Сұхбат • 03 Ақпан, 2022

«Шыңғыс ханда» жиырмадан астам қазақ жігіті ойнады

2037 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қытай киногерлері орта ғасырда жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» атты тарихи шығарма желісі негізінде 2006 жылы көп сериялы фильм түсірді. Бұл туынды Qazaqstan ұлттық телеарнасы арқылы еліміз тұрғындарына бірнеше дүркін көрсетілді. Осы орайда, біз аталған фильмде Шыңғыс ханның өкіл әкесі Меңліктің рөлін сомдаған қандасымыз – Дәлелхан Қадырұлымен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

«Шыңғыс ханда» жиырмадан астам  қазақ жігіті ойнады

– Ассалаумағалейкум Дә­лел­­хан аға, сіздің өнеріңіз­бен «Шыңғыс хан» телесериалы ар­қылы жақсы таныспыз. Же­ке өмір­і­ңіз жайында жете білмейді екенбіз, өзіңіз айтып бер­сеңіз?

– Мен 1958 жылы Алтай айма­ғының орталығы Сарысүмбе қаласында туыппын. 1976 жылы аймақ орталығындағы 10 жыл­дық орта мектепті тәмамдап, Үрімжі кино студиясына «дыбыс әртісі» дейтін мамандық бойынша жұ­мыс­қа орналастым. Әрі аудар­ма ісімен айналыстым. Өз басым бес фильмді қазақшаладым, 200 шақты фильмге дубляж жасадым. Өйткені Үрімжіден тарайтын қазақ тіліндегі телехабарлар кестесінде бір ауыз қытай сөзі болмауы керек.

Содан 1981 жылы Бейжің қала­сын­дағы Мемлекеттік кино уни­вер­ситетінің актерлік факуль­те­тіне емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. 1985 жылға дейін сонда оқыдым. Оқу бітірген соң Үрімжі қаласындағы «Тянь-Шань» киностудиясының телефильм бөліміне қызметке келдім. Зей­нетке шыққанға дейін осында жұмыс атқардым. Құдайға шүкір, үлкенді-кішілі 45 фильм­ге түстім. Соның ішінде 15 фильм­де бас кейіпкердің рөлінде ойнадым.

– Олар қандай фильмдер?

– Өзіңіз білесіз, 2005 жылы Қазақстанның кинотеатрларында «Көрікті мекен» атты көркем фильм көрсетілді. Осы фильмді Мақсат Кәдірханұлы түсірген еді. Мен осында Құнатай қарияның рөлін, одан басқа «Таңжарық» атты деректі тарихи-көркем филь­м­­де Таңжарық ақынның рө­лін сомдадым. «Елжау Күнби» теле­­сериалында Елжаудың рөлін, «Жетім қызда» үш аймақ төң­ке­рі­сінің офицері болып ойнадым. Бір қызығы, соңғы фильмде үш адамның рөлін қатар ойнап шықтым.

– Бір фильмде үш бірдей рөлді қалай ойнап жүрсіз?

– Ондай-ондай бола береді. Өйткені режиссерлердің кейде сенімді адам­ға бірнеше рөлді қабат жүк­тейтіні бар.

– Дәке, сіз Шыңжаң өлкелік фильм­деріне түсумен шектеліп қал­­май, күллі Қытай еліне ор­тақ тарихи туындыларда да маңызды рөл сомдаған көрі­не­сіз...

– Менімен Бейжіңде бес жыл бірге оқыған қыз-жігіттердің арасында небір мықтылар болды. Солар қазір Қытайдың фильм тү­сіру саласында абыройлы қыз­мет атқарып жүр. Өз басымда мил­лиардтар көз тігетін көркем фильмде ойнаймын-ау деген ой болған жоқ. Бір күні Бейжіңде бір курста оқыған тегі моңғол Хорша дейтін досым Үрімжіге келді. Қа­сында күллі Қытай еліне әйгілі ерлі-зайыпты Сайфу және Мәліс атты режиссерлер бар. Олардың мақсаты – Шыңжаң өміріне қатысты тамаша фильм түсіру екен. Осы фильмге досым Хорша екеуі­міз қатар қатыстық. Мен Бо­сыр­дың рөлін сомдадым. Бұл фильм Қытайды дүр сілкіндірді. Жалғыз-ақ күні атағымыз жер жа­рып шыға келді.

– Ол қандай фильм?

– Қазақшалағанда «Сардарлар кешірмейді» деп аталады. 1940 жыл­дары Гоминдан билігі тұсын­да­ғы азаттық күрескерлері туралы туынды.

– Ал енді көп сериялы «Шың­­ғыс хан» фильміне қа­лай түсіп жүрсіз?

– Бұл үлкен әңгіме. 1999 жылдың көктемі болатын, бір күні Ішкі Моңғолия астанасы Көкхотта тұратын Хорша досым хабарласты. «Дәлелхан, біз көп сериялы «Шыңғыс хан» атты фильм түсіргелі жатырмыз. Сен «бабам Шыңғыс хан туралы фильм түсірілсе екен» деп армандаушы едің ғой. Соның сә­ті келген сияқты, тез жет», деді.

– Шыңғыс хан сізге қалай баба болады?

– Менің зәу-затым төре тұқы­мы­нан.

– Содан салып ұрып Көкхот­қа бардыңыз?

– Бардым. Хорша досым күтіп алды. Қала ортасындағы мей­манханаға орналастырды. Кеш­­кісін екеуіміз отырып алып жа­ңа­дан түсірілуге тиіс көп се­рия­лы фильмнің сценарийін қа­рап шықтық. Хорша досым бас режиссердің орынбасары екен. Сол айтты: «Дәке, саған мына бір рөлді лайық көріп отырмыз. Өзің сияқты қарапайым, ақ көңіл адам, Шыңғыс ханнның қамқоршысы, орданың тірегі – Меңлік әке рө­лінде сен ойна. Өте жауапты рөл, өйткені фильмнің басынан аяғына дейін үздіксіз қатысады» деді.

– Түсінікті. Сіз бейнелеген Меңлік әке деген кім? Ол кі­сі­нің көшпенділер тари­хын­да­ғы орны қандай?

– Сұрағыңыз орынды. Әуелі Мең­лік әке жайлы зерттедім. Шың­ғыс ханның өмір дерегі туралы 1240 жылы жазылған көне баян «Моңғолдың құпия ше­жіресі» атты тарихи еңбектің 202-тармағында: «Барыс жылы (1206 жыл) Онон өзенінің жа­ға­сын­да тоғыз құйрықты ақ туын көтеріп Темүжин хан сай­ланды» дейді. Осы ұлықтау рә­сімі кезінде ұлыстың іргесін қа­лауға еңбек сіңір­­ген 95 адамға «мыңбек» ата­ғы беріледі. Осы­лардың ішін­де бірінші болып шежіреге Мең­лік­тің аты жазылыпты.

Одан кейін, ортағасырлық қытай жазба деректерінде Мең­лік­ті Темүжиннің өкіл әкесі десе, атақты тарихшы Рашид-ад-дин­нің жазуына қарағанда, Есу­кей өліп, жесір қалған Өлуін бәйбіше осы Меңліктің етегінен ұстаған дейді. Өйткені Есукей өлгелі жатып: «Егер мен олай-бұлай болып кетсем балаларыма бас-көз бол!» деп, осы Меңлікке аманаттаған көрінеді.

Сол сияқты тағы бір дерек: «Моңғолдың құпия ше­жі­ресі» тарих­намасының 204-тар­ма­ғын­да: Шыңғыс хан өз аузымен айтып, хатқа тү­сірт­кен тө­мендегідей жолдар бар: «Мең­лік әке, сіз мен туған­нан бері туымды көтер­діңіз, өс­кен­нен бері өрісімді ке­ңейт­­тіңіз, өлшеусіз көмек бер­діңіз. Әсіресе, әкемдей болған Тұ­ғырыл хан мен андасқан бауырым Санкүм алдап шақырып көзімді жоймақ болғанда, мені аман алып қалдыңыз. Осы ісі­ңізді ұрпағымның ұрпағы ұмыт­пайтын болады!» десе, академик-тарих­шы Насагдоржи: «Санкүм өзі­нің қарындасы Сауыр бикені Те­мүжин­нің ұлы­на ұзатамын деп, құдасы Темүжинді бауыздау жеуге ша­қырады. Ондағы ойы ұс­тап алып өлтіріп тастау болатын. Жолай Темүжин Меңлікке жолығып, өкіл әкесінің ақылы бойынша құдалыққа барудан бас тартады» деп жазады.

Бұл деректерге қарағанда, Меңлік орданың ықпалды биле­рі­нің бірі болған. Тіпті Шың­ғыс қаған дәуіріне қатысты айты­латын қазақтың ауызша тарих­на­масындағы Майқы би осы адам болуы мүмкін дейді кейбір тарихшылар. Осы Меңліктің ба­ла­сы Көкеш бақсы тәңірмен тілдесіп, Темүжинге «Шыңғыс хан» деп ат қойғаны жайында көне жазбалардың бәрінде айтылады.

– Бұл фильмде басты рөл­ге сізден басқа да та­нымал әртістер шақы­рыл­д­ы ма?

– Өте көп актер шақырылған екен. Бәрі де күллі Қытай еліне танымал әртістер. Осылардың көбі рөлдерін көріп, танысты да үйлеріне қайтып кетті. Оның басты себебі, көп әртістер атқа міне алмайды. Ал фильмге тек ат құлағында ойнайтын жігіттер қажет екен.

– Сіз ат құлағында ойнайтын ба едіңіз?

– Менің туғанда көргенім – жылқы баласы. Әкем жарықтық қойшы болатын. Жасымда Алтай тауының қырат-қырқаларын ендетіп қой бақтым. Ауыл балалары жиналып алып асау үйретіп мінетінбіз. Ат үстінде жүргенді «хан тағына мінгендей» жаным сүйетін. Осы әдетімді жақ­сы білетін Хорша досым бас режиссермен келісіп, мені әртіс­терді ат мінуге баулитын «жат­тықтырушы» қызметіне та­ғайындап тастады.

– Дәке, Қытай елінің жыл­қы­лары қандай болатынын біл­меймін, бірақ «Шыңғыс хан» филь­міне қарап отырып, жа­та­ған жабы тұрпатты байыр­ғы моңғол аттарын байқадық, оны қайдан алдыңыздар?

– Фильмге ат таңдау маған жүк­телгеннен кейін, орта ға­сырда Шыңғыс ханның әскер­ле­рі мінген даланың жабы жылқысын іздеу қажет болды. Он­дай жылқы Алтай, Хотан, Тұр­пан өңірлерінен табылмады. Ішкі Моңғолияда да болмай шықты. Ұзынқұлақтан сұрастырып жатып «Қытайдың қиыр шығысында, иен далада тағыланып кеткен жабы жыл­қы­лар бар» дегенді естідім. Өзім де осы көне Манжурия өлкесін бір көрсем деп армандап жүруші едім. Бірнеше серігімді алып жол­ға шықтым. Харбин жақтағы біз баратын өлке құс ұшпайтын құла түз екен. Кедір-бұдыр дала жолымен екі күн жүріп діттеген жерге зорға жеттік.

Ертеңінде даладағы жылқы­лар­ға барып көрсек, тағыланып кеткен, маңына адам жуытпайды, шу асау. Әйтпегенде, бойы, тұрқы біз іздеген қалыпқа дәлме-дәл. Ал енді ұстайық десек жылқы қамайтын қора-қопсы жоқ. Біздің қолдан жасаған ағаш қорғанымызды тағы жылқылар жалғыз ырғып бұзып өтеді. Әрі өзі санаулы жылқының аяқ-қолы сынып жарақаттанатын болды. Содан бір-бір мотоциклге мініп ал­дық та, маң даланың шаңын көкке шаншылтып жылқы қудық. Әбден болдырып құлағанда жапа тармағай байлап-матап аламыз. Сөйтіп 450 жылқыны жинап алдым.

– Оларды Көкхотқа айдап әкелдіңіздер ме?

– Жоқ. Айдап жүруге жер шалғай. Даланың тағы жыл­қы­­сы қайдан айдауға жүреді. Көп машина әкеліп, әрбіріне 20-25 жылқыдан тиедік. Сұм­дық шаршадық. Асау жылқы­лар кузовқа шықпайды. Көліктердің доңғалағының астын қазып жерге отырғызып, аласартып барып зорға тиедік. Жылқыларды Көк­хоттың ма­ңына әкеліп, екі ай байлап ұс­тап, мініске үйреттік.

– Жылқыларды кім үйрет­ті?

– Ішкі Моңғолдың ауылдық жерлерінен жылқы үйрететін жігіт­терді шақырдық. Одан кейін өзім­нің туған жерім Алтайдан жігіттер ертіп келдім. Олар екі аптаның ішінде, құлағына қол тигізбей тұрған тарпаңдардың өкпе­сін соқтырып, тілерсегін діріл­детіп, алдыма алып келді. Мен әртістерге «мынау сенің атың, осыған ие бол» деп, қолма-қол таңбалап, үлестіріп бердім. Осы жігіттер фильмнің соңында ат құлағында ойнайтын дәрежеге жетті. Егер сіз жақсылап аңғарған болсаңыз, телесериалдың әрбір бөлімі аяқталғанда, сары даланы дүбірлетіп жүздеген атты адам ша­уып бара жатады. Сұмдық көрініс. Маң дала ат бауырында ой­найды. Бір қызығы, осы көрі­ніс фильмнің ешбір жерінде кез­деспейді.

– Неге?

– Себебі, бұл ойламаған жерден пайда болған көрініс. Кино түсіріліп болғанған кейін, барлық қатысқан адам жиналып, фильм­­нің құрметіне маң даланы дү­­бір­летіп қара жарыс салдық. Бір­неше сағат тоқтамай шаптық. Тура рөлге енгеніміз соншалық, нағыз Шыңғыс ханың шерігіне ұқсап кеттік. Осы сюжетті тү­сіру­­шілер тобы қызықтап, сырттай түсірген екен, артынан әрбір бө­лім аяқталғанда көретін етіп жасапты.

– «Шыңғыс хан» фильмі қай өлкеде түсірілді?

– Фильм тұтастай Ішкі Моң­ғол өлкесінде, негізгі сюжеттер Көкхот маңында, одан кейін Ши­ленхот дейтін жерде түсірілді.

– Шыңғыс ханның рөлінде ойнаған азаматты танисыз ба?

– Өте жақсы танимын. Ұлты моңғол жігіт. Моңғол болғанда Ішкі Моңғолияның моңғолы емес, кәдімгі өзіміздің Буратоланың тумасы. Қазақстан шекарасындағы Қорғас өткелегінен өте қалғанда Арасан-Сарыбұлақ дейтін ауыл бар, сонда туған. Жасында қазақ­тар­дың ортасында өскен. Өзі қа­зақ тілінде таза сөйлейді. Аты-жөні – Басын. 12 жасынан бас­тап Бейжіңдегі әскерилер ансамблінде оқыпты. Артынан Ішкі Моңғолияға ауысып барып, сонда қалып қойған екен. Айтпақшы, осы Шыңғыс ханды сомдаған жігіттің әкесі айтыс ақыны болыпты. Әредікте, Басын бізге әкесінің қазақтармен айтысқан жырын қазақ тілінде жатқа айтып беретін.

– Осы Басынды кино бас­тал­­ғанда не себептен «Ба Лин» деп та­ныстырады. Әлде қайт­кен күнде қытайша атау керек пе?

– «Басын» деген сөз қытайша «Ба Лин» деп жазылатын болуы керек. Осы көп сериялы «Шыңғыс хан» фильмінің сценарийін жазған адамдар да, барлық режиссерлер де моңғолдар. Бірақ аты жөндері қытайша аталып кеткені болмаса...

– Фильмнің басты рөлдерін орын­даған әртістің барлы­ғы моңғолдар ма?

– Фильм «Моңғолдың құпия шежіресі» желісімен түсірілген. Осы тарихи шығармадағы ұлты моңғол адамдардың рөлін моң­ғол­дар өздері ойнады. Мыса­лы, Шыңғыс ханның анасы Өлуіннің рөлінде ойнаған Сарангуа менің бес жыл бірге оқыған курстасым.

– Осы Сарангуа Өлуіннің рө­лін бастан-аяқ жалғыз өзі ғана ойнады ма?

– Сөйтті. Сарангуаның нақ­ты келбеті фильмнің басын­да Есугей сардар тартып әкелетін ке­зіндегідей. Басқасын түрін өзгер­тіп, гримдеу ақылы ойнаған. Жап-жас келіншектен бастап, алжыған кәрі кемпірге дейінгі бейнені бір өзі жасап шықты.

– Сіздің жоғарыдағы Хорша досыңыз қандай рөлде ойнады?

– Ол Темүжиннің қас жауы Тарғытайдың рөлінде ойнады. Одан кейін тағы бір досым Қара­батыр дейтін жігіт Ке­­­рей Тұғырыл ханың рөлін сом­­­­дады. Бір өкініштісі, ол түсі­рілім біткеннен кейін ауырып, дү­ние­ден өтіп кетті. Айтпақшы, Жаму­қаның рөлін ойнаған жігіт­тің ұлты – ханзу.

– Басты рөлдерде ойнаған сіз­­­ден басқа қазақ жігіттері бар ма?

– Бар. Телесериалдың әртүрлі рөлдерінде 20-дан астам қазақ жігіті ойнады. Әсіресе, соғыс көріністерін ойнағанда біздің жігіт­тер қосымша эпизодқа көп қа­тысты. Өйткені олар ат үстін­дегі соғыс өнерінде басқа­ларға қарағанда оқ бойы озып тұрды. Одан кейін Шыңғыс ханның орта түменін басқарған оң қолы Наяқа ноянның рөлін Ержан Мақпышұлы дейтін Іленің жігіті өте тартымды жеткізді.

– Кинода үш өгіз жеккен арбаны бір қолымен тартып тоқ­­татып, сүйреп кететін осы Ержан емес пе?

– Соның дәл өзі. Шын мәнінде, ол атан өгізді сүйреп кетерлік қауқарлы жігіт. Ержан өгіздерді сүйреп бара жатқанда ұрандап отыр­ған Меңлікті көрсетеді. Әри­не, ол мына менмін.

– Кино түсіру барысында қандай қиыншылық туындады?

– Бізді қатты қинаған күннің ыстығы. Алтайдың ауа райы қоңыр салқын болады. Соған үйре­ніп қалған біздің жігіттер ыстықтап, үстіне киген са­уыт-саймандарын рұқсатсыз ше­шіп тастайды. Баяғы мен сөз ести­мін. Қаттырақ айтсам: «ки­ноң құрысын, Дәке, өзің ойнай бер, біз ауылға кетеміз!» деп едірең­деп шыға келеді. Одан кейін жатып кеп жалынамын. Тағы да олар қытайдың тамағын же­мейді. Бөлек асхана орнатып бер­дік. Сөйтіп, жүріп ойнап шық­тық.

– Дәке, фильмдегі Хорезм шах­тың нөкерлерін кімдер ой­нады, оларды қытай немесе моңғол әртістері ойнамайды ғой?

– Хорезм шах нөкерлерінің рө­лін ойнайтын адамдарды табу маған жүктелді. Салып ұрып Алтайға келдім де, қоңқақ мұ­рын, шикіл сары барлық ұйғыр әртісін жинап алдым. Оларды бірнеше автобусқа отырғызып алып бардым. Мен кеткеннен кейін біздің ауылдың жігіттері: «Құдай-ау, бұрын ұйғырлар келіп, біздің қойымызды сатып алып машинаға тиеп кетуші еді, Дәлелхан ағамыз келді де ұйғырларды машинаға тірідей тиеп әкетті» деп, қарық болып кү­ле­тін көрінеді. Осы ұйғыр ағайын­дар Хорезм шахтың нө­кер­­лерінің рөлін ойнап шықты.

– Кинода Отырар, Самарқан сияқты қамал қорғаны берік қала­ларға Шыңғыс ханның әс­кері шабуыл жасайтын эпизод­тар бар. Осы қамал қорған қа­лай жасалды?

– Фильмнің суретшісі Ма-Шау дейтін дүнген жігіті еді. Осы кісі Шыңжаннан ұйғыр шебер­лерін әкеліп, аса ауыр техникалар жасайтын зауыттың ішіне алып сарай-қорған тұр­ғыз­ды. Хорезм даласына жасалған бар­лық шабуыл осы сарай-қор­ғанның ішінде өтті.

– Алда қандай жоспар­ла­ры­ңыз бар?

– Менің қазақ киногерлерімен бірі­гіп аса құнды тарихи фильм тү­сірсем деген арманым бар. Сце­нарийі жазулы дайын тұр. Егер­де осы фильм жарыққа шық­са, дүниеге қазақтың аты жайылар еді.

– Ол соншалықты қандай фильм?

– Сонау үйсін заманын бейне­лей­тін ерекше туынды.

– Сөз соңында не айтасыз?

– Басқа айтарым жоқ. Қазақ аман болсын!