Теннис • 04 Ақпан, 2022

Дэвис кубогына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дэвис кубогы іріктеу сайысында 4-5 наурыз күндері Норвегиямен өтетін матчқа қатысатын Қазақстан құрамасы жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дэвис кубогына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Юрий Щукин бастаған бапкерлік құрам мына ойыншыларға тоқтады. Жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик, рейтингте сәйкесінше 166-ыншы және 180-орында тұрған Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попко ел намысын қорғайды.

Жұптық сында әлемнің 35-ракеткасы Андрей Голубев пен Александр Недовесов (67-орын) кортқа шығады. Ойындар Ослодағы Oslo Tennis Arena хард корттарында болады. Матч жеңімпазы Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.

«Норвегия құрамасы негізінен әлемнің 8-ракеткасы Каспер Рууд пен дүниежүзілік рейтингте 332-орында тұрған Виктор Дурасовичқа сенім артады. 24 жастағы Дурасович команда құрамында көптен ойнап келеді, жекелей және жұптық сында жақсы өнер көрсете алады. Дегенмен біздің жігіттер тұрақты ойын өрнегін танытып, көздеген мақсатына жете алады деп ойлаймын», деді Қазақстан құрамасының капитаны Ю.Щукин.