Медицина • 07 Ақпан, 2022

Жүрек орталығындағы жүзінші трансплантация

813 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жылдың басында «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орта­лы­ғын­да» екі науқастың өміріне мүмкіндік беретін жүрек және өкпе трансплантациясы жасалды. Айта кетейік, бұл Жүрек орта­лығында жүргізілген 85-ші жүрек трансплантациясы және 15-ші өкпе трансплантациясы.

Жүрек орталығындағы жүзінші трансплантация

Геморрагиялық инсульт алған, яғни миға қан құйылып, кейін­нен мидың өліміне әкеліп соқ­тыр­­ған елорданың 35 жастағы тұр­ғыны органдардың доноры бол­ды. Донордың туыстарының келі­сімімен жедел трансплантация­ны қажет ететін пациенттерге орган­дарды трансплантациялау жүр­гізіл­ді.

«Бүгін донордың туыстары мен трансплант-команданың үйле­сім­ді жұмысының арқасында біз екі пациенттің өмірін ұзартуға мүм­кін­дік алдық. Әртүрлі себептерге байланысты, соңғы жылдары Қа­зақ­станда орган трансплантация­сы саны төмендеді, сондықтан транс­­плантацияны жүргізудің әр­бір мүм­­кіндігі – бұл бірінші ке­зек­­те жаңа органға өмірлік мұқ­таж­ды­ғы бар пациенттер үшін үміт сый­лайды. №1 Көпбейінді қала­лық аурухананың командасына жедел ақпарат бергені және донор органдарының өміршеңдігін қол­дау­дағы кәсіби жұмысы үшін жеке алғысымызды білдіреміз», дейді Жүрек орталығының Кардио­хи­рургия клиникалық-академия­лық департаментінің директоры Тимур Лесбеков.

Донорлық органдар екі қазақ­стан­дыққа трансплантацияланды. Донордың жүрегі ауыр қайтымсыз жүрек ауруы бар 46 жастағы нау­қас­қа трансплантацияланды. 201­8 жылдан бастап жүректің орнына жасанды қарынша жұмыс іс­те­ген. Өйткені өз жүрегі өзінің не­гіз­гі функциясын – бүкіл денені қанмен қамтамасыз етуді орындай алмаған. Өкпе трансплантациясы сирек өкпе ауруы – идиопатиялық өкпе гипертензиясы бар 23 жастағы науқасқа жасалды. Мұндай жағ­дай­ларда өкпе өзінің негізгі функция­сын – барлық мүшеге отте­гін жеткізе алмайды және па­ци­ент үнемі оттегі қолдауымен жү­ре­­ді. Қа­зіргі уақытта екі әйелдің де жағ­дайы қанағаттанарлық, олар дә­рі­герлердің бақылауын­да. Сон­дай-ақ өкпені трансп­лан­та­циялауға торакалды хирург, «Қа­ла­лық фтизиопульмонология ор­талығы» Өкпе-хирургиялық бөлім­шесінің мең­герушісі Қаржу­бай Әскеров қатысқан.

«Біздің елімізде өкпе трансплантациясы өте сирек жасалады. Сондықтан осы операцияға қаты­су мүмкіндігіне өте қуандым. Транс­плантация процесіне қаты­су­ға шақыр­ғаны үшін Жүрек орта­лы­ғындағы әріптестеріме риза­­шылығымды білдіремін және одан әрі жемісті ынтымақтастыққа жұ­мыс іс­теуге әзірмін», деді ол.

Жүрек орталығының хирур­гия жөніндегі директоры, UMC корпорациялық қоры­ның басқарма төрағасы Юрий Пя жүрек трансплантациясы кезінде дәрігерлер тобы Жүрек орталы­ғы­ның мамандары әзірлеген доно­рлық органды сақтаудың жаңа әді­сін қолданғаны туралы жаңа­лық­пен бөлісті.

«Органдарды трансплантация­лау операциялары – бұл уақытқа өте сезімтал процестер. Реципиент­ті трансплантациялауға дайындау кезінде донорлық жүректі өмір­шең ету өте маңызды. Жүрек орталы­ғы­ның командасы донорлық жү­рек­ті ұзақ уақыт сақтау әдісін ойлап тапты. Жаңа әдіс жақсы нәтиже берді және біз оны әрі қарай зерттеп, дамытуға ниеттіміз. Мен осы инновациялық идеяның отан­дық медицина мен ғылымды халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін және одан да көп адамның өмірін сақтап қалуға көмектесетін донорлық органдарды трансплантациялау саласындағы алғашқы қазақстандық әзірлеме болу әлеуетіне ие екендігіне шын жүректен сенемін», деді Юрий Пя.

Орталықта транспланттау бо­йынша операциялар 2012 жылғы 8 тамыздан бастап жүргізіледі. Жүрек орталығының басқарма төрағасы Махаббат Бекбосынова қазіргі жүрек және өкпе трансплантациясын түсіндіре отырып, бүгінде органдарды трансплантациялауды күту парағында 3 500-ге жуық қазақстандық тіркелгенін, оның ішінде 135-і жүрек және 26-сы өкпе трансплантациясын күтіп тұр­ғанын атап өтті. Органдар мен тін­дердің донорлығының арқа­сында 100 пациент орталық қабыр­ға­с­ында жаңа өмірге мүмкіндік алды.