Қазақстан • 06 Ақпан, 2022

148 шағым бойынша 105 қылмыстық іс қозғалған

392 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бас прокуратура мен ІІМ қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін тіркелген қылмыстық істердің тергелу барысы, ашылған мән-жайлар бойынша арнайы брифинг өткізді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында ресми орган өкілдері қоғам талқысына түскен көп мәселеге қатысты мәліметтерді жария етті.

148 шағым бойынша 105 қылмыстық іс қозғалған

 

Мәселен, Бас прокура­ту­раның 1-қызмет басты­ғы­ның орын­басары Елдос Қилым­жа­нов­тың мәлімдеуінше, соңғы екі аптада уақытша ұстау изоляторынан 103 адам босатылып, соттар 80 күдіктіні қамауға алудан бас тартқан. Сондай-ақ прокурорлар күдіктіні қамауға алу тура­лы 11 ұсынысты қолда­ма­ған. Е.Қилымжановтың айтуынша, күдіктілерді қамауға алу мәсе­ле­сін қарастыру кезінде олар­­­дың әрқайсысының іс-әре­кеті, жеке басы, кінәсін мойын­дауы және тергеуге көмек көр­се­туі ес­ке­ріледі.

«Қазіргі таңда прокурорлар бұрын қамауға алынғандардың бұлтартпау шараларын жеңіл­де­ту мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Осы уақытқа дейін Алматы қаласында – 59, Қы­зыл­орда облысында – 3 және Шығыс Қазақстанда 1 адам қа­­маудан босатылып, олардан еш­қайда кетпеу туралы қолхат алын­ды. Қызылорда өңірінде про­курорлардың талабы бо­йынша сот санкциясымен 3 адам үй қа­маққа жіберілді», деді спикер.

Бас прокуратура өкілі сон­дай-ақ рұқсат етілмеген тер­геу әдістерін қолдану, тергеу барысында қысым көр­сету және лауазымдық өкілет­тік­терді асыра пайдалану фак­ті­ле­ріне қатысты келіп түскен шағымдардың саны 148-ге жеткенін айтты. Бүгінде осы ша­ғым­дар бойынша 105 қыл­мыстық іс қозғалған. «Қа­зір­гі таңда бұл арыз-ша­ғым­­дар бойынша тексерулер жүр­гі­зіліп жатыр. Атқарылып жат­қан жұмыстың ашықтығын қам­тамасыз ету үшін қоғамдық ұйым­дармен тығыз байланыс ор­натылды. Тергеудегі заңсыз әрекеттер туралы шағымдар ерекше бақылауға алынып, тек­се­рілуде», деді бұл жайында ол.

«Бұл қылмыстық істердің ішінде Атыраудағы «Динамо» стадионында болған жағдайлар, талдықорғандық Батырбаевқа заңсыз күш қолдану дерегі және басқа да факті бар. Осы оқиғалардың жан-жақты әрі толық тексерілуін қам­та­ма­сыз ету үшін бұл істерді тер­геу жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне және арнайы про­курор­ларға тапсырылды», деген Е.Қилымжанов брифингте прокурорлардың әрбір арыз-шағымды, сондай-ақ интернет арқылы таратылған барлық ақ­па­ратты жіті тексеретінін ескер­тіп өтті.

Е.Қилымжанов «Қасіретті қаңтардың» ақ-қарасын ажыратып, мән-жайды толық ба­ғам­дау­ға біраз уақыт кететінін де жасырмады. Тергеудің белгілі бір уақытты талап ететінін ес­керт­кен ол 1 300-ден астам ме­ди­циналық, баллистикалық және басқа сот-сараптамалық зерт­теу тағайындалғанын да ха­бар­лады.

Сот сараптамасы қаңтар оқи­ға­ларын объективті бағалау үшін қажет екенін атап өткен спикер: «Тергеушілер оқиға болған 1 500-ге жуық орынды қарап шығып, 10 мыңнан астам тергеу жүргізді. Соның нәтижесінде
1 279 адам жәбірленуші ретінде танылды. Атқарылатын жұмыс өте ауқымды, сол үшін тергеу нәтижелерін күтіп, сабыр сақтау қажет. Әрбір күдіктінің іс-әрекетіне тергеу мен сараптама нәтижелері негізінде ғана құқықтық баға беріледі. Ал түпкілікті, яғни кінәнің бар-жоғы, жазаның мөлшері туралы шешімді тек сот қабылдайды. Сондықтан азаматтардан жүр­гі­­зіліп жатқан жұмыстарға түсі­­ністікпен қарап, тек ресми мәлі­мет­терге сенуге және жал­ған ақ­па­раттарды таратпауға ша­қы­ра­мыз», деді.

Қаңтар оқиғалары кезінде шындыққа жанаспайтын түрлі ақпараттың қаптап кеткені рас. Әсіресе, әлеуметтік желіні жиі қолданатын ағайын қай деректің рас, қайсысының өтірік екенін ажырата алмай қалды. Осыған орай құқық қор­ғау органдары Қылмыстық кодекс­те көрінеу жалған ақпарат тарат­қаны үшін жауапкершілік қарас­ты­рыл­ға­нын алғашқы күннен бастап ескертіп, әлеу­мет­тік желі­лер­де «фейк» ақпараттарды тарату деректерін анықтауға ерекше мән беріп отыр. Бас прокуратура өкілінің хабарлауынша, бүгінде жалған мәлімет тарату бойынша 10 қылмыстық іс тергелуде.

Террористік актілер және жап­пай тәртіпсіздіктердің се­беп­тері мен оларды ұйым­дас­тыр­­ғандарды анықтау бойынша тергеуді ведомствоаралық жедел-тергеу топтары жүргізуде. Ал бұл топтарға арнайы прокурорлар жетекшілік етеді. Өз кезегінде, ішкі істер органда­ры жаппай тәртіпсіздіктер аясын­да жасалған басқа да қыл­мыс бойынша тергеуді жал­ғас­тырып келеді. ІІМ Тер­геу депар­та­мен­тінің басшы­сы, поли­ция пол­ковнигі Санжар Әділовтің айтуынша, осы уа­қыт­қа дейін 2 285 қыл­мыс­тық іс қозғалса, оның басым бөлігі (1 674 іс) ұр­лық пен тонау­ға қатысты. Бұл тіркелген қыл­мыс­тың 73 пайызын құрайды.

Брифинг барысында тергеуге қатысты тың мәліметтермен бөліскен ІІМ өкілі жедел іс-шара­лар кезінде 747 қару мен 18 мыңнан астам оқ-дәрі тәр­кі­лен­генін хабарлады. Ұр­ланған қарудың көбі Ал­ма­ты қаласы, Алматы және Жамбыл облыс­тарында анық­талған. Сонымен қатар қылмыс­керлерден құны 107 млн тең­ге­ден асатын ұр­лан­ған дүние-мүлік тәр­кі­лен­ген.

Полковниктің мәлімдеуінше, жалпы ұрлық, тонау, соның ішінде тәртіпсіздіктер кезінде қару ұрлағаны үшін 322 күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Тергеу барысында істің мән-жайларын және күдіктілердің дәлелдерін мұқият тексеруге, сондай-ақ дәлел­демелер базасын жинауға баса назар аударылатынын айт­қан С.Әділов қаңтардағы тәртіп­сіздіктер кезінде тонауға қа­тыс­қандарды анықтау жұмыс­та­ры жалғасатынын да жеткізді.

Ол сондай-ақ Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер бойынша күдіктілерді қамаудан босату бойынша іс-шаралардың да аяқсыз қал­май­ты­нын атап өтті. «Өткен аптада қадағалаушы прокурормен келісім бойынша бұлтартпау шарасы 9 адамға қатысты үй қамағына, 6 адамға қатысты ешқайда шықпау туралы қол­хат­қа өзгертілді. Жеке басын және жасаған қылмыстарының ауыр­лығын ескере отырып, бір­қатар күдіктіге қамауға алмай, қоғамнан оқшаулауға байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылды. Мұндай күдіктілердің саны, қамауға алын­ғандарды есептемегенде, қазіргі уақытта 200-ден асады», деді С.Әділов.

Қаңтардағы қайғылы оқиға­лар­дан кейін қоғамдық сананы бақылау үшін ақпараттық соғыс басталып кеткенін ІІМ өкілі де ерекше атап өтті. Ресми органдардың ескертулеріне қарамастан, әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат тарату­дың тым жиілеп кеткенін айт­қан Тергеу департаментінің басшысы: «Бұл ақпараттық ша­буыл­дардың басты мақсаты – құқық қорғау органдарының беделін түсіру, сондай-ақ мем­ле­кеттігіміздің құрылысын тұ­рақ­­сыздандыру болып табылады. Жалған хабарлардың басым бөлігі елден тыс жерлерде жасалады. Бүгінде әлеуметтік желілерде шетелде тіркелген 43 аккаунт анықталды. Көрінеу жалған ақпарат таратудың бар­лық жағдайлары бойынша кінә­лі­лерді жауапкершілікке тар­ту бойынша шаралар қабыл­да­нуда», деп мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, қаң­тар­дағы қайғылы оқиғалар кезін­де құқық қорғау орган­дарының 19 қызметкері қаза тауып, 3 мыңнан астамы жарақаттанған еді. Брифингте С.Әділов жап­пай тәртіпсіздік кезінде ауыр жа­рақаттанған күштік құры­лым қызметкерлерінің 40-ы­на оқ тигенін, 13-інің пы­шақ жарақатын алып, 170-тен аста­мы­ның басқа да ауыр дене жа­рақатын алғанын айтты. «Өкі­ніш­ке қарай, бейбіт тұр­­ғындар ара­сында да қаза тап­қан­дар бар. Осының барлығы – жаппай тәр­тіпсіздіктердің орны толмас ауыр салдары. Қазіргі таңда әрбір қаза тапқан адам бойынша объек­тивті тергеу жүргізілуде», деп атап өтті полковник.

С.Әділов тергеудің заңсыз әдістері туралы барлық шағым­­ды прокурорлармен бірге ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік бөлім­шелері де мұқият тексе­ре­тінін, әрбір дерек бойынша егжей-тегжей талқылау жүргізілетінін де мә­лім­деді. Оның сөзіне қара­ғанда, осындай бірқатар факті бойынша қылмыстық істер бас­талып та кеткен.

Ал «Қасіретті қаңтар» оқи­ға­­сынан 88 млрд теңгеден ас­там қаржылық шығын келген. Жап­пай тәртіпсіздіктер ке­зінде зардап шеккен нысан­дар саны
1 573-ке жеткен. Алай­да ІІМ өкілі зардап шеккен азаматтардың өтініштеріне бай­ланысты бұл сан әлі де өзгеруі мүмкін дейді. Ең көп зардап шеккен бизнес нысандары – дүкен, ломбард, жанармай құю стансалары мен қоғамдық тамақтану орындары. Соның ішінде, қаскөйлер аңшылық дүкендерді толық тонап кеткен. Зақымдалған немесе мүлде жарамсыз болып қалған көліктер саны да артып, 765-ке жетті. Сау-тамтығы қалмаған 551 көлік полициянікі болса, 124-і қара­па­йым тұрғындарға тиесілі.