрлі инстанциялардың келісімін алдық. Есболат пен Айнұр топ жинап, радиохабардың қыр-сырын меңгеруге кірісті. Енді, міне, бар ауыртпалықты артқа тастап, әуе толқынына шығар сәтке келдік. Өткенде тілдескенде аймақтың жаңа әкімі Қанат Бозымбаев та аймаққа ақпарат беру аса маңызды екенін айтып еді. Құдай қаласа, Жетісудың ең қиырдағы ауылдары қазақша ән-күй, хабар тыңдайтын болады. Ең әуелі Талдықорған қаласы, Көксу, Ескелді аудандары  тыңдарман болмақ.  Одан кейін қытайлық радиодан мезі болған Жаркент, Алакөл өңірі кезекте тұр. Райымбек ауданының шекара маңындағы ауылдарына да қондырғы орнатылады. Балқаштың сонау қиырдағы Құйған ауылы да елдің тыныс-тіршілігін біліп отырады», деді «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы.

Айта кетейік, «Жетісу»  радиосын облыс тыңдармандары тәулік бойына әр өңірде әртүрлі жиілікте тыңдай алады. Мәселен, Талдықорған қаласында -107.2, Жаркент-106.5, Текелі -104.8, Үшарал-104.3, Лепсі -103.8, Балқаш ауданы, Балатопар елдімкенінде -102.1, Құйған - 101.7, Райымбек ауданындағы Қызылұш, Жалаңаш ауылдарында 100 жиілігінен қосылуға болады.