Экология • 03 Ақпан, 2022

Суды үнемдеу үмітті ақтай ма?

464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл да дарияның деңгейі төмен. Жазда арнасы түскенімен, қыста толып ағатын өзенің қауқары бұрынғыдай болмай тұр. Әйтеуір, былтырғы бастама нәтижесінде Аралдағы көлдер жүйесінің тола бастағаны ғана көңілге медеу.

Суды үнемдеу үмітті ақтай ма?

Судың аздығы көктем шыға егіс қамына кірісетін шаруаның күдігін көбейтіп отыр. Осыған байланысты «Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайын­да елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы» жобасы әзірленіп, Үкіметке ұсыныс жолданды.

Дария деңгейі, суды үнемдеу мәселесі облыс әкімі Гүлшара Әбді­қалықова мен Экология, гео­логия және табиғи ресурс­тар министрлігі Су ресурс­тары комитетінің төр­ағасы Нұр­лан Алдамжаровтың кез­де­суін­де де талқыланды. Өңірде су тапшы­лығы зардабын азайтудың жолы сөз болған жиынға ауыл шаруа­шы­лығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары мен су шаруашылығы саласындағы ­инспекция жетекшілері қатысты.

Облыс басшысы былтырғы веге­тациялық кезең күрделі жағ­дайда өткенін атап өтіп, осы күні де Шардара су қоймасына түсіп жатқан су көлемі көңілдегідей еместігін жеткізді.

– Егер қазіргі деңгейден кө­беймесе, вегетацияға дейін Шар­да­ра су қоймасы ғана толып, Көк­сарайға мүлдем су жиналмай­тын қаупі бар. Бұл жағдайда облыс­тағы күріш егісінің көлемін айтар­лықтай қысқартуға мәжбүр боламыз. Қазір шаруашылықтар тұ­қым, тыңайтқыш дайындау, егіс алқап­тарын жоспарлауға кірісіп, көктемгі науқанға әзірлікті бастап кетті. Жаңақорған ауданындағы 30 мың гектар егістікті сумен қамтамасыз ету үшін су тоспасын салу да өзекті мәселенің бірі болып отыр.

Жалпы, су тапшылығының алдын алу үшін Жол картасында қаралған жобаларды іске асыруға министрлік көмек береді деп үміт­тенеміз, – деді өңір басшысы.

Аз суды үнеммен пайдаланудың түрлі жолдары қарастырылуда. Мысалы, қашыртқы суды қайта пайдалану үшін «Қазсушар» РМК облыстық филиалына 67 насос қон­дырғысын алуға қаржы бөлінуі керек. Бұған мүмкіндігіне қарай облыс бюджетінен де қарастырылып жатыр. Осы жылы 20 каналды тазалап, елді мекендерге 23 насос алып беруге ақша бөлінді.

Кеңесте Су ресурстары коми­тетінің төрағасы Нұрлан Алдам­жаров тапшылықтың басты се­бебі климаттық факторларға бай­ла­­нысты екенін айтып өтті. Ди­қан­дарды егінді қолда бар суға шақ­тап егіп, шаруашылық басшыларын суды үнемдеп пайдалануға шақырды.

Кездесуде облыс аумағында су қоймаларын салу да сөз болды. Қара­өзек арнасынан құрылысы жос­парланып отырған қойманың сы­йымдылығы – 775 млн текше метр. Жалпы құны 1,9 млрд теңге бо­латын құрылыстың жоба­лық сме­талық құжаттамасы респуб­лика­лық бюджет есебінен әзір­лен­ген. Мемсараптаманың қоры­тын­дысынан кейін құрылысы басталады.

Облыс әкімі мәселелерді түйін­дей келе, тиісті мамандарға шаруа­ларға су үнемдеудің тиімділігін түсін­діру қажеттігін айтып, нақ­ты іске уақыт оздырмай кірісуді тапсыр­ды.

 

Қызылорда облысы