Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мемлекетіміздің алдында тұрған басты міндет – кең байтақ жеріміздің табиғи байлығын сақтап, экологиялық залалдың алдын алу және оған жол бермеуге, сондай-ақ қоршаған ортаға антропогендік әсерді қысқартуға бағытталған мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру арқылы адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету. Осы ретте, 2021 жылы 2 қаңтарда Мемлекет басшысы жаңа Экологиялық кодекске қол қойып, күшіне енді.
Жаңа Экологиялық кодекс жобасы мүдделі министрліктер, ведомстволар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Мәжіліс депутаттарының егжей-тегжей талқылауынан өткізілді. Талқылауға сарапшылар, табиғатты қорғау белсенділері, табиғи ресурстарды пайдаланушылар мен кәсіпорындар қауымдастықтарының, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Нәтижесінде, Экологиялық кодекс пен экологиялық мәселелер бойынша ілеспе заң жобалары 2020 жылдың 18 қарашасында Мәжілісте мақұлданып, Сенат қарауына жіберілді. Комитет мүшесі ретінде заң жобаларын жүргізу маған жүктелді.
2020 жылдың 21 желтоқсанында Парламент Сенатының жалпы отырысының екінші оқылымында бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, заң жобасы бірауыздан қабылданды. Осы ретте, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің төрағалығымен өткен Палата отырысында: «Экологиялық кодекстің жаңа редакцияның жобасына, ең алдымен, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, «ластаушы төлейді және түзейді» қағидасы енгізілді. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына енгізілген түзетулер экологиялық заңнаманы бұзғаны және ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік күшейтіліп қатаңдатылды және айыппұл көлемі көбейтіледі» деп Сенат Төрағасы атап өтті.
Экологиялық кодекс ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді, түзілетін қалдықтардың көлемін қысқартуды және қауіптілік деңгейін азайтуды, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды, суды үнемдеуді, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды орнықты пайдалану, қалпына келтіру және толықтыру сияқты шараларды жүзеге асыруды көтермелейді және ынталандырады.
Кодекстің негізгі жаңалықтары төмендегідей: Біріншіден, «Ластаушы төлейді және түзетеді» экологиялық қағидатын іске асыруды, ластанудың алдын алу және бақылау жөніндегі шараларды жүзеге асыруды және қоршаған ортаға келтірілген залалды қалпына келтіруді міндеттейді. Екіншіден, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу (ОҚТ) шартымен бірінші санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға (КЭР) көшу көзделген. Сондай-ақ жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін КЭР алу міндеттілігі ұсынылады. Үшінші – Кодексте «бірінші санаттағы» ірі кәсіпорындарға қатысты, қоршаған ортаға әсерін бағалаудың (ҚОӘБ) жаңа тәсілдеріне өту туралы талаптар көзделген. Онда, жұртшылық ҚОӘБ-тың барлық 4 кезеңіне қатысады. 1-санаттағы объектілер міндетті түрде ҚОӘБ-қа жатады; 2-санаттағы объектілер скрининг арқылы өтеді; 3-санаттағы объектілерді есепке алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар шығарындылардың, төгінділердің санын жинақталатын және берілетін қалдықтардың көлемін көрсете отырып, декларациялар қабылдайды; 4-санаттағы объектілер реттеуден толық босатылған. Төртінші – қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем және табиғатты қорғау іс-шараларына бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы. Бұрынғы заңнамада табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеттілігі болмаған. Бұл, жергілікті атқарушы органдардың, келіп түсетін қаражаттың 45%-ын ғана қоршаған ортаны қорғау шараларына бағыттауына алып келген. Осыған байланысты Кодекстің жаңа редакциясында жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау іс-шараларын түсетін экологиялық төлемдер есебінен 100% көлемінде қаржыландыруға міндетті екендігі көзделген. Бесінші – өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру. Бұл ретте қалдықтармен кезең-кезеңмен жұмыс істеуге бағытталған қалдықтар иерархиясы көзделеді және ең алдымен, қалдықтардың пайда болуын азайту, пайда болған қалдықтарды қайта пайдалану, қайта өңдеу, жою және тек полигондарда көму міндеттері белгіленеді. Сондай-ақ қоғамда қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жинаудың, қайта өңдеудің және қалдықтарды бөлек жинаудың ұтымды жүйесін жүзеге асыруды жоспарлайды.
Осы тұрғыда елімізде экологиялық заңнаманы дамытуда үлкен оң өзгерістер болды. Өнеркәсіп өкілдері тарапынан бірқатар заң нормасына сыни көзқарастар болғанымен, жалпы, эколог мамандар мен сарапшылардың жаңа Кодекске байланысты оң пікір-қолдаулары жан-жақты айтылып та, жазылып та жүр.
Алдағы уақытта мемлекеттің, қоғам-
ның алдында тұрған міндет – қабылданған жаңа Кодекс аясында, мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру арқылы қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін қамтасыз ету.
Осы орайда елімізде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді, өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі «Жол карталары» бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атқарылар жұмыстар көлемі өте ауқымды және едәуір уақытты талап етеді. Іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесі – адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз етуге тиіс.
Десек те, еліміздегі ағымдағы экологиялық ахуал республика тұрғындарын алаңдатады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы атмосфералық ауа сапасы мониторингінің нәтижесі мегаполистар мен ірі қалаларда ластанудың өте жоғары деңгейі орын алып отырғанын көрсетті. Атап айтсақ, Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларының ластану деңгейі өте жоғары.
Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Қазіргі уақытта еліміздегі үш мыңнан астам полигонда 125 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Полигондардың 82%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сай келмейді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі шеңберінде елімізде заңсыз қоқыс орындарының көбеюі анықталған және оларды жою мәселесі бүгін толыққанды жүзеге асырылмай отыр.
Сонымен қатар, Париж келісімін 2016 жылы ратификациялаған ел ретінде, Қазақстан 2030 жылғы инновациялық шешімдер арқылы парник газдардың шығарындыларын 15%-ға қысқартуға міндеттелген-ді. Өкінішке қарай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2020-2024 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бойынша, секторларда парник газдардың шығарындылары өсу салдарынан нысаналы индикаторларға қол жеткізу орындалмаған.
Осы ретте еліміздің экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі «Жол қарталары» бойынша жұмыстардың жүргізілуі пысықталып, нақтылану қажеттілігі байқалады. Іс-шараларды жүзеге асырудың оң нәтижесі, адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету өте маңызды деп санаймыз.
Сондай-ақ 2020 жылғы желтоқсанда Климаттық амбициялар жөніндегі саммит барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу жөніндегі биік міндет туралы мәлімдеді. Қазіргі уақытта Қазақстан көміртекті бейтарап дамудың 2060 жылға дейінгі доктринасымен (стратегиясымен) жұмыс істеуде. Парник газдардың шығарындыларын қысқартудың нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін энергетикалық көшу мен энергетикалық секторды трансформациялау шешуші рөл атқарады. Мұндай көшуді ынталандыруға бағытталған түйінді құралдардың бірі – ел ішіндегі фискалдық саясатты реформалау және дәстүрлі энергетиканы субсидиялаудан бас тарту. Сондықтан бұл жөніндегі мәселелер жауапты уәкілетті және атқарушы билік органдар тарапынан зерттеліп, зерделеніп тиісті пәрменді шаралар жүзеге асырылуға тиіс.
Әбдәлі НҰРАЛИЕВ,
сенатор