Өнер • 03 Ақпан, 2022

Кембридждегі қазақ кереметі

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кембридж университеті жанын­дағы Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ресми жабылуы өтті. Британдық БАҚ «халықаралық сенсация» деп атаған және Apollo журналы әлемнің үздік алты көр­ме­сінің бірі деп атаған біре­гей көр­ме Ұлыбританияда төрт айға жал­ғасты.

Кембридждегі қазақ кереметі

Елдегі карантиндік шектеулерге қарамастан, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына ар­налған көрмені 25 мыңға жуық адам тамашалады.

Көрмеде Шығыс Қазақстан облы­сындағы Берел, Шілікті және Елеке Сазы жерлеу кешендерінен біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларға жататын жүздеген бірегей алтын жә­дігер ұсынылды.

Экспонаттар келушілерге сақ­тар­дың тұрмысын, тарихы мен мұра­сын тануға, сондай-ақ ежелгі көш­пен­ділердің қазіргі қазақ мәдениетімен түйісу нүктелерін зерттеуге мүм­кін­дік берді.

Жабылу салтанатында сөз сөй­леген Қазақстанның Ұлыбри­та­ниядағы елшісі Ерлан Ыдырысов көрменің ха­лық­аралық аудиторияға Қазақ­стан­ның бай тарихын ашқа­нын және ортақ мақсат – ежелгі ақ­парат көздерін ашып, адамзат тарихын тереңірек тануға ұмтылу жо­лындағы ғылыми және мә­дени ын­тымақтастықтың көрінісі болға­нын атап өтті.

Фицуильям мұражайының директоры Люк Сайсон Шығыс Қазақстан тарихи-өлкетану мұражайының бас­­шы­­лығына, профессорлар Зей­нол­ла Самашев пен Әбдеш Төлеу­бековке тығыз ынтымақтастық үшін алғысын білдіріп, көрме барысында Кембридж университетінің ғалым­дары қазақстандық археологтермен бірлесіп, бірегей сақ артефактілерін зерттегенін айтты.

Ғылыми зерттеулердің нәти­же­лері алдағы айларда әлемдік қа­уым­­дастыққа ұсынылады.

Мұражай директоры сондай-ақ көрме мен оған ілеспе зерттеулер Қазақстан мен Ұлы­­­британия­ның ғылыми қоғамдас­тық­тары ара­сындағы ынтымақ­тас­тықты терең­дету үшін берік іргетас қалағанын атап өтті.