Білім • 04 Ақпан, 2022

Білім-ғылым-өндіріс: Ықпалдастық келісімдер күшіне енді

383 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Цифрлы кеңістіктің мүмкіндіктері күн сайын артып барады. Жаһандық технологиялық нарықтағы бәселестік те қарқынмен дами түсуде. Осы орайда білім мен ғылым саласын әлемдік өзгерістерге бейімдей отырып дамытудың маңызына көп көңіл бөлініп отыр. Елімізде білім мен ғылымды қаржыландыру соңғы екі жылда екі есеге дейін өсіп, саланы дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тиімділігін көрсете бастады. Осы мерзімде салаға 11,5 млрд теңге қарастырылған.

Білім-ғылым-өндіріс: Ықпалдастық келісімдер күшіне енді

Алматыда «Ғылым ордасында» өткен еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары басшыларының форумы барысында ынтымақтастық келісім­шарт­тарына қол қойылды. Ғалымдар бас қос­қан алқалы жиынға Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов қатысып, бұл ықпалдастықтың мақсаты білім беру саласындағы зерттеу нәтижелерін қолдануды күшейту, еліміздің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытумен қатар мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негізделгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылым саласын дамыту бойынша бірқатар маңызды міндет қойып отыр. Үкімет отырысында аталған мәселелер талқыланып, нақты іс-шаралар белгіленді. Осыған орай жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу инстуттарымен жұмыс істеу тәртібі анықталып, білім мен ғылымның интеграциясына нақты қадам жасалып отыр. Бізге ғылым және білім саласының арасында тығыз, ауқымды және көпжақты байланыс орнату қажет. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлем бойынша жетекші елдер ғылым мен білім саласын тиімді біріктіріп отыр. Бұл тәжірибе қазақстандық білім және ғылым жүйесі үшін де маңызды. Енді біздің университеттер ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, ғылыми кадрларды даярлауды бірлесе жүзеге асырады. Аталған жобаны жүзеге асыру жоғары білім және ғылым саласын, ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін арт­тыруға серпін береді», деді А.Айма­ғамбетов.

Министрдің айтуынша, қазір отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында бірлескен жұмыс жал­ғасын табуда. Мысалы, Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университеті Биоло­гия­лық қауіпсіздік проблемаларының ғылы­ми-зерттеу институтымен бірлесіп, «Ви­ру­­сология» жаңа бағдарламасын жасап, бір­лес­кен диссертациялық кеңес ашты. Осы істің жалғасындай, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының қыз­мет­керлерінен жасақталған 100-ден астам дис­сер­тациялық кеңес ашылады. Осыған дейін ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары дисс­ертациялық кеңестердің жұмысына қа­жетті деңгейде жұмылдырылмаған. Қабыл­дан­ған шаралар ғылыми-зерттеу сапасы мен ғылыми кадрларды даярлаудың тиімділігін арттырып қана қоймай, ғылымға талантты жастарды тартуға оң ықпал етеді. Сонымен бірге министр атап өткендей, бүгінде арнайы жабдықталған, сапасы жоғары зертханалар көпшілік ғалымдарға қолжетімді емес. Сондықтан да жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары зертханаларының әлеуетін бірлесе пайда­ла­нудың нәтижесі тиімді болмақ. Бірле­се маман даярлау үшін ғылыми-зерттеу инсти­тут­тарының зертханалары магистранттар мен докторанттарға, ал оқу орындарының зертханалары институт қызметкерлеріне қолжетімді болады. Осы орайда Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Ұлттық биотехнология орталығы, Биологиялық қауіпсіздік инс­титуты және тағы да басқа теңдессіз ғы­лыми зертханалардың мүмкіндігі зор.

Биыл жоғары оқу орындары мен ғылыми-зер­т­­теу институттары маман даярлауға қа­жет­­ті 500-ден астам білім беру бағдар­ла­ма­сын жасайды. Бұл ғылыми-зерттеу нәти­же­ле­рін білім беру бағдарламаларында пайда­ланады. Сондай-ақ студенттермен соңғы ғы­лыми жетістіктерімен бөлісу мақсатында ғы­лыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы жоғары оқу орындарында дәріс оқу, сабақ беру, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға жетекшілік етіп, рецензия жазу жұмыстарына тартылады. Бұл – ғылыми қыз­меткерлерге ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рымен ғана емес, ғылымдағы ізденістерімен де бөлісуге берілген мүмкіндік.

Министр осы орайда, соңғы екі жылда білім мен ғылым саласын қаржыландыру кө­ле­­мі екі есеге өскенін атап өтіп, ендігі кезекте ғылыми-зерттеу гранттары үш жылға емес, бес жылға берілетінін атап өтті. Президент Жолдауы шеңберінде жоғары оқу орындарының 500 қызметкері жыл са­йын әлемдегі ең үздік ғылыми-зерттеу инс­титуттарына барып, тағылымдамадан өту мүм­кін­дігіне ие болады. Оқу кешенін де қамтитын бұл сапардың тиімділігі елімізде жетіспейтін зерт­ханалық құрылғылармен жұмыс іс­тей отырып, ғалымдар осы мүмкіндікті мемлекет есебінен игереді. Бұл да еліміздің ғы­лы­ми әлеуетін біршама көтеруге жасалған қадамдардың бірі. Министр сонымен бірге ғылыми-зерттеу институттарының мектептермен байланыс орнату қажеттігін атап өтті. Өйт­кені мұндай қадамдар оқушылардың ғы­лым­ға қызығушылығын оятумен қатар, білім мен білігін арттыруға ықпал етеді.

Алқалы жиында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төр­а­ғасы – ректор Жансейіт Түймебаев баян­да­ма жасап, мемлекет пен қоғам тарапынан білім, ғылым саласына барынша тиімді және бәсекеге қабілетті болуға сұраныс артып отырғанын атап өтті. Бүгінде аталған уни­верситеттің қызметі Мемлекет басшысы мен Білім және ғылым министрлігі қойған стра­те­гиялық міндеттерді шешуге бағытталған. Уни­верситетте АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шы­ғыс Азия, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарымен бірлескен 120 қос диплом бағ­дарламасы бар. 92 бағдарлама ағылшын тілінде жүзеге асырылады.

Келесі кезекте сөз алған Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры С.Сейдуманов ғылымдағы ықпалдастықтың, мемлекет тарапынан ғылым мен ғалымдарға көңіл бөлудің маңызын атап өтті.

Жиын жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы білім мен ғылымның интеграциясын нығайту туралы келісімшартқа қол қоюмен жалғасты.

 

АЛМАТЫ