Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларына сәйкес санаторлық-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды өтеу түрінде әлеуметтік көмек көзделген. Мұндай әлеуметтік қолдаудың игілігін бірқатар азамат көре алады. Мәселен, оңалтудың жеке бағдарламасында жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін ұсыну бойынша іс-шарасы бар мүгедек балаларды және І топтағы мүгедектерді ертіп жүретін адамдар (жұмыс істеп жүріп мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектерді қоспағанда).
Әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар санаторлық-курортты алғаннан кейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей әкімшіге бірқатар құжатты қоса ұсына отырып, өтініш береді. Ондай құжаттардың қатарында жеке басын куәландыратын құжат, шот-фактура немесе фискалды чек; орындалған жұмыстар актісі, екінші деңгейдегі банктегі немесе «Қазпошта» акционерлік қоғамындағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтер бар.
Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқада ұсынылады. Содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады. Санаторлық-курорттық емделуге арналған шығындарды өтеу түріндегі әлеуметтік көмек азаматтардың санаторлық-курорттық емдеуді ұсынатын ұйымда болған кезеңінде бір адамға нақты шығындар мөлшерінде, бірақ 35 АЕК-тен аспайтын мөлшерде беріледі.
Аталған әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Достық көшесі, 13 мекенжайында орналасқан қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласу қажет. Байланыс телефоны: +77785014172.