Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өкінішке қарай, су айдындарының басым бөлігі заңды тұлғаларға бекітілмеген. Атап айтсақ, 215 тоғанның 159-ы – иесіз. Олардың жағдайын жергілікті әкімдіктің мамандары бақылап отыр. Ал иесі бар су айдындарындағы тіршілік басқаша.
Жасыратыны жоқ, су айдындарын пайдалануға алған кәсіпкерлердің кейбіреуі балық ресурстарын көбейтуге және оларды қорғау үшін тиімді жолдарды қарастыруға аса құштар емес. Қаланың бірнеше бұрышында балық сатылғанымен, павлодарлықтар делдалсыз жаңа ауланған балық сатып ала алмай жүр. Ауылдағылардың да су жағасында тұрып, бал татыған балық сорпасын ішіп отырғаны шамалы. Себебі су қоймаларын меншіктеп алған қожайындар өзен-көл жағасын қызғыштай қорып жолатпайды. Бұл ретте, соңғы жылдары су қоймаларын пайдаланушыларға қойылатын заңды талап күшейгенін атап өткен жөн. Бұрын су айдыны 1 жылға жалға беріліп, меншік иелері қалай болса солай пайдаланып, тоғанның астан-кестеңін шығаратын. Қазір суды жалға алу мерзімі 10-49 жыл аралығында.
Әрине, көлді пайдалану құқығы кім көрінгенге берілмейді. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, конкурс өткізілместен бұрын табиғатты жалға алушылар тоғанды дамыту жоспарын түзеді. Өтініштерді арнайы құрылған комиссия мүшелері қарастырып, даму тұжырымдамасы айқын кәсіпкерлерге ғана су айдындары уақытша табыс етіледі.
– Дамыту жоспарында балық қорын сақтауға, молайтуға, ғылыми зерттеуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға жыл сайын қанша қаражат бөлінетіні туралы ақпарат көрсетіледі. Бүгінде аймағымызда 33 табиғат пайдаланушысы бар. Көбінің иелігінде бірнеше су айдыны тіркелген. Әрқайсысы жоспарға сай жұмыс атқарып жатыр. Су айдындарының қайсысы қандай шаруашылыққа қолайлы екені жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, көлдің көлеміне сәйкес жалға алушыларға кәсіпшілік балық аулау, әуесқойлық (спорттық) балық аулау, көлде тауарлы балық, тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы бойынша бөлініп берілуде. Жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай жалға алушылар жергілікті елді мекеннің әлеуметтік дамуына үлес қосуға тиіс. Сондай-ақ тұрғындарды жұмыспен қамтуы керек. «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы келісімшарт міндеттерін қадағалайды. Егер талаптар орындалмаса, жалға беру туралы келісімшарт өз күшін жойып, заң жүзінде су айдынын қайтарып аламыз, – дейді Ж.Жұмашев.
Баянауыл ауданындағы Жарлыкөл көлін жалға алған «Болашақ» шаруа қожалығының басшысы Аяпберген Сыздықов тауарлы балық шаруашылығын қолға алуда қиындықтар бар екенін айтты.
– Жарлыкөл көлі Жаңажол ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Аумағы – 240 гектар. Тереңдігі 6-7 метрді құрайды. 1999 жылы бұл көлде алабұға мен мөңке балық қана болатын. Келесі жылы 1 млн теңгеге несие алып, Качир балық тәлімбағынан сазан және тұқы балық сатып алдым. Қазір көлде Алтай тұқымы саналатын сазан мен тұқы балықтары, ақ амур, шабақ, қара балық сияқты су жануарлары бар. Жалпы, балықтың 11 түрі мекен етеді. 2005 жылы көлге шаян жібердім. Шаян судағы өлген балықтар мен құсты азық етіп, санитар қызметін атқарады. Бүгінде тауарлы балық шаруашылығымен айналысуды көздеп отырмын. Себебі субсидия қарастырылған. Алдағы уақытта консервіленген балық өндірісін қолға алып, ауылдастарымды тұрақты жұмыспен қамту да ойда бар. Тек мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетілсе екен, – дейді А.Сыздықов.
Табиғат пайдаланушылардың бірі Қайролла Қаженовтің айтуынша, балық шаруашылығында проблема аз емес.
– Балық шаруашылығы – кенже қалған саланың бірі. Шыны керек, қазір сала Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында ма, әлде басқа комитетке қарай ма, білмей қалдық. Себебі саланың дамуына қаражат бөлінбегендіктен бақылау жоқ. Жұмысын енді қолға алған табиғат пайдаланушыларына субсидия берілмейді. Ал бір басында 20-30 су айдыны бар кәсіпкерлер шалқып отыр. Менің су айдынын жалға алудағы мақсатым – табыс табу емес. Осыдан 3 жыл бұрын ата-бабамның қонысы – Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылы маңындағы «Ақмайдан» көліне конкурс жарияланғанын естіп, іле-шала құжаттарды жинауға кірістім. Ойым – көлдің жағасын демалыс орнына айналдырып, келушілерге жағдай жасау. Алайда бұл бағытқа қолдау болмағандықтан, жоспарым іске аспай отыр, – дейді Қ.Қаженов.
Көлді пайдалану ережесіне сәйкес, тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында көлге тұқы балықтар жіберіледі екен. Бірақ ағынды көл болғандықтан көктемде Ертіс жайылады, балықтар «есейгесін» басқа көлдерге жүзіп кетуі мүмкін. Қазір тоғайда суқұзғын пайда болыпты. Құстың әрқайсысы күніне 3 килодай балық жеуден кетәрі емес. Тоғайда аң-құс атуға рұқсат жоқ екенін ескерсек, олар табиғат пайдаланушылар үшін «браконьерге» айналған. Қысқасы, шағын кәсіпкерлер осындай проблемаларға тап болып, өлместің күнін кешіп жүр.
– Балық өңдейтін цех ауадай қажет. Балықты тұздауға, ыстауға, жалпы сақтауға мүмкіндік қарастырылуы керек. Шағын кәсіпкерлер балығын ресми түрде цехтарға апарып тапсырса, қос тарапқа тиімді болар еді. Әйтпесе, аулаған балығымыз қалаға жеткенше иістеніп кетуі мүмкін. Амалсыздан базардағы саудагерлерге арзан бағаға өткіземіз, – дейді Қайролла Қаженов.
«Өзен жағалағанның өзегі талмас» дейміз. Бірақ Ертіс өзенінің бойында орналасса да, Павлодар өңірінде балық шаруашылығы ақсап тұр. Әзірге облыстағы санаулы балық шаруашылықтары балық аулаумен ғана шектеліп отыр. Аймақта балық етін өңдейтін кәсіпорынды айтпағанда, балық өсіретін қолайлы орын жоқ. Салдарынан табиғат пайдаланушылары балық шабақтарын Қарағанды облысынан сатып алуға мәжбүр. Кезінде дүркіреп тұрған Тереңкөл ауданындағы балық тәлімбағы қашан іске қосылатыны белгісіз. Мемлекет тарапынан зор қолдау болса, салада дүмпу орын алатынына сенім мол.
Оралхан ҚОЖАНОВ,
журналист
Павлодар облысы