Қоғам • 03 Ақпан, 2022

Шетелдіктерге жұмыс квотасы: Өзімізді емес, өзгені жарылқаймыз

814 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жалақыға жан бағып, отбасын асырап отырған отандастарымыз үшін бос жұмыс орындарының болуы қаншалықты маңызды екені айтпаса да белгілі. Соған қарамастан, былтырғы III тоқсанда елімізде жұмыссыздар саны 450,7 мың адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды көрсетті. Ал биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 14 932 шетелдік азамат Қазақстан аумағында жұмыс істеп жүр.

Шетелдіктерге жұмыс квотасы: Өзімізді емес, өзгені жарылқаймыз

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

1 779 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін пайдаланады

Өз отандастарымыз «екі қолға бір кү­рек» таппай жабырқап жүр­генде өзге мем­лекеттің аза-
­­мат­тарын жарылқап жат­қа­ны­­мыз жанға бататын жалпақ­ше­­шей­лік емес пе?! Шетелдік маман­дарды тартуға арналған квота қашан азаяды?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжі­лісінің отырысында «Шетел­дік мамандарды жұмысқа тарт-
қаннан пайда бар ма?» деп сұ­рақты төтесінен қойған болатын. Бұл сауалға ешкім де ке­сіп-пішіп нақты жауап бере алмай­­тыны анық. Алайда шетелден жұмыс күшін тартуды қыс­қарту мәселесін Президент бұған дейін де көтерген еді. 2019 жы­лы Мемлекет басшысы өзінің бағдарламасында жəне өңірлерді аралаған кезінде шетелдік жұмыс берушілер тарапынан отандастарымызды кемсітушілікке жол бермейтіні туралы айтып, кейін шетелдік жұмыс күшін тартатын кəсіпорындарда еңбек жəне көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүргізілген еді. Сол кезде 95 компания тексеріліп, 930 заң бұзушылық фактісі анықталды. Осы жұмыстардың қоры­тындысы негізінде Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар іс-шара­ əзірледі. Мәселен, 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота ауыз толты­рып айтарлықтай қысқарды. Айта­лық, 2019 жылғы квота мөл­шері
49 мың адам болса, 2020 жы­лы бұл көрсеткіш 29 мыңға дейін, яғни шамамен 40%-ға азайды.

Ал биылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йынша 14 932 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында еңбек етіп келеді. Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 635 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 206 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 827 адам және 745 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 408 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 2 057 адам тартылған.

Бүгінде елімізде шетелдік жұмыс кү­шін пайдаланатын 1 779 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен Қазақстанның 458 мыңнан астам азаматы жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрап отыр. Еңбек мигранттары тартылатын негізгі елдердің қатарында Қытай (3 738 адам), Түркия (1 979 адам), Үндістан (1 228 адам), Ұлыбритания
(1 019 адам) және Өзбекстан (427 адам) бар. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақ­сатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетел­дік мамандарды тартуға арнал­ған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.

«Квотаны белгілеу және бөлу деген мәселе бар. Жұмыс берушілер жер­гілікті атқарушы органдарға шетелден жұмыс күшін тарту бойынша өз ұсы­­ныстарын әр жыл сайын 1 қазанға де­йін ұсынады. Өз кезегінде, жергілікті атқарушы органдар сол ұсыныстардың барлығын жинап, сараптап, комиссия құрады. Жұмысшылардың елімізге келу немесе келмеуін осы комиссия қа­райды. Комиссия жұмыс барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен қағидаға сүйене отырып, тиісті шешім қабылдайды. Ке­йін осы комиссияның қорытындысын жер­гілікті атқарушы органдар 1 қарашаға дейін осы министрлікке жолдайды. Ве­домство 1 қаңтарға дейінгі мерзімде шетелдік мамандарды тартуға арналған квотаның жұмыс күшіне шаққандағы пайызын анықтап, санын белгілейді. Сосын жергілікті атқарушы органдарға бөледі», деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің еңбек көші-қонын мониторингілеу басқармасының бас сарапшысы Берік Есқараев.

Оның айтуынша, квота еліміздегі жұмыс берушілердің қажеттілігіне байланысты белгіленеді. Алайда жергілікті комиссия жұмыс беруші сұраған мөл­шерді басыбайлы қолдай салмайды. Мәселен, жұмыс беруші компания шетелден 200 адамды алдыртуға ұсыныс берсе, комиссия соның 50-ін немесе 150-ін қысқартып тастауы мүмкін. Себебі комиссия сол өңірдегі жергілікті тұрғындар арасындағы жұмыссыздық деңгейін назарға алады. Егер шетелден 200 адам келетін болса алдағы уақытта компанияда еңбек ететін 200 отандасымыз жұмыстан босатылуы, қысқартуға ұшырауы ықтимал.

«Мұндай комиссия әр аймақта, об­лыста бар. Олар өз өңірлеріндегі жұмыс­сыздықты есепке алса, министрлік тарапы тұтас Қазақстандағы жағдайды қада­ғалайды. Сондықтан белгілі бір өңір ше­телден 500 адамды алдыртуға ұсы­ныс жасағанның өзінде ведомство сол өңір­дегі жұмыссыздықты есепке ала отырып, берілетін квотаны шектеуі мүмкін. Әрине мұндай шектеу қараптан-қарап жасалмайтыны белгілі. Талдау, саралау, сараптау жұмыстары жүргізі­ле­ді. Ведомство ең алдымен отандас­тарымызды жұмыспен қамтуға құлық­ты. Осы мәселеге жете мән береді», деді Б.Есқараев.

 Жалақы айырмашылығы – заңға қайшы

Бас сарапшының айтуынша, еліміз­де­гі Еңбек кодексіне сәйкес, ұқсас лауа­зым­дарды атқаратын шетелдік не болмаса отандық мамандардың жалақысында айырмашылық болмауы керек. Орын алған ондай жағдайлардың барлығы заң бұзушылық саналады. Ондай олқы­лықтардың алдын алу, болдырмау мақ­сатында 2020 жылдан бері еліміздің Бас прокуратурасы мен еңбек инспекторлары тиісті тексерістерді ұдайы жүргізіп келеді. Заң бұзушылық анықталған жағ­дайда заңсыздыққа жол берген компа­нияларға айыппұл салынады.

«Еліміздегі жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты ескере отырып, еңбек ететін адамдарды шетелден емес, өз отандастарымыздың арасынан тарту керек. Бүгінде елімізде 15 мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істейді. Сондықтан шетелдік мамандарды тартуға арналған квотаны әлі де азайту қажет. Ол үшін ең алдымен мен­торлық бағытты жолға қойған жөн болар еді. Ментор дегеніңіз – бұл өз еркі­мен тәжірибесімен бөліскісі келе­тін, азаматтарға жеке және кәсіби мақсат­тарына жетуіне көмектесуге дайын адам деген сөз. Мәселен, Қазақстанда ірі өндіріс орындары, өнеркәсіптер бар. Шетелдің білікті мамандарын осындай жұмыс орындарына келісімшарт негізін­де 2-3 жыл қызмет етуге тарту қажет. Олар өз кезегінде отандастарымызды үйретуге тиіс болады», деді YNTYMAQ шағын және орта бизнес қызметкерлерінің са­лалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрақбай Жанабеков.

Оның айтуынша, шетел азаматтарын тек осындай келісімшарт негізінде шақырған жөн. Себебі отандастарымыз көптеген жаңа технологиялардың тілін түсінуі керек. Дегенмен, тартылған шетелдік жұмыс күшінің үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарының үлесін қайтсе де азайту қажет. Бұл жұмыстарды өз отандастарымыз істегені дұрыс.

 Білікті мамандарды даярлайтын уақыт жетті

«Менің ойымша, шетелден келген ма­мандардың расымен де қажетті, олар­дың қызметі соншалықты маңызды еке­нін зерттеп, зерделеп жатқан ешкім жоқ секіл­ді. Ондай жұмыс атқарып жат­қан институттарды да кездестірмедім. Сондықтан осы мәселені де назарға алу­ға тиіспіз.
1 жылдың ғана емес, кемі 3 жылдың қа­мын ойлайтын жобалар қажет. Мәселен, елімізде ірі өнеркәсіп тұрғызылады делік. Оған ең алдымен жұмыс күші қажет болатыны белгілі. Сондықтан өндіріс ошағын құрмас бұрын, онда еңбек ететін жұмыс күшін қайдан аламыз деген сұрақ туындауы тиіс. 6-шы санаттағы дәнекерлеуші­ні қайдан табамыз, ондай маманды ел аумағындағы қай оқу орнында оқыта­мыз деген мәселемен бас қатырған жөн. Рас, елімізде дәнекерлеушілер саны өте аз. Ондай мамандар көбіне-көп шетелде білім алып келеді. Сондықтан, шетелдік мамандардың орнын басудың қадамда­ры елімізде техникалық мамандықтар­­ды оқытатын білім ордаларының санын, сту­денттерге берілетін грант мөлшерін арт­тырудан басталғаны дұрыс болар еді», деді Қ.Жанабеков.

Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы шетелдік азаматтар мен қазақстандық азаматтардың арасындағы жалақы теңсіздігін жою мәселесін де көтеріп келеді. Әрине елі­міздегі Еңбек кодексіне сәйкес, жала­қыда айырмашылық болмауға тиіс. Алай­да шетелдік азаматтар келісімшарт негізінде еңбек ететіндіктен, бұл құжат­та көрсетілген жалақы мөлшері құпия түрінде қалып отыр.

«Екіншіден, шетел азаматына тұр­ғын үйге, Қазақстанға келіп-кетуіне, күн­делікті іссапар шығындарына қаражат қарастырылады. Бұл шығындардың барлығы Қазақстандағы компанияның есебінен төленеді. Яғни шетелден келген жұмысшыға берілетін жалақыдан бөлек, қосымша төленетін қаражаттар бар. Осындай олқылыққа жол беруге болмайды. Әлеуметтік әріптес ретінде осы мәселені үшжақты комиссияға қойып жатырмыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де осы мәселені қатаң бақылауға алса дұрыс болар еді», деді салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Оның айтуынша, елімізде еңбек инс­пекторларының саны өте аз. Олар барлық мәселені назарда ұстап тұруға физикалық тұрғыда үлгермейді. Қ.Жанабеков ең ал­дымен, мұндай мамандардың санын арттыру керек екенін алға тартып отыр.

«Еңбек инспекторлары тікелей Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми-­
нис­трлігіне емес, жергілікті атқарушы ор­гандарға бағынады. Бұрынғыдай ведом­ствоға бағынған жағдайда бұл маман­дардың күші де, орны да бөлек болатын еді. Еңбек инспекторларының өкілеттілігі мен құзіреттілігін арттыру қажет», деді Қ.Жанабеков.

Әрине елімізде шетелден жұмыс кү­шін тартуды қысқарту қадамдары жасалып-ақ жатыр. 2019 жылы 50 мыңға жуық шетелдік азамат Қазақстанда нәпақа тауып жүрген болса, биыл ондай азаматтардың саны 15 мыңға жетер-жетпес мөлшерде. Айналдырған бірер жылда шетелдік жұмыс күшінің үлесі шамамен 35 мың адамға азайды. Алайда ауқымды жұмыс атқарылды екен деп тоқмейілсіп, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Әлі де жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс.