Естеріңізде болса Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев 2015 жылдың 12 қазанында ұсталған болатын. Олардың үстінен іс қозғауға әлеуметтік желілерде ұлттық ар-намысты және қадір-қасиетті, ұлттық ар-намысты қорлау белгілері бар ақпаратты таратуы түрткі болған еді. Сол кезде прокурор санкциясы бойынша олардың тұрғылықты жерлеріне тінту жүргізу барысында заттай дәлелдемелер алынды.
Бұған дейін де Е.Нарымбаев әлеуметтік желілер арқылы өзінің Қазақстанға келетінін, бірақ елге жеткен бетте-ақ әуежайда ұсталатынын мәлімдеген болатын.
Оппозиционердің қамауға алынуы жөнінде пікір білдірген белгілі заңгер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов онымен жеке таныстығы жоқтығын, оппозиционердің сырттай сотталғаны туралы ақпаратты интернеттен оқып білгенін жеткізді.
«Үкім бойынша оған тұрғылықты мекенжайынан тысқары шығуға тыйым салынған екен. Ал ол 2016 жылдың шілдесінде Қазақстаннан қашып шыққан. Кейін аппеляция үкімді өзгертіп, жалпы режімдегі колонияда үш жыл бас бостандығынан айырған. Яғни, тағайындалған жаза өтелмеген. Ал бұл ақпарат шекарашылардың базасында тұр деген сөз. Осы себепті де оны ұстаған. Әрі қарай не болатынын мен білмеймін. Мұндай жағдайда процессуалдық нормаларды жетік білетін, қылмыстық құқық бойынша маманданған адвокат керек екенін ғана білемін», деп жазды Марат Бәшімов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Ермек Нарымбаев 2016 жылдың шілдесінде Қазақстаннан қашып кеткен. Содан бері Украинада тұрып келген. Сол жылы ол Қазақстандағы терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізіміне еніп, бұл тізім еліміздегі Қаржы министрлігінің сайтында жарияланған болатын.