Сондай-ақ Тараз қаласындағы Хасан Бектұрғанов, Александр Пушкин, Асанбай Асқаров көшелерінің бойындағы ғимараттарды да тарихтан тамыр тартып, өткен шақтан сыр шертіп тұрған баға жетпес жәдігерлер қатарына жатқызуға болады. Салынғанына алды бір ғасырдан асқан нысандар көне шаһардың сол кездегі сәулеттік келбетін айшықтап, көркем кеңістігін көз алдымызға әкеліп тұрғандай әсер қалдырады.
Мәселен, Пушкин көшесіндегі ең көне ғимарат 1898 жылы салынған. Бұл тарихи нысан көпес Губановтың азық-түлік дүкені болған. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық ғимарат сипатында сақталған бірден-бір сауда орны. Бүгінде бұл ғимарат «Букинист» кітап дүкені ретінде жұмыс істеп тұр. Ал 1907 жылы академик К.И.Скрябиннің үйі ретінде салынған ғимарат та әлі бар. Аталған нысан кеңес кезінде экскурсиялық нысан ретінде Бүкілодақтық туристік маршрутқа енгізілген. Бұл нысан бүгінгі Асқаров көшесінде тұр. Сол сияқты, қазіргі Пушкин көшесінде 1910 жылы сауда ұйымы ретінде салынған дәріхана ғимараты орналасқан. Ал Әулиеата кезеңіндегі тұрғын үй сәулет өнерінің ескерткіші болып саналатын тарихи ғимарат сол кездегі «Современник» кооперативі ретінде 1910 жылы салынған. Сонымен қатар бұл көшелерде 1904 жылы салынған мал дәрігерлік дәріханасының, 1910 жылы салынған №1 қалалық моншаның ғимараты және өзге де тарихи нысандар бар. Аталған тарихи ескерткіштер негізінен «Әулиеата» кезеңіне жатқызылады. Бүгінде Тараз қаласындағы Бектұрғанов, Пушкин, Асқаров көшелерінде орналасқан XIX-XX ғасырдың басында салынған осындай 24 мәдени ескерткіш бар. Аталған аумақ «Көне Тараз» қалашығы аумағымен шектеседі. Алайда қазіргі кезде шаһардағы бірқатар тарихи нысандардың тозығы жетіп тұр. Осы күнге дейін уақыттың дауылы мен жауынына төтеп берген ғимараттардың сыртқы сылағы түсіп, іші опырылып, тіпті құлауға айналған. Мемлекеттің қорғауында тұрған кейбір нысандар енді қазір қараусыз қалғандай күй кешіп тұр. Мәселен, бүгінгі Бектұрғанов көшесінде орналасқан бір кездегі көпестер үйі болған ғимараттың тоз-тозы шыққан. Тіпті бұл орын қаңғыбастардың мекеніне айналып үлгерген. Нысанның қабырғасында «Әулиеата кезеңіндегі архитектуралық ескерткіші мемлекет қорғауында» деген жазу болғанымен, оның қорғалып тұрған сыңайы байқалмайды. Көңілден ұмыт, көзден таса қалған ескерткішті елеп жатқан да ешкім жоқ.
Әкімдердің өңірді дамыту туралы түрлі жиындарында «Әулиеата» кезеңіне жататын ескерткіштер тұрған аумақты абаттандыру жайлы айтылғанымен, ол іс жүзінде орындалмай келеді. Былтыр Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев тиісті азаматтарды жинап, осы мәселені көтеріп еді. Бірақ содан бері бір жыл өтсе де, қалпына келген нысан көрінбейді. «Бұл нысан мемлекет тарапынан қорғалып емес, қорланып тұр. Осы жайды қала әкімі Ержан Жылқыбаев ардагерлер өкілдерімен кездесіп, әңгімелескенінде экс-сенатор Александр Савченко алғаш айтып еді. Одан бері арада он ай өтіпті. Өзгерген ештеңе жоқ. «Баяғы жартас, сол жартас» күйінде. Маңайынан ары-бері өтіп жүріп, бұл үйдің қаңғыбастар баспанасына айналып үлгергенін, тіпті ішкі қабырғасы толайым құлап қалғанын байқадық. Шынын айтқанда, әкімнің ақсақалдармен ақылдасуын жақсылыққа жорып, қаланы көркейту жолындағы берекелі іске білек сыбана кірісетін-ақ шығар деп күткен едік», дейді қала тұрғыны Баймаханбет Ахмет. Сол жерде келелі кеңес өткенімен, кейіннен мұның соңы саябырсып қалған. Көне шаһар төріндегі тарихи нысандардың бүгінгі жай-күйі осындай болып тұр.
Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесінің директоры Қуаныш Дәуренбеков облыс орталығындағы бұл нысандардың шын мәнінде тарихи жәдігер екенін айтып, олардың өкінішке қарай, бүгінде жекенің қолына өтіп кеткенін жеткізді. Сонымен қатар аталған ғимараттарды абаттандыру және инфрақұрылым жұмыстарына қала әкімдігі жауапты екен. Осы орайда Тараз қалалық архитектура бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеев аталған мәселе жөніндегі жұмыстарға тоқталды. «Тараз қаласында арнайы қорғауда тұрған 119 мәдениет және сәулеттік ескерткіш бар. Осыған орай аталған аумақты қайта құру бойынша эскиздік жобасы ұсынылып отыр. Жобаның жалпы ұзындығы 800 метрді құрайды. Бектұрғанов көшесіндегі ғимараттарды сол баяғы кездегі үлгісімен қайта жобалау және жол жиегіндегі жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейтіп, веложолдар салу жоспарланып отыр. Пушкин көшесінің біржақты жол болуына орай жолдың бір бөлігін «Көне Тараз» кешені аумағына дейін жалғастыру ұсынылуда. Сонымен қатар жобада кіші архитектуралық формалар, орындықтар, тренажерлық элементтер қарастырылған. Алдағы уақытта жоба жүзеге асқан жағдайда бұл қала тұрғындарының демалыс орнына айналады. Тараз қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің тарапынан жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, алдағы уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады», дейді бөлім басшысы.
Қазіргі кезде тарихи Тараз қаласын абаттандыру жөнінде бірқатар жоба қолға алынуда. Бір сөзбен айтқанда, көне шаһардың тарихи-мәдени кеңістігін қайта жаңғыртып, тұтас галереясын жасау жоспары тұр. «Әулиеата» кезеңіне жататын көне нысандардың енді өзіне де, аумағына да абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, туристік орталыққа айналдырса, Тараздың сәулеті бұдан да артып, келбеті одан әрі айшықтала түсетін еді...