Қоғам • 02 Ақпан, 2022

Кедейлік шегі жалаң статистикамен өлшенбейді

1557 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаев 11 қаңтарда Мәжілісте сөйлеген сөзінде Үкіметке «Ауыл –
ел бесігі» және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары шеңберінде еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінің тұрғындары үшін мақсатты жобалар әзірлеуді тапсырды. Мұның аясында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары арқылы жұмыссыз жастарды еңбекке ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашуды құзырлы органдарға жеделдете іске асыруды міндеттеді.

Кедейлік шегі жалаң статистикамен өлшенбейді

Осы күнге дейін ел Үкіметі еңбек на­рығын қалыптастыру мен тұрақ­тан­дыруға арналған стратегиялық бағ­дар­­лама ұсына алмағаны өз алдына, еңбек нарығындағы қайшылықтарды көзге ілмеуі ел ішінде әлеуметтік шие­ле­ніс­тер­ді тереңдетіп жіберді. Осыдан келе қаңтар оқиғалары жалаң популизм мен нау­қаншылдықтан әбден шаршаған осал топтардың мәселесін терең зерделеуді күн тәртібіне әкелді. Бұл жерде ең бас­ты мәселе – әлеуметтік жағынан аз қор­ғал­ған әлсіз отбасыларға көмектесу, ең­бекке жарамды мүшелерінің табыс табуға ұмтылыстарын арттыру. Бірақ бұл ескі тәсіл қазіргі жағдайда қалайша тиім­ді жолдармен іске асырылады?

Ұлттық статистика бюросы 2021 жыл­­дың желтоқсанында еліміздегі бір жұ­­мыс­кердің орташа еңбекақысы 268 051 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы орташа табысы 131 мың теңгеге жетті деп мәлімдеді. Алайда жылдың соңында инфляция шарықтап, негізгі азық-түлік бағалары өсіп, қым­бат­шылық әр отбасының босағасына ұялағанда жұртты көшеге шығарған «Қаңтар қақтығысы» жағдайдың мүлде басқа екенін көрсетті. Парламент депутаттары ел Президентінен өңірдегі көп адамның жалақысы 50 мың теңгенің шамасында деп естіді. Қала тұрғынына қарағанда ауыл тұрғыны екі есе аз табыс табатыны да осы жерде ашық айтылды.

Қалай болғанда да кедейшіліктің ше­гіне жеткен әр отбасының жағдайын те­рең зерделеу қажет. Әр адамның тағ­ды­ры бір-біріне ұқсамайтыны сияқты, әр отбасының ішкі тіршілігі де бір-бірінен өзгеше. Әдетте отбасының қоғамда берік орнығуы еңбекке қабілетті ересектерінің еңбекқорлығы мен талапшылдығы, білім деңгейі, белгілі бір кәсіпті кәсіби түрде меңгеруі мен тұлғалық өсуі ар­қы­лы қа­лып­тасады. Айта кететін бір жайт, әлеу­меттанушылар әбден шегіне жеткен жоқшылық пен надандықтың қабаттаса жү­ретінін жарыса жазады. Екінші жа­ғы­н­ан, өмірдің қиын сынағына түс­кен­де айналасындағылардан мораль­дық қолдау көрмеген кейбір жандар өмірге өкпелеп, қоғамнан өгейлене бастайды. Осыдан көрініп тұрғандай, әлеуметтік кедейліктен еңселері езілген жандарды батпақтан дер кезінде суырып алуға қауқарлы қуатты қолдар мен қоғамның қырағы көздері керек.

Еңбекке араласатын жастардың бел­гі­лі бір салада орнын таппауы олар­дың басым көпшілігінің сағын сынды­рып, өмірден баз кештіріп, түңілдіріп, мар­гиналды топтарға айнадырады. Өмірге өкпелі жандар көбейсе, тұрақты­лық­ты шай­қалтуға себепкер топтар да әп-сәтте олардың араларынан табыла ке­­те­ті­ні сөзсіз. Сондықтан да өз ор­та­­­мыз­дағы жандардың әлеуметтік қиын­дықтан шығуына көмектесуіміз керек. Жасыратыны жоқ, мемлекетіміз осы кезге дейін қоғамның осал топтарын түрлі әлеуметтік бағдарлама ар­қылы қолдап келеді. Мәселен, аз қам­тыл­ған және көпбалалы отбасылар төрт жылдан бері мемлекеттен төрт түр­лі көмек алады. Оған көпбалалы ана­ларға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті ор­ган­дардың шешімдерімен берілетін бір­жолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификатын жат­қызуға болады. Бұдан өзге жеке адам­дардың қайырымдылық көмектері бар. «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмыссыз тұрғындар кәсіптік бағдар беру курстарында оқып, 600 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар алып, шағын кәсіптерін ашты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойын­ша жаңадан іс бастаушыларға несие­лік портфельдерді қолжетімді етіп, кепіл­дендіру мөлшерлемесін азайтты. Жасы­ратыны жоқ, көршілес мемлекеттерде еліміздегі сияқты кәсіпкерлікті дамы­ту­ға арналған жұртшылыққа ыңғай­лы бағдарламалар жоқтың қасы. Соған қарамастан ел ішінде кедейшіліктің қамы­тын кигендер қатары азаймай келе­ді. Ресми статистика 2021 жыл­дың соңында 15-28 жас арасындағы жұмыс­сыз жастардың көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,7%-ға өскенін көрсе­теді. Таратып айтқанда, жастар жұмыс­сыз­дығы Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарында артса, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарында азайған. Бірақ бұл дерекке де күмәнмен қарау керек. Өйткені жұмыссыздық деңгейін әбден бүркемелеуге лайықталған «өзін-өзі қамтығандар» санаты тағы бар.

Қазіргі кезде жұмыссыз жастың әлеуметтік бейнесі мынадай. Көпшілігі 20-27 жаста. Кәсіптік-техникалық учи­ли­ще не колледж бітірген, бірақ ма­ман­дығы бойынша жұмыс істемейді. Тұрақты табысы жоқ. Білім деңгейі орташа, кәсіби маманданбаған. Әскерге ба­руға ықыласты емес. Әлеуметтік жа­ғы­нан қорғалмаған, тұрақты табысы не лайықты білімі жоқ осындай жаңа отау құрған жастар қалайша өз бетімен тіршілік етеді? Сөздің шынына келгенде, ата-аналарының көмегінсіз жас отбасылар аяқтан тұрып кете алмайды. Ал көмектесетін ешкімі болмаса ше?

Біз ауыл­дағы жас отбасылардың әлеу­мет­тік жағ­дайын зерделеу мақса­тын­да екі көпбалалы анамен хабарластық. Біріншісі – 29 жастағы бала күтімімен отырған жас келіншек. Төрт баласы бар, үлкені мектептің 4-сыныбында, екіншісі 2-сыныпта, одан кейінгісі балабақшада, ең кішісі 1 жасқа толмаған. Мемлекеттен төрт балаға ай сайын 47 мың теңге жәрдемақы алады. Күйеуі Ақтөбедегі бір колледжді технология пәнінің мұға­лімі мамандығы бойынша бітірген. Өзі тұр­мысқа шыққанға дейін қаладағы жеке­меншік колледждердің бірінде балабақша тәрбиешілігіне оқыған. Аудан орталығында жұмыс таба алма­ған­­дықтан, алыс ауылға көшіп келіп, күйеуі мектептің шаруашылық мең­геру­шісі болып жұмысқа орналас­қан. Оның жалақысы – 65 мың теңге. Осылайша, балалар жәрдемақысы мен отағасының жалақысын қосқанда жас отбасының айлық кірісі 112 мың теңгені құрайды. Келіншек өткен жылдың үшінші тоқ­са­нында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсырып, сол жылдың қара­ша­сында 20 мың теңге алған. Өткен желтоқсанға әлі түспепті. Олар ауыл­да­ғы әке-шешесінің ескі үйінде тұрады. Ата-енесі аудан орталығында басқа баласымен бірге тұрады. «Балалардың қыстық киімі өте қымбат болғандықтан, төрт балаға бірдей сатып ала алмаймыз. Биыл 4-сыныпта оқитын үлкеніміз бен бала­бақ­­шаға баратын ұлға ғана қалың күрте мен етік алдық. Үнемдегеннің өзін­де де бір баланың қысқы киімі мен аяқ киіміне 50 мың теңге кетті», дейді көпбалалы ана. Өткен жылмен салыстырғанда бір баланың жәрдемақысы 3 мың теңгеге өскен. 25 килолық бір қап ұн ауыл дү­ке­нін­де 5 500 теңгеге сатылады. Осын­дай жағдайда жас отбасыларға нақты көмек көрсетілуге тиіс.

Екінші мысал – кәмелетке толмаған бес баласы бар, 45 жастағы жалғызбасты әйелдің тұрмысы. Ері былтыр көлік апа­тынан қайтыс болған. Ересек баласы 9-сыныпта оқиды. Ортаншылары мектепте, ең кішілері – бес жастағы егіз бала. Асыраушысынан айырылғаны үшін балаларына мемлекеттен 134 мың теңге жәрдемақы алады. Жұмыссыз. Аудан­дық жұмыспен қамту мекемесіне өтініш білдіргенде, мұнай компания­сына вахталық жұмыс ұсынылған. Жұмыс­шылардың жатақханасын жинап-тазалайтын жұмыс. Айлығы 100 мың тең­ге­нің шамасында. Бірақ жалғызбасты ана бес баласын, қорасындағы малын қарау­сыз қалдырып, 15 күнге кете алмайды. Былтыр ауыл әкімі көмегімен мау­сым­дық жұмысқа қабылданды. Қыста ауыл көшелерін қардан тазаласа, жазда қоқыс алаңдарын жинады. Айлығы – 79 мың теңге. Бірақ бұл да тұрақсыз жұмыс болды, үш айдан соң шығарып жіберді. Әдетте үш айдан соң еңбек биржасында тіркеуде тұрған келесі жұмыссызға орнын босатуға тиіс. Жазылмаған заң солай. Өткен жылдың желтоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тап­сырғанымен, қабылданбады. Себебі асы­раушысынан айырылғаны үшін бері­ле­тін жәрдемақы жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен 1 900 теңгеге асып кеткен. Қорасында екі сиы­ры, ұсақ қой-ешкісі бар. Бірақ ауылда мал ұстау оңай емес. Бір қап арпа 4 300 теңгеге, құрамажем қабы 2 300 теңгеге сатылып жатыр. Тығыздалған бір бума шөпті жаз айында 300 теңгеден сатып алған. Қазір осындай шөп 500 теңгеден сатылады. Мұндай отбасыларға жеке-дара көмек керек.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­­меттік бағдарламалар бас­қар­ма­сы­ның басшысы Асланбек Шүйінша­лиев­тің хабарлауынша, 2020 жылы Ақтөбе облысында кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан 6 131 отбасы есепке алын­ған. Былтыр жан басына шаққанда айлық табыс­тары күнкөріс шегіне жетпейтін осы отбасы мүшелеріне мемлекеттен
1 млн 818 мың теңге АӘК тағайындалса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі 19 172 жасөспірім жалпы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 62,6% -ын құрады. Был­тыр 2 982 ақтөбелік АӘК алып, осылайша өте кедей тұрмысы бар отбасылар саны бір жылдың ішінде 564-ке азайған. Азаю себебі, отбасының ересектеріне жұмыс тауып берген.

Мемлекеттің ұстанымы анық: отба­сы­ның дені сау ересек мүшелері, әке-шешесі жәрдемақыға жан бағып отырмай, жұмыс істеуі керек және бірінші кезекте олар бала-шағасын тарықтырмау үшін жауап­кершілігін сезінуге тиіс. Мемле­кет жұмыс тауып береді. Бірақ еңбек­ақы аз деп қашқақтайтындар да бар. Мәселен, өткен жылы АӘК алу­шы­лар арасынан 837 еңбекке қабі­лет­ті азаматқа жұмыс ұсынылды. Соның нәтижесінде 402 адам тұрақты жұмысқа, 319 адам уақытша маусымдық жұ­мыс­тар­ға тартылды. Сондай-ақ 116 адам қайтарымсыз грант алып, кәсіп аша бастады. Өткен жылы АӘК алушы отбасылардың 1-6 жас аралығындағы 8 809 сәбиіне азық-түлік пен бір реттік қол­даныстағы жөргектер берілді. Оның жал­пы сомасы бюджетке 438,7 млн тең­геге түскен. Бұл кепілдендірілген әлеу­меттік топтамаға кіреді. Сондай-ақ 372 отбасы 303,1 млн теңгеге тұрғын үй сертификатын алған.

Дегенмен де, жоғарыда атап өтке­ні­міз­­дей, өңірде жастар мен әйелдердің жұмыссыздығы бірінші орында тұр. Нарық сұранысына орай мамандар даяр­лау колледждердің материалдық-тех­ни­калық базасын күшейту мен білікті оқытушыларды тартумен тығыз байланысты. Осы жұмыстар өңірдің еңбек на­ры­­ғын терең зерттеу негізінде ғана іске асы­рылуы керек. Ауыл кәсіпкерлігін да­мы­ту да – жұмыссыздықты азайтудың құ­­рамдас бөлігі.

Бірақ бір нәрсе айқын – дені сау, еңбекке қабілетті әрбір адам өз қабілеті мен қызығушылығына қарай белгілі бір кәсіпке мамандануы үшін ең әуелі өз мүмкіндігін жақсы білуге тиіс. Жас маман­ның жақсы маманға айналуы қысқамерзімді шара емес екенін бәрі де біледі. Еліміздің еңбек нарығына сыртқы әлемдік дағдарыс үнемі әсер етеді, экономиканың белсенді салаларының жан­дануынсыз, жаңа жұмыс орындары да ашылмайды. Өзіміздің ішкі өнім­де­рі­мізді өндіру көлемін арттырма­йынша, ауыл кәсіпкерлігін кедергісіз аяқтан тұрмаса, жұмыссыздықты түп-тамы­рымен жою да мүмкін емес. Қыс­қа­сы, бұл жерде еңбек нарығын реттейтін мықты оператор керек.