Қоғам • 07 Ақпан, 2022

Амандасу әдебі

974 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әрбір нажағайдың жарқылы ақынның жүрегінен өтетінін Гете ертеректе болжаған. Әрі сол ойы ақиқатпен астасарын білген де шығар, жарықтық! Әйтпесе дәл осы сезімді қазақтың ғажайып ақыны Жұмекен Нәжімеденов қыл бұрауын келтіре жырламас па еді, тәйірі. Есіңізге түссе, «Көк дарбаза алдындағы қарт» деген өлеңінде өткен-кеткеннің бәрінен сәлем күтетін қарияның бейнесі көз алдыңызға келуі тиіс. Ойлап көріңізші, жұрттың бәрін өзіндей аңқылдақ, өзіндей ақжайнақ көретін ауыл қазағының сәлемі қандай болуы керек еді? Оның қайтарымы ше?

Амандасу әдебі

Қызығы, осы мақаланы жазбас бұрын, неге екенін қайдам, Есенқұл Жақыпбектің: «Аға деп барсам ағама, ағаның көңілі көкте жүр. Бауыр деп барсам, бауырға, бауыры оның көк темір», деген сөзі еске түскені бар. Бұл сөзді, қайран Есенқұл неге айтты екен деп те түсінік тілемейсіз: бәрі жатық, бәрі анық. Аман-сәлемнен қалған қоғамның рухани азып-тозған міскін хәлі де дәл осылай болар ма еді, кім біліпті?! Әйтеуір, іні ағаға, аға тиісінше ініге ізет-құрметін – інжу сезімін жоғалтқан бүгінгі қоғамда көп адамның осы күйді кешкені де рас.

 Енді мың жүректің қылын шерткен Мұхаңнан, ақиық Мұқағалидан да бір лепес тыңдап көрелік. Бақсаңыз, ақиық ақынның да бір өлеңінде қоғамға кейіп: «Бағамын деп әркімнің қас-қабағын, Балам қабақ шытса да жасқанамын. Сәлемімді біреулер алмай кетсе, Екі иығым салбырап, пәс қаламын», дейтіні бар. Тағы да ой түбіне кетесіз. Қазақ неге сонша осы бір жалғыз ауыз сөзге бір жұтым ауадай зәру болды екен деп ойлайсыз сосын.

Сөйтсек, «сәлем» сөзінің өзі Жаратушы жалғыз жаппар иеміз – Алланың үйреткен сөзі екен. Мәселен, сіз білетіндей «Ас-Сәләм» – Алла таға­ланың көркем есімдерінің бірі. Дін ғалымдарының айтуынша, Әбу Хурайраның (р.а.) риуаят етуі бо­йынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала Адам атаны жаратқан кезде: «Бар анау отырған періштелерге сәлем бер. Сәлеміңе қалай жауап беретіндігін тыңда. Себебі олар­дың қайтарған сәлемі сенің және ба­ла­­ла­рыңның сәле­мі болады», деп бұйырады. Сол сәтте Адам ата пе­ріш­­телерге барып: «Әс-Сәләму ға­лейкум», дейді. Періш­те­лер де: «Әс-Сәләму ғалайка уа рах­ма­тул­лаһ», деп сәлем қайтарады» деген.

Міне, осы мысалдан-ақ Алла таға­ланың бізге қалай сәлемдесу керек­тігін үйреткенін байқайсыз. Сон­дай-ақ Алла тағала қасиетті Құ­ранда: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақ­сырақ немесе соның өзін қайта­рың­дар!» («Ниса» сүресі, 86-аят), деп бұйырады.

Демек, сәлем – адамзатқа Алладан бұйырған мол ризық деген сөз. Әрі біз келтіргендей мысал-дәйектің Құ­ранда молынан кездесетінін көзі ашық оқырман білсе керек. Бәрінде де адамдар ара ізет пен ілтипаттық қалыптың өзара бауырластырушы фактор екені түсіндіріледі. Ал қазақта: «Сәлем – сөздің анасы» деген аталы сөз бар. Біздіңше, осы бір адами құндылықтың шексіз сөздің анасына айналуының бастауында Жаратушының қасиеті жатса керек. Сол себепті де атам қазақ «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс­тағы қария сәлем береді» деп өнеге етпеді ме?! Бұл да болса асыл дініміз Исламның дәстүрмен тіндесе, сіңісе түсіп, рухани жан дүниеміздің азығына айналғанының куәсі іспетті.

Ислам демекші, атақты Ислам ғұламасы, аңызға айналған тұлға Мәшһүр Жүсіптің: «Біздерге сәлем беру болды – сүннет, Пайғамбар сүн­нетін тұт, болсаң үмбет», деп өсиет қалдыруының өзі тегін болмаса керек.

Ол ол ма, арғы тарихқа үңілсеңіз де сәлем туралы үлгіге ұстын етер дерек көп. Соның бірі – Жүсіп Баласағұн баба­мыздан қалған сөз. Ол онда: «Сәлем жолы – есендіктен адамға, Сәлем бердің, саулық бердің – оларға. Игі тілек танытқанға мейірім, Алла сыйлар деннің саулық, хайырын», деп жырлайды.

Ғұлама мұнда сәлем берудің – жақыныңа саулық, нақтырақ айтқанда, дін амандық, тыныштық тілеу екенін, яғни сол тілекті қабыл етушінің тағы жалғыз Жаратушы екенін меңзейді. Бұдан шығатын қорытынды, адамдар арасында ізгіліктің қанат жаюы үшін де сәлем берудің қажеттігі расталады.

Осы ретте «сәлем қалай берілу керек?» деген заңды сауалдың туындайтыны рас. Бұл ретте жасы кіші адамның өзінен үлкен кісіге бірінші болып сәлем беретіні анық. Бұл жайында үлкендеріміздің ұлық бір әдебі еске түседі осындайда. «Пә­лен­шенің пә­ленше туысы ауы­рып қа­лыпты, соған амандасып қайталық» дейтін. Сіз­діңше бұдан не түюге болады? Әрине, сырқат адамға сау кісі бірінші амандасуы керектігін бай­қай­сыз.

Оны айтамыз-ау, қазақтың сәлемге берік, әдепке жүйрік болғаны сонша, атты адамның жаяу адамға бірінші болып амандасуы міндеттелген. Атты адам дегенде, бүгінгі «темір тұл­парын» құйғыта келіп, сәлемнің сар­қытын да татырмай одыраңдап өтер көп дөкейдің баласы еске түспей ме?! Басып-қағып кетпегеніне тәубе деп отырған қарияны көресің сосын.

Келесі бір жосынның жосығын атақты Тәуке ханның «Жеті жарғы­сы­нан» байқауға болады. Онда қару-жарақ асынған адамның, тіпті сол адам мінген аттың өзінің ерекше құр­­метке лайықталғаны айтылады. Яғни мұндай адамдарға қарапайым жұрт бірінші салем беруі тиіс. Мұны да сіз қазақтың көшпелі жаугершілік өмірде бұл өздерін қорғаушы сар­дар-сарбаздарға деген құрметінен туын­даған қасиеті деп біліңіз.

Енді сәлем берудің әдебі туралы аз-кем тоқталып өтсек. Қазақтың байыр­ғы түсінігі бойынша, қол беріп аман­дасудың да өз алабөтен себебі бар. Өйткені бұл қағидатты түсіну үшін екі адам қол алысып аман­дас­қанда сол сәттегі адамның тұтас эмо­циясы сөзбен қатар, тері арқы­лы да білінетінін еске алсаңыз жеткі­лік­ті. Яки сіз оның өзіңізге деген көзқарасын жазбай танисыз деген сөз. Мысалы, қазақта «сылбыр амандасу» деген бар. Оның мәні – қолын жай ғана бос ұсынып, қарсы жағына мән бермей амандасуы дегенді білдіргені.

Осы себепті де үлкендеріміз қа­шан­да қолды қысыңқырап, жанның жыл­уын өткізе отырып амандасыңдар дейтұғын. Егер біреудің амандасқаны жақпаса «қайсыбіреудің баласы құсап амандаспаңдар, үсіген тауықтың аяғы сияқты сап-салқын» дейтін тағы...

Иә, сәлем туралы ойды ой қозға­ған­да бүгініңе де зер салып, ерте­ңіңмен алаң күй кешетінің бар. Кешегі әке­лердің көршісінің өзімен жыл көр­меген туысындай төс қағыстырып ама­н­дасуы, әжелердің бала біткенді ай­налып-толғанып көзден сүйіп амандасуы, иә болмаса, аталардың қыз­да­рының маңдайынан ғана иіскеп амандасуы бар ма бүгін?.. Есесіне, үлкен бе, кіші ме, айырғысыз беттен «шолп-шолп» еткізіп сүю бар. Міне, біздің әдебіміздің «сарқыты». Бары осы. Ал оған кім кінәлі еді?!