Аймақтар • 07 Ақпан, 2022

Қыруар қаражат қажетке жарамай тұр

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында соңғы кезде су тапшылығы жиі байқалуда. Өңірдегі су қоймаларына тіршілік көзі қажетті мөлшерде жиналмай, қақаған қыстың бел ортасынан бастап, көктемнің көкөзек шағында да елді әбігерге салатыны бар. Бұл, әсіресе аймақтағы шаруалардың жұмысына айтарлықтай дәрежеде кедергі келтіреді. Тіпті бұйырған несібесін қара жерден айырып отырған кейбір диқандардың тірлігі тұралап, әжептәуір шығынға да батып жатады. Су тапшылығы жылдан жылға күрделі мәселеге айналып, күрмеуі шешілмей келеді. Мұның бір себебі, мамандар қыс мезгілінде қардың қалың түспеуінен де болады дейді. Дегенмен мәселені шешудің түрлі жолдары қарастырылуда. Мәселен, өңірде жерасты суларын мейлінше тиімді пайдалану туралы бастама көтеріліп, тиісті басшыларға тапсырма берілгенімен, оның орындалу барысы да баяу болып тұр.

Қыруар қаражат қажетке жарамай тұр

Су тапшылығы мәселесі биыл Жамбыл ауданында да өзекті. Айша бибі ауылдық округіне қарасты «Райыс» каналына қыруар қаражат жұмсалғанымен, нәтижесі ойдағыдай емес. Жергілікті шаруалар аталған су арнасының жобасы әуел бастан дұрыс жасалмағанын, жалпы, каналдың құрылысына қарсы екендіктерін айтуда. Биыл құрылысы үшінші жылға жалғасып келе жатқан «Райыс» каналының әлден-ақ қабыр­ғалары құлап жатыр. Сапасыз жүргізіл­ген құрылыс сыр бергендіктен, үш жылдан бері шаруалар суару мәселесінің тауқыметін тартып келеді. Алқаптағы көпшілік атүсті салынған арна алқап­тарды тіршілік көзімен қамтудың орнына, қайта су тапшылығын тудырып отырғанын айтады. Енді егін егуге санаулы уақыт қалған кезде, шаруалар су тапшылығының мәселесін қалай шешетінін білмей дал.

Шаруа қожалығының басшысы Асхат Иманов жаңа арнаның салына бастағанына қуанғанымен, қуанышының ұзаққа созылмағанын жеткізді. Арна судың алғашқы ағысына шыдамай, қабырғалары небәрі бір жарым айдан кейін құлап қалған. Бұдан соң жауап­тылар төрт күнге суды тоқтатып, кейін қайта жіберген. Уақытша жамалған канал қабырғалары сол күйінде тұр. Жалпы, Айша бибі ауылдық округінде 3 098 гектар суармалы жер бар. Бірақ бүгінде оның жартысы ғана суарылады. Енді жердің қалған бөлігіне «Райыс» каналынан келетін тіршілік көзі жетпей отыр. Бұрын ені 4 метр болатын арна жаңа сызба бойынша екі есеге қысқартылды. Алайда бұрын секундына 3 текше метр су түсетін болса, енді су секундына 1,8 текше метрге дейін қысқарған.

Су жетіспеушілігінің салдарынан Нұрғазы Омарқұлов шығынға ұшырап отырғанын жеткізді. «Мен бір ғана шаруа қожалығы атынан өткен жылғы науқанда судың өзіне 1 млн 300 мың теңге төледім. Жалпы, былтыр шыққан 7-8 млн теңге шығыннан 4 млн теңгемді ғана қайтардым. 120 гектар алқапқа егілген пісте мен жүгерімнің тең жартысы қурап қалды», дейді ол. Енді ша­руа науқан уақыты жақындаған сайын су мәселесіне алаңдаулы. Өзге шаруа­лардың да басында тұрған жағдай осы.

«Райыс» каналының құрылысы былтыр аяқталуы керек болған. Алайда салғырттық салдарынан бұл тағы бір жылға қалып отыр. Онымен қоймай, жауапты мердігер компания аталған арнаның құрылысын қырға қарай салып жіберген. Су тапшылығын тудырып отырған бірден-бір кедергі де осы.

«Мен осы мәселені қанша айттым. Судың алды тартпаса, арты қайда барады? Кептеліп тұрады да, су асып кете береді», дейді Айша бибі ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрғали Панапов.

Бірақ бұл жанайқайға құлақ асқан ешкім болмапты. Енді келіп үш шақырым атыз жарамсыз болып қалған. Канал да, су да болғанымен, оның ешқайсысы қазір қажетке жарамай отыр.

«ҚазСуШар» республикалық мемле­кеттік мекемесі Жамбыл облыстық филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев мердігер компания мен жобалаушылар кінәларын мойындап, каналды қайта кеңейтіп жасап беретінін жеткізді.

«Соған байланысты келесі жылы толығымен су өткізу қабілеті артады. Сөйтіп, үш мың гектар алқапты сумен игереміз деген ойдамыз», дейді ол.

Дегенмен жауапты басшылар жобаны аяқтау үшін қанша қаржы қажет екенін айта алмады. Бірақ диқандарға егін көлемін қысқарту керектігін ескертуде. Алайда нәсібін кәсібінен тауып жүрген шаруалар мұны орынсыз деп санайды. Өңірде соңғы екі-үш жылда басталған су «жыры» биыл тағы да қайталанып отыр. Бұл «Райыс» каналы бастапқы кезеңде Жамбыл ауданының есебінде болған. Сөйтіп, кейіннен қараусыз қалған. Кеңес заманынан бері аталған су арнасына құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана осы каналды «ҚазСуШар» мекемесі өз теңгеріміне алып, қайта жабдықтауға берген. Мердігер мекеме көлемі 1 млрд 880 млн теңге болатын тендерді ұтып алған. Бірақ ұтып алғанымен, ұтымды тірлік жасай алмаған. Құрылысшылар магистралды каналдың құрылысын жүргізу кезінде қателіктерге жол берген. Соның салдарынан арнаның ені тарылып, секундына түсіп тұратын тиісті су көлемі азайған. Содан келіп су жеткізу мәселесінде түрлі қиындықтар туындаған. Сол қиындық, міне, үш жылға созылып келеді. Ал желге ұш­қандай болған қыруар қаражатқа жасалған арна жұмыстарындағы олқы­лықтың орны қашан толатынын уақыт көрсетеді. Анығы, қыруар қаражат бөлінсе де, канал қажетке жарамай тұр.

 

Жамбыл облысы