Қазақстан • 05 Ақпан, 2022

Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден озды

1397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, соғыс ардагері, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден озды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден озды

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының Арал ауданы Құланды поселкесіндегі Үшкөң ауылында туған. Ол қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері.

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1942 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін әскерге шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.

Жазушы естелік кітабында өзі туралы «1943 жылдың наурыз айында лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқыттым. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде де, ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын», деп жазған.

Жазушы 1946 жылы армия қатарында жүріп, «Курляндия» романын жазып шыққан. Романды бітіре салысымен бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірген.

1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып қызмет етті. Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1964 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылықпен айналысып, халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырған.

Дара жазушы әдебиет әлеміндегі елеулі еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болған. 1974 жылы ол КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған. Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды.

Ол, сондай-ақ, СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Айта кетсек, бұл мәртебелі сыйлықты Қазақстанда тек үш қаламгер - Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Жұбан Молдағалиев қана алды.