Аймақтар • 07 Ақпан, 2022

Қысқы жол неге қауіпті?!

922 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында былтырғы желтоқсан айында аса ауыр 12 жол-көлік оқиғасы болып, 8 адам қаза тапты, 17 адам жараланды. Ал биылғы қаңтар айында осындай 12 оқиғадан 18 адам опат болып, 27 адам жарақат алған.

Қысқы жол неге қауіпті?!

Әрине, жол апатының себебі көп. Соның ішінде қысқы жолдардың қар мен мұздан уақтылы тазаланып тұруы – жолаушы қауіпсіздігінің бір кепілі. Жоғарыдағы жол апаттарының кейбірі үшін дәл осы жол тазалаушы мердігер мекемелердің үстінен қылмыстық іс көтерілгені де сондықтан.

– Қыс мезгілінде автожолдарды күтіп-ұстау мәселесі бойынша 2021 жылдың маусым айында ауыр жүк көлік жүргізушілерімен болған кездесуде көтерілген болатын. Былтыр қараша айында да Орал қалалық партия­лық бақылау комиссиясы облыстық Полиция департаменті өкілдерімен кездескен кезде де халық тарапынан ескерту айтылды. Әлеуметтік желіде де белсенді азаматтар ғана емес, ауылдық округтердің ресми парақшаларында жол тазарту, көктайғақ кезіңде құм шашу мәселесін көтерген жазбалар жиілеп кетті. Сондықтан біз, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, белсенді азаматтармен бірлесе отырып, өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында өңірдегі жолдың жағдайына рейдтік шаралар ұйымдастыруды бастадық, – дейді Nur Otan партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Афиза Семғалиева.

Өңірде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 496,7 шақырым болса, оның 1 414 шақырымы – респуб­ликалық маңызы бар автожолдар. Ал облыстық және аудандық маңызы бар 5 082,7 шақырым автожолдың не­бәрі 34 пайызы ғана жақсы және қанағат­танарлық жағдайда. Ресми мәліметке қарағанда, облыстағы 3 349,5 шақырым жол қанағаттанарлықсыз. Бұл – рес­публика бойынша ең төмен көрсеткіштің бірі. Міне, осындай жағ­дайда қар мен мұздан уақтылы тазаланбайтын болса, жолдың жағдайын көз алдыңызға елес­тете беріңіз.

 Тексеріс нені көрсетті?

Еліміздің Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне қа­расты Автомобиль жолдары комитеті бекіткен ереже бар: әдеттегі жағдайда жол жабындысы 4 сағатта, ауа райының төтенше жағдайында 8 сағат ішінде тазартылуға тиіс. Ал облыстық маңызы бар жолдарда жол жиектерін тазартуға мердігерге 2 күннен 4 күнге дейін уақыт беріледі. Партиялық бақылау дәл осы директива Батыс Қазақстан облысында сақталмай отырғанын көрсеткен.

Облыс аумағындағы 1 414 шақы­рым­ға созылған республикалық маңызы бар жолдарға жауапты «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының жолды күтіп-ұстауын ұйымдастырып отырған «ҚазАвтоДор» мекемесінің арнайы техникамен қамтылуы небәрі 58%-ды құрайды. Ең сорақысы, осы 58 па­йыздың ішінде жұмысқа жарамдысы 41% ғана болып шыққан! Яғни дәл осы күшпен 1 414 шақырымды мерзіміне сәйкес күтіп-ұстау мүмкін емес.

Автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау бойынша ұсынымға сәйкес, жол бөлігін күтіп ұстауды міндетіне алған мердігер мекеме жол мен көпірлерді қар басудан қорғап, қажет кезінде көктайғаққа қарсы уақтылы шаралар жасауға тиіс. Бұл үшін техникасы да­йын болуы шарт. Жылыту орындары, құм базалары алдын ала дайындалуы қажет. Алайда тиісті шарт бойынша мемлекет қаржысын алып отырған мекемелер өз міндетіне жауапсыз қараған.

Мәселен, Ақжайық аудандық пар­тия­лық бақылау комиссиясының қоры­тын­дысына назар салайық: «Тех­никалық талапта жұмыс әр айдың 30-ына дейін қабылданады деп көрсе­тіл­геніне қарамастан, «Жолаушы Жол» ЖШС келісімшарт талаптарын уақтылы орындамай, жолды кү­тіп-ұстау жұмысын тиісті деңгейде жүр­гізбеді. Мердігер мекемеге жұмыстарды уақтылы және сапалы атқару жөнінде бірнеше рет ескерту хат жолданған. Жергілікті тұрғындар тарапынан жолды күтіп-ұстау сапасына қатысты бір­неше рет шағым түсті».

Ал Қазталов аудандық партиялық бақылау комиссиясы аудан аумағын­дағы облыстық маңызы бар жолдың бір бөлгін күтіп ұстауға тиіс «Старт­СтройСервис» ЖШС «қысқы кезеңге дайын емес» деген шешімге келген. Өйткені мекеменің техника сақтайтын базасы, жылыту бекеттері, инертті мате­риалдар қоры болмаған. Қағаз жү­зінде тіркеуде тұрған 7 техника табылмай, шын мәнінде 1 ғана техника бар болып шыққан. Осы кемшіліктер бо­йынша акт толтырылып, тиісті мекемеге хабарланған.

Жаңақала аудандық партиялық бақы­лау комиссиясы Жаңақала – Ақжа­йық, Жаңақала – Қызылоба тасжолына рейдтік шара жүргізіп, жолдың қардан тазаланбағанына, тұзды құм себілмегеніне куә болған.

Бәйтерек ауданына қарасты Орал-Кир­санов бағытындағы жолды күтіп-ұстауға жауапты мердігер «Старт­СтройСервис» ЖШС бірнеше мәрте ес­керту алғанына қарамастан, жолда көк­тайғақ болған. Осы мекеменің тех­никалық базасын тексермек болған комиссия мердігердің өзін де, техникасын да таба алмапты.

Мәселенің мән-жайы

Nur Otan партиялық бақылау комис­сиясының бастамасы бар, жергілікті белсенді азаматтардың араласауы бар, өңірдегі жол мәселесі соңғы кезде күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналды.

Қараша-желтоқсан айларында ха­лық­қа сұрау салып, жол жағдайын қада­ғалаған партиялық бақылау комис­сияларына халықтан түрлі шағым жауып кеткен. Мәселен, «Орал – Ақтөбе ба­ғыты, Ақтөбе шекарасына дейін жол көк­тайғақ», «Орал – Ақтөбе ба­ғыты (Алғабас тұсы), Қаратөбе – Орал ба­ғыты көктайғақ», «Ақсай – Шыңғырлау жолы көктайғақ», «Орал – Атырау күре жолы, 238 шақырым тұсы көктайғақ», «Чапаев – Тайпақ жолы жолы қардан тазартылмайды, көктайғақ», «Барбастау – Ақжайық – Индербор бағытындағы жол­дың Базартөбе ауылының тұсы күз­гі жауында ой-шұңқыр болған батпақ қырылмаған», «Жаңақала – Чапаев (Пятимар тұсы) жолы қардан тазартылмайды», «Жаңақала – Жаңақазан жолы қардан тазартылмайды», «Жаңа­қала – Сайхын жолы батпақтан кейін қы­рылмайды», «Бәйтерек ауданы Достық аулына кіреберіс жолы тазаланбаған», «Орал – Кирсанов жолы көктайғақ, жол жиегі тазартылмайды», «Орал – Самара күре жолында көтерілетін және түсетін биік төбелер көктайғақ»...

Жоғарыда айтылғандай, партиялық бақылау комиссиясының мұрындық болуымен 14 желтоқсан күні облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы, облыстық, аудан­дық маңызы бар жолдарды кү­тіп-ұстауға жауапты мердігерлер ZOOM онлайн платформасы арқылы бас қо­сып, мәселені талқылады. 22 жел­тоқсан күні «Жолаушы Жол» және «Старт­СтройСервис» ЖШС мердігерлерінің жұмысы тыңдалып, Ақжайық, Жаңа­қала, Қазталов, Бәйтерек аудандары бойынша жолды күтіп-ұстау бағытында тұрғындардың уәжі жеткізілді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айдар Менеев ұсынған мәліметке қарағанда, өңірдің 1 620 шақырымдық облыстық маңызы бар жолдарын 2 022 ­жыл бойы күтіп ұстау үшін 2022 жыл­ға 877 113 296 теңге қаржы қарас­ты­рыл­ды. Бұл қаржы 13 мердігер мекемеге берілген. Осы мердігерлердің басым бөлігі үшжылдық келісімшартқа 2021 жылы ғана отырған көрінеді.

– Егер мердігер мекеме өзінің мой­нына алған міндетін орындамаса, шарт бойынша оған жалпы алған қара­жатының 0,1% көлемінде айыппұл салынады. Анықталған әрбір факт бойынша осындай жаза қарастырылған. Осы қыстың қорытындысы бойынша біз мониторинг жасап, қараймыз. Егер шартты толық орындамай, халықтан арыз-шағым көп түсетін болса, мердігермен арадағы келісімшартты бұзуға дейін барамыз, – дейді А.Менеев.

Өңірде жол мәселесін жиі көтеріп жүрген қоғам белсендісі Айболат Бөкенов 0,1% айыппұлдың өте аз еке­нін айтады. Сондай-ақ мемлекет қар­жысы мердігер мекемелерге қыс­та қар тазалауға ғана емес, жол таңба­ларын салу, жол белгілерін орна­ту, жол жиегіндегі шөптерді және ағаш­тарды шабу, асфальтбетон жабы­нын шұңқырлы жөндеу және т.б. мақсат­тарға да берілген. Мысалы, 1 шақы­рымдық жол сызығын салу үшін 42 394 теңге қарастырылған. Жол бойында бір белгі қою 13 700 теңгеге бағаланған. Айт­пақшы, осы жол белгілерінің де өзі­нің пайдалану мерзімі болады екен. Рейд осындай жол белгілерінің тиіс­ті мерзімінде жаңартылмайтынын көрсеткен. Мысалы, Орал – Атырау күре жолы бойындағы кейбір белгілердің алмастыру мерзімі 7-8 жылға асып, ескіріп кеткен.

Өңірдегі қысқы жол тазалығына бай­ланысты өткен қоғамдық тыңдау осы саладағы кейбір түйткілдерді анық көрсетті. Мәселен, жолдарды кү­тіп ұстау үшін жарияланған тендерге қаты­сушы мекеменің техникалық базасы, әлеуетіне қатысты талап өте жеңіл. Мердігер тендерге қатысу үшін кез келген мекеменің техникасын көрсетіп, құжатын тіркей алады. Қыс кезінде жолды қар мен мұздан дер кезінде тазалай алмай, халықтың шағымын естіп отырған да осындай мекемелер. Сондықтан келешекте тендер шарттарына өзгеріс енгізіп, талапты күшейту керек, – дейді тағы бір қоғам белсендісі Еділ Бекесов.

 Қоғамдық бақылау

Әрине, қарапайым халық, жолға шық­қан жолаушы діттеген жеріне бейнетсіз жетуді қалайды. Жол күтімін мойнына алған мердігердің жұмысы сапалы болуы үшін қырағы қадағалау, қоғамдық бақылау керек-ақ. Өкініштісі, өз міндетіне самарқау қарайтын мекемелер де жоқ емес. Мысалы, желтоқсан айында Ақжайық ауданы Жамбыл ауыл­дық округінің ресми парақшасына: «Жо­лаушы жол» мекемесі, жолды тазалап кетіңізші, өтініш!» деген хабарлама жазылған. Мекеме басшысына тікелей айтылған өтініштер орындалмаған соң, осылай жария сұраудан басқа амал қалмаған.

Nur Otan партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Афиза Семғалиева осындай шағымдарға дер кезінде көңіл аудару үшін әр мердігер мекемеге әлеу­меттік желіде өз парағын ашуды ұсын­ды. «Жол сапасына шағым немесе ұсы­ныс-пікір айтқысы келген көлік жүр­гізушісі немесе жолаушы өз ойын, фото-бейне материалды сол парақшаға дер кезінде жарияласа, оның ықпалы, нәтижесі күшті болар еді» дейді Афиза Болатқызы.

Бұл ұсыныс облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қабыл алынып, сәл өзгеше түрде жүзеге асты. Яғни басқарма тарапынан облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы уақытта күтіп ұстауға қатысты арыз шағымдар­ды, ұсы­ныстарды WhatsApp нөмірі арқы­лы +7 771 179 63 92 қабылдайды. Бұл нөмірге облыстағы жол құрылысы және қоғамдық көлік мәселелеріне де қа­тысты сұрақтарды жолдауға болады.

Биылғы 19 қаңтар күні іске қосылған осы желіге 10 күн ішінде 81 шағым және сұрақ түсіпті. «Мұның ішінде аудандық маңызы бар жолдарға қатысты – 4, қала­ішілік жолдар мен қоғамдық көлікке қа­тысты – 65, облыстық маңызы бар жолдар мен қоғамдық көлікке қатысты – 5, республикалық маңызы бар жолдарға қатысты – 4 және басқа мәселелер бо­йынша 3 сұрақ пен шағым келіп түсті. Барлық мәселе бойынша жауапты мекемелер жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады» деп мәлімдеді А.Менеев.

 «Қазавтожолға» сәлем айт!

Соңғы кезде қоғамдық талап күше­йіп, өңірдегі облыстық және аудандық деңгейдегі жолдарға бақылау күшейді. Оның нәтижесі де жаман емес. Бірақ «Қазавтожолға» тікелей бағынатын рес­публикалық жолдар мәселесі әлі ушы­ғып тұр. Адам қазасына соқтыратын ауыр жол апаттары да дәл осы респуб­ликалық жол бойында жиі қайталанады.

– «Қазавтожол» компаниясының облыс бойынша бас инженері Аңсар Рахматуллинның айтуынша, 2021 жыл­ғы 6 желтоқсанға дейін жол күтіміне ­1,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы қар­жы қайда жұмсалады? Неге «Қазавтожол» қажетті техникаларын жаңартпайды? Үкімет басшысынан қаржылық бақылау комитетіне тапсырма беріп, республика бюджетінен бөлінген қаржыға тексеру жүргізуді сұраймын. Әйтпесе, жауапсыз жол мердігерлердің кесірінен бейбіт күнде жол бойында қаза тапқан халық саны азаймай отыр, – дейді Еділ Бекесов.

Айтпақшы, «Қазавтожол» ҰК АҚ бас­шысы Асқар Мұратұлының атына Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Мұқаев өңірдегі мәселелерді айтып, бірнеше мәрте хат жолдаған. Оның бір де біріне жауап болмаған.

«Көршілес мемлекеттерде жол тазалаушы мекемелер қар жауа басағанда-ақ тазалау жұмысына кіріседі. Сөйтіп, жол бетінде қар, мұз қатуына, көктайғақ пен кедір-бұдыр болуына мүмкіндік бермейді. Сол арқылы жол-көлік оқиға­ларының алдын алады. Алайда бізде бұл әдіс қолданылмайды. Жол күтуші мердігерлер ауа райын болжайтын мекемелердің мәліметін пайдаланбайды. «Қазавтожол» мекемесі арнайы техникамен небәрі 58%-ға қамтылған, оның 41%-ы ғана жұмысқа жарамды. Жедел жүретін әмбебап машиналар саны қажетті мөлшердің 57%-ы ғана. Жол тазалайтын мекемелер «Көктай­ғақ» деген белгі орнатумен шектеледі. Тұзды құмды тек ылди мен өрге ғана кешігіп себеді. Жолдың қалған бөлігі қаралмайды. Осындай салғырттықтың себебінен ауыр жүк көліктері «Орал – Атырау» күре жолының Желтау биігі тұсында, «Орал – Самара» жолында жиі кептеліп қалады. Бұған қоса, республикалық жолдар бойында жол қозғалысына қауіп төндіретін ақаулар – шұңқырлар мен шоқалақтар пайда болған. Осындай жағдайларға байланысты өңірде әлеуметтік наразылық күшейіп келеді. Сондықтан жол саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, республикалық дәрежедегі жолдарды күтіп ұстауға қажетті қаражатты толық бөлуді сұраймыз. Жолды күтіп-баптауға бөлінетін қаражат мөлшері Ресей Федерациясынан 5 есе аз. Жол күтетін техника паркі әбден ескірген. Осы мәселелерді шешу үшін тиісті шара­ларды қолданып, қалыптасқан ахуалды түзеуді сұраймыз. Бұл мәселе халықтың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіндіктен, өте өзекті. Қабылданған шаралар жөнінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», делінген соңғы хатта. Әзірге жауап жоқ.

                                                                                                        Батыс Қазақстан облысы