Медицина • 03 Ақпан, 2022

Алапестің алдын алу мүмкін бе?

2269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғасырлар бойы адамзат баласы аурудың алуан түрімен арпалысып келеді. Ет пен сүйектен жаратылған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайтыны анық. Әсіресе, жұқпалы аурулардың жағадан алып жататыны бар. Соның бірі алапес дерті дер едік. Бүгінде Қазақстан аумағында аурудың дәл осы түріне шалдыққан науқастар саны 297 адамды құраса, олармен байланыста болып, кейін тіркеуде тұрғандар саны 220-ға жетіп отыр.

Алапестің алдын алу мүмкін бе?

Алапесті кей кезде Хансен ауруы­ деп те жатады. Бұл дерт ағзасы «нашар қарсылық ететін» адамдарға жұғу арқылы тарайды. Алапес кең тараған жерлерде балаларды, әсіресе алапеспен ауыратын адаммен бірге тұратындарды әр 6-12 айда тексеріп тұрған жөн. Дәрігер мамандар тұтас денеде, әсіресе бетте, қолда, арқада, жамбаста және аяқта ақтандақтың бар-жоғын назарға алу қажеттігін айтады.

Әрине, 297 отандасымыздың алапеспен ауырғаны жан жабырқататын жағдай. Алайда бұл көрсеткіш елдегі алапес ауруының төмендегенін бай­қатып отыр. Соңғы 10 жылда – 5, аурудың қайталануымен 4 науқас анықталды. Бүгінде науқастар арасында балалар мен жасөспірімдер жоқ. Есепте тұрғандардың орташа жасы – 68 жас. Ең жас азамат 40 жаста болса, ең ересегі – 91 жаста. Алапеспен халықтың тек ересек тобы ғана ауырады. Бұл жағдай аталған инфекция ошақтарының сөну көзіне тән.

Қазақстанда алапесті осыдан жүз жылға жуық уақыт бұрын, яғни 1929 жылдан бастап КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР-де лепрозорий ұйымдастыру туралы шешім қабылданған кезде емдей бастады. Бүгінде Қазақ еліндегі лепрозорий – ерекше емдеуді ғана емес, өз пациенттерін оңалтуды да жүзеге асыратын ерекше үлгідегі мамандандырылған емдеу мекемесі. Лепрозорий Қызылорда облысында орналасқан. Екі диспансері бар. Пациенттердің арасында тұрақты медициналық күтімді қажет ететін мүгедектер, үйсіздер, бас тартушылар, туыстары жоқ және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ науқастар, әлеуметтік баспанаға мұқтаж адамдар бар. Алапеспен ауыратын науқастар дертінің қайталану қаупіне байланыс­ты өмір бойы диспансерге алынады.

Алапесті емдеудің бүкіл тарихында ел дәрігерлері әртүрлі тәсілдерді қолданды. Бастапқыда іс-шаралар негізінен науқастарды анықтауға және оқшаулауға бағыт­талды. Кейін химия терапияны жүргізу міндеті бірінші орынға қо­йыл­ды. Бүгін­де алапес ауруының ал­дын алу һәм науқастарды оңалту – өзек­ті мәсе­ленің бірі саналады.

– Бүгінде аурудың алдын алу мәсе­лелеріне маңызды мән беріле­ді. Алайда алапес ауруының ерте клини­каға дейінгі алдын алу мәселелері өкінішке қарай, әлі зерттелуде. Бұл ретте, қайталама профилактика, ала­пес салдарларын (асқыну­ларын) емдеу, аурудың қайта­лануының алдын алу басым міндет болып қала береді, – дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Асылхан Әбішев.

Дәрігерлер науқастарға қатысты стигма мен лепрофобияны халық арасында ғана емес, медицина қыз­меткерлері арасында да бар деп отыр. Бұл пациенттердің толыққанды медициналық және әлеуметтік көмек алуына теріс әсер етеді. Халықаралық ұйымдардың анықтамасы бойынша Қазақстанның алапеске қатысты эндемикалық аудандары айқын иммундық жеткіліксіздігі бар адамдар тұратын экологиялық апат аумақтарына жатады. Бұл жағдай дертке шалдығу қаупін арттырады.