Сұхбат • 07 Ақпан, 2022

Бізге трагедиялы сабақтың қажеті жоқ еді

325 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы талай кемшіліктің бетін ашып, мемлекет бағдарын жаңа арнаға бұрған бетбұрыс жасауға түрткі болды. Қоғам көңіліне үміт ұялап отыр. Болған жайдан сабақ алып, болашаққа байыпты қадам жасау үшін Президент алға ұстаған «Жаңа Қазақстан» идеясының мәні зор. Осы тұста қаңтар трагедиясының ақ-қарасын анықтап, әр іске әділ баға беру тұтас қоғамды елеңдетіп отырған мәселе. Осыған қатысты белгілі саясаттанушы Дос Көшімге бірер сұрақ қойған едік.

Бізге трагедиялы сабақтың қажеті жоқ еді

– Қаңтар оқиғасынан бері айға жуық уақыт өтті. Қоғам үнін аңдасақ, әлі де жауаптан гөрі сауал басым. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Әрине, тергеу-тексеру жұмыстары­ның ұзақ мерзімге созылуы қалыпты құбылыс. Алайда осы уақыттың ішінде оқиғаның алғашқы қорытындысы шы­ғуға тиіс еді. Қоғам осыны күтіп отыр. Әзірге тек қана болжамдар, хабар­лан­дырулар мен ақпараттар легі басым. Нақты қандай жағдайлар болды, кім қалай жұмыс істеді, қандай кем­шіліктерге жол берілді, осының бәрі жеке-жеке жіктелуі тиіс. Нақты пайым айтыл­мағаннан кейін түрлі пікірлер, қаңқу сөздер мен болжамдар белең алады. Мәселен өркениетті елдерде елді елең еткізер оқиғалар орын алғанда, қандай да бір қоғамдық мәселелер туын­дағанда, олардың заңы бойынша екі сағаттан кейін мәлімдеме жасалады. Күш­тік, құқықтық құрылымдардың басшылары әр күн сайын белгілі мерзімде брифингтер өткізіп, тілшілер сауалына жауап береді. Мұның маңызы зор. Бізде Президент жиі мәлімдеме жасап тұрды. Ал салаға тікелей қатысты ведомство басшылары 3-4 күн өткеннен кейін ғана төбе көрсете бастады. Мемлекет басшысының жағдайға қатысты шұғыл шешімдерін қолдадық. Бұл тұста алдымызда екі жол ғана тұрды. Не Президентті қолдау, не бүлікшілердің сөзін сөйлеу. Бейбіт шеруден бастау алған бейберекетсіздік тәуелсіздікке, мемлекет тағдырына қауіп төндірді. Алдымызда жағдайды тұрақтандырудан басқа жол жоқ еді.

– Бейбіт шерудің де өзіндік нормалары этикасы болуы керек емес пе?

– Тоқсаныншы жылдан бері талай бейбіт шерулердің басы-қасында бол­дық. Бірақ дәл мынадай жағдай орын алған емес. Халықты шеруге шақыр­ғанда сол халықты ұстап тұра алатындай күшің болуы керек. Мұндай мүмкіндігің болмаса оның салдары қиын болатынын да ой елегінен өткізген абзал. «Шерудің соңы неге ұласып кетеді?» деген сауал үнемі ойда тұруы қажет. Шеруді алғаш ұйымдастырып, Жаңаөзенді қол­даймыз деген азаматтар мен топтар өз­дері соны ұстай білуі керек еді. Себебі көпшілік жиналған жерде міндетті түрде арандатушылар болады, сол секілді эмоциясы басым адамдар кездеседі. Тоқсаныншы жылдардың өзінде мұндай жағдайларға куә болдық. Ол тұста шеруге шыққанда еркіндіктің есігі ашылып, бәріміз сөйлеуге, азаматтық үнімізді білдіруге белсенділік танытатынбыз. Сол уақыттарда әр шеруді жүйелі түр­де жоспарлап, тәртіп мәселесін жіті қада­ғалайтынбыз. Ал ондай жағдайға қау­қарың болмаса онымен айналыспаған дұрыс. Соңғы жылдары Арменияда осындай бейбіт шерулер болды. Ештеңе бүлініп қираған жоқ. Шерушілер жинал деген уақытта алаңнан табылып, талаптарын қойған соң мәдениетті түр­де тарқап отырды. Өзің айтып өткен­дей, шеруде, жиында өзіңді ұстай білу үл­кен мәдениет. Бұл мәдениетті мең­геру үшін оған мүмкіндік ашу керек. Демо­кратиялық мемлекет құрамыз деген­нен кейін бұл мәселеден айналып өте алмай­мыз. Себебі бұл – уақыттың, өмір­дің талабы. Осындай жағдаймен бетпе-бет келгенде абдырамас үшін тың бет­бұрыстарға, нақты қадамдарға барға­ны­мыз абзал. Бейбіт жиындар туралы қа­был­данған заңды әлі де кемеліне жет­кізген жөн. Уақытында қоғам белсен­ділері тарапынан бұған қатысты түрлі сы­ни пікірлер айтылғанымен, реакция бол­ған жоқ. Өз кезегінде бұл да күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі.

– Әскери, құқықтық құрылым­дардың, ҰҚК жұмысын күшейтіп һәм қайта жандандыру керек деп жатырмыз. Тәртіпті күшейту қоғам тыныштығына кепіл бола ала ма?

– Бұл – алдымызға қойған көп ба­ғыттың бірі ғана. Дегенмен біз осыны дұрыс түсінбейтін сияқтымыз. Өр­ке­ниетті елдерде полиция жиынға шыққан адам­дарды қорғайды. Біздің полиция ке­рісінше жиынға шыққан адамдар­дан басқаларды қорғаймыз дейді. Өкінішке қарай, біздің органдар шеруге шыққан адамдарды жау есебінде көреді. Бұл кеңестік кезден қалып қойған психология. Одан арылмай алға баса алмасымыз анық. Бұл тұрғыдағы сауатымызды һәм көзқарасымызды дұрыс жолға қоймасақ полиция мен халық бір-біріне өшіге береді. Кеңестің кезінен санамызға сең болып қатқан көзқарастарды өзгертпей, осындай нәзік мәселелерді сауатты деңгейге көтермей қоғам тыныштығына кепіл болу қиын. Құқықтық құрылымдарды қарумен қамту, санын көбейту, оқытудан бұрын мамандардың ішкі психологиясын өзгерту керек. Өкінішке қарай, бізде осы менталитет өзгермей тұр. Және бұл мәселенің екі тарапқа да қатысы бар.

– Тергеуге қатысты сын пікірлер жиі айтылып жатыр. Айталық, ондаған поли­цейдің үстінен азаптау фактісі бо­йынша іс қозғалды. Президенттің өзі тер­­геуде азаматтардың мәселесі әділ та­ра­зылансын деп мәлімдеме жаса­ған еді.

– Мұның да бір ұшы жаңа ғана айтып өткен ескі менталитет мәселесіне келіп тіреледі. Мейлі ол кім болсын, адам құқықтары тең. Осыны әлі түсіне қойған жоқпыз. Құқық қылмыскерге де, бейбіт адамға да бірдей берілген. Бұл тұста құқық қорғау органдарының жаманатты болып отырған бір себебі осыны тереңнен пайымдай алмаудан деп есептеймін. Кінәлі болса да ол адамға шұғыл медициналық көмек керек пе, жасалуы тиіс. Бізде керісінше аурухана төсегінен жұлып алып, тепкілеп тер­геуге алып кетіп жатыр. Неге өйттіңдер десең, «өй, бұл қылмыскер ғой» деген уәж айтады. Осы жерден тағы да психологиялық ақау байқалады. Бұл ең алдымен азаматтардың құқын шектеу әрі кәсіби сауатсыздық. Әлбетте әркім жасаған қылмысының дәрежесіне сай заң алдында жауап беруі қажет. Дегенмен бұл басқа әңгіме. Адам тағдыры сынға түскен жерде көңіл күйдің жетегіне еріп кетуге болмайды. Өркениетті қо­ғамда осы мәселелер ең бірінші орында тұрады. Бұл жерде заңға да, арға да сүйену керек. Тергеудегілердің бәрі де адам әрі олардың құқықтары да бірдей деген мәселе мойындалуы шарт. Әсілінде, бұл бәрі білетін қарапайым дүние секілді көрінгенімен, тағы да сол кәсіби таным мәселесінің кемшіндігімен бетпе-бет келіп отырмыз.

– Осы оқиғадан қандай сабақ алуы­мыз керек?

– Меніңше бұдан алатын сабағымыз жалғыз. Алдымызда екі мәселе тұрға­нын білуіміз керек. Не әрі қарай да осы­лай кете береміз, халықтың ыза-кегі туын­даған сәтте теріс пиғылды топ­тардың, радикалдардың соны пайда­ланып кетуінен қашып құтыла ал­май тағы айқай-ұйқайға қаламыз. Ақы­рында оның бәрін күш жұмсап тоқта­тамыз немесе Президент айтқан Жаңа Қазақстанды құру идеясына топ­та­са­мыз. Саясаткер ретінде айтар бол­сам, Жаңа Қазақстанның жарқын жетіс­тікке жетуі үшін жаңа, білімді, адал кадр­ларға иек артқанымыз абзал. Жаңа Қазақ­станды, ескі кадрлармен құра алмаймыз. Жемқорлық, жалтақтық секілді жаман әдеттерді түп-тамырымен жоймай көшіміз түзелмейді. Бұл айтқаным барлық салаға қатысты.

Ойда жоқ ойраннан қаншама бейбіт азаматтар қаза тапты. Осының бәрі жіті зерттеліп, әр істің ақ-қарасы анықталса деген тілек тұтас қоғамның үні. Егер осылардың бәрі дұрыс тексерілсе билік үшін де, Қазақстан қоғамы үшін де бұл үлкен сабақ болады. Дегенмен мұндай қайғылы, мұншалықты трагедиялы сабақтың бізге қажеті жоқ еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

АЛМАТЫ