Ғылым • 07 Ақпан, 2022

Ғылымға қолбайлау мәселелер хақында

1266 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстандық ғылымды дамыту – маңызды мәселелердің бірі. Ғылым қоғамның тікелей өндірістік күшіне айналса, ғылыми әзірлемелер экономиканың негізгі қозғаушы күші болады. Білімнің жоғары деңгейі, кәсібилік, серпінді бағыттар мен ғылыми жетістіктерді дер кезінде жүзеге асыру – заманауи жоғары технологиялық қоғамның ең құнды қасиеттері. Қазіргі таңда ғылымға көңіл бөлмеген мемлекеттер қоғамның озық игіліктерінен құр қалуға мәжбүр. Осының салдарынан олар жаһандық экономикалық нарықтағы ең табысты, технологиясы дамыған елдерге шикізат өндіруші ретінде ғана қызмет ете алады. Сондықтан да ел Президенті Қ.Тоқаев білім мен ғылымды дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр.

Ғылымға қолбайлау мәселелер хақында

Ғылым мен инновацияларды дамыту – мемлекеттік саясаттың қазіргі талаптарына сай келетін аса маңызды бағыт. Мемлекет ғылым саласын дамытуға соң­ғы он жыл ішінде елеулі қаржы бөлді, енді сол қаржының ел­дің экономика­лық, технологиялық және әлеу­меттік әл-ауқатын нығайтуға қаншалықты пай­дасы болғаны туралы мәліметтерді білу орынды болар еді. Алайда қазіргі уақытта отандық ғылыми зерттеулер нәти­желерінің өндіріске еніп, одан едәуір пайда келтіріп жатқандары саусақпен санарлық.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы, экология, тамақ өнеркәсібі және медицина салаларына арналған отандық биопрепараттар өндірісінің дамуы өте баяу және әлі де шетелдік өнімдерге тікелей тәуелді екеніміз белгілі. Мемлекет бірқатар ірі ғылыми орталықтарды ашты және оларды заманауи құрал-жаб­дық­тармен қамтамасыз етуге қомақты қаражат жұмсады. Мысалы, солардың бірі Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің, қазіргі Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық биотех­нология орталығы (ҰОБ). Бұл ұйым био­технология саласындағы ғылыми әзірле­мелерді дайындап, оларды өндіріске енгі­зуге және коммерцияландыруға бағыт­талған болатын, яғни ғылыми әзір­­лемелерді нақты тұтынушыға жет­кі­зу мақсатында құрылған. Бірақ бү­гінгі таңда жаңа технологиялар мен био­логиялық өнімдердің отандық өн­ді­рісін ұйымдастыру тұрғысынан нақ­ты қайтарымы, өкінішке қарай, нөлге тең болып тұр. Алайда соңғы он жыл­дың ішінде ғылыми жобалар мен бағ­дар­ламаларға мемлекеттік бюджеттен бірнеше миллиардтаған қаржы бөлінсе де оның қайтарымы болмай тұр. Осыған ұқсас жағдай биологиялық саладағы басқа институттарда да байқалады.

Осыған байланысты, бірқатар мәселе туындайды: ғылыми бағдарламаларға бөлінген қаражат аясында жасалған ауыл шаруашылығы, медицина, экология және басқа да салаларға арналған отан­дық препараттар қайда? Жаңа био­ло­гиялық өнімдер мен технологиялар қай­­да? Құрғақшылыққа, топырақтың екін­ші рет тұздануына және ауруларға төзімді жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген ауыл шаруашылығы дақыл­дарына пайдаланатын әртүрлі сұрып қайда? Қаржыландырылған жобалар, әсіресе мақсатты бағдарламаларды қар­жыландыру шеңберінде жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижелері, мемлекеттік экономиканың тиісті салаларының өн­ді­рісіне міндетті түрде енгізумен аяқталуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізу өте сирек кездеседі.

Яғни Қазақстанның ғылымы қазіргі кезеңде бәсекеге қабілетті бола ала ма, ел экономикасына лайықты үлес қоса ала ма деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, отандық ғылым лайықты үлесін қосуға міндетті. Бұл үшін ғылыми зерттеулер­дің нәтижелерін практикаға түбегейлі күйде енгізілуін арттыру қажет. Ғылымда «іргелі зерттеулер – қолданбалы ғылым – ғылыми нәтижелерін коммерцияландыру» сияқты нақты тізбек жұмыс істеуі керек. Сонда ғылыми жаңалықтар мен жетістіктер сөрелерде шаң басып жатпай, нақты экономикалық пайда мен қаржылай салымды қайтаруға мүмкіндік береді.

Осы орайда, іргелі және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыру схемалары­ның аражігін ажыратудың қажеттілігін атап өткен жөн. Сонымен бірге осы салаларды дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылау қажет. Ең бастысы, салынған қаражаттың қайтымын тиісті уәкілетті органдар тарапынан нақты бақылау мен қадағалау жүзеге асырылуы керек.

Әрине, іргелі ғылымның дамуына мем­­лекет тарапынан жан-жақты қолдау болуы қажет. Бұл білім деңгейін едәуір алға жылжытатын және жетілдіретін, келе­шектегі қолданбалы ғылымның ше­шім­дерінің басым бөлігінің негізі болып табылуы қажет. Сонымен бірге, бола­шақта іргелі ғылым практикаға нақты шығуы керек, аз уақытта оған мүмкіндік болмаса да, шамамен 5-10 жыл көлемінде іске асуына толық мүмкіндік болады. Іргелі зерттеулерді кем дегенде 5 жылдық ғылыми жобалар шеңберінде гранттық қаржыландыру есебінен жүзеге асырған жөн. Бұл жалпы ғылымға бөлінетін қаржының 20-25%-ынан кем болмауы қажет. Мұндай жобаларды орындау нәтижелері жоғары рейтингті журналдарда жарияланымдармен, халықаралық форумдарда баяндамалармен, монографиялар, кітаптар шығарумен және т.б. көрсетілуге тиіс.

Ал қолданбалы зерттеулерді орын­дауға ғылымға бөлінетін қаржының жалпы сомасынан 35-40%-ға дейінгі мөлшерін бөлу орынды. Мұндай жұ­мыстар жаңа отандық өнімдер мен препараттарды да­йын­дауға, оларды өнеркәсіптік өндіруге арналған жаңа технологиялар әзірлеуге нақты бағыт­талуға тиіс. Мұндай ғылыми зерттеу жұмыстары зертханадан басталып, патенттерді ресімдеумен, әзірленген идеялар мен технологияларды (далалық сынақтар, клиникаға дейінгі және/немесе клиникалық зерттеулер, тәжірибелік-өнеркәсіптік үлгілерді жасау және т.б.) сынақ­тардан өткізумен аяқталуы қа­жет. Қазіргі таңда қолданбалы зерттеу грант­тарына 3 жылға шамамен 70 млн теңгеге дейінгі қаражат бөлініп отыр. Бұл қаражат өз дәрежесінде нәтиже алу­ға мүмкіндік бермейді. Сондықтан қолданбалы зерттеулерді мемлекет тапсырыс беретін мақсатты бағдарламалар арқылы қаржыландыру керек. Мақсатты бағдарламалар мемлекеттің ең өзекті және маңызды әрі күрделі мәселелерін шешуге бағытталуға тиіс. Сондай-ақ міндетті түрде зерттеу нәтижелерін өндіріске ен­гізуді көздеуі керек. Бағдарламаны да­йын­дау барысында атауында тек «әзір­леу» ғана емес, сонымен қатар «өндірісті ұйымдастыру», «технологияны енгізу» және т.б. нақты көрсетілуі керек. Осы қаражатты бөлу мен орындау барысын қатаң бақылауға алған абзал.

Ғылымды қаржыландырудың 35-40%-ға жуығы, сөзсіз, ғылымды коммерция­ландыруға бағытталуы керек. Бұл жаңа өндірістер ұйымдастырумен және отан­дық препараттарды, технологияларды, мате­риалдарды және т.б. өнеркәсіптік өнді­ріспен аяқталуы қажет. Бұл жағдайда қаржыландыру гранты Ғылым қоры арқылы, бейінді министрліктердің ғылым комитеттерінің тікелей бақылауымен жүзеге асырылуға тиіс. Алайда негізгі алға қойған мақсаттар мен міндеттер орындалмаған жағдайда жұмсалған қаражат дұрыс әрі тиімді пайдаланбаған кезде бөлінген қаражаттың 30%-ына дейін айыппұл салып, мемлекетке қай­тару қажет. Бюджет қаражатының тиім­сіз пайдалануына жол бермеу үшін уәкі­летті органдар тарапынан, жобалар орын­далғаннан кейін әрқайсысына терең талдаулар жасап, қорытындысын жариялаған жөн.

Ғылымға бөлінген мемлекеттік қа­ра­жат­тарды мынадай схемамен іске асыр­­ған дұрыс: ғылыми идея (іргелі жо­ба) – сынақтан өткізу/өндіріске енгі­зу (мақсатты-бағдарламалық қаржы­лан­дыру) – коммерцияландыру («Ғылым қоры» АҚ). Сонда ғылыми нәтижелер түп­кілікті тұтынушыға жеткізіліп, яғни отан­дық ғылым ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынына сеніміміз мол.

Сонымен қатар ғылымды ұйымдас­тыру және басқару принциптеріне бел­гі­лі бір өзгерістер енгізу уақыты келген сияқ­ты. Мүмкін ғылымды Білім және ғылым министрлігінен дербес уәкілетті ұйымға бөліп шығарған дұрыс болар. Өйткені қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігінің негізгі мүдделері бірін­ші кезекте мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беруге шоғырланған, ал ғы­лымға қатысты мәселелер көп жағдайда кейінге ығыстырылып қала береді. Осыған орай, ғылым жөніндегі агенттік немесе Президент жанынан Ғылым мен техника жөніндегі мемлекеттік комитет түрінде дербес мемлекеттік орган құрылуы мүм­кіндігін қарастырған жөн.

Ғылыми жобалар мен бағдарлама­лардың конкурстық іріктеу процесін оңтайландыру талап етіледі. Конкурстарды жариялау кезінде Қазақстан үшін өзекті зерттеулерге арналған мамандандырылған бағыттар мен техникалық тапсырмаларды барынша нақтылау қажет, сонда ғана нақты әрі сапалы нәтижелерге ие болатынымыз сөзсіз.

Бүгінде жоғары импакт-факторы бар шетелдік журналдарда жария­ланым­дардың болу критерийі бойынша жоба жетекшілеріне қойылатын қатаң талаптар көптеген ғалымға конкурстарға қатысуға мүмкіндік бермей отырғаны баршаға аян. Мүмкін бұл талапты тек іргелі зерттеулер үшін қолданып, ал қол­данбалы зерттеулер мен (мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламалар) ком­мерцияландыру жобалары үшін жеңіл­деткен жөн болар. Бұл жерде алынған зерттеу нәтижеле­рін өндіріске енгізу та­лап­тары бірінші орынға шыққаны жөн. Бұдан басқа, жаңа озық препараттар мен технологиялар жа­салған жағдайда, бірінші кезекте оларды патенттік қорғау және содан кейін ғана ашық баспасөзде жариялау жүзеге асырылғаны абзал.

Қазір жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын біріктіру мәселесі көп талқылануда. Тәжірибе көр­сет­­кендей, университет пен академия­лық ғылымды біріктіру оң нәтижеге алып келе бермейді. Жоғары оқу орындарының оқытушылары жұмыс уақытының көп бөлігін оқу процестеріне арнауына байланысты олардың ғылыми зерттеулерге толық көңіл бөлуге мүмкіндіктері шамалы. Бұл университет пен академиялық ғылымды біріктіру ғылыми институттарда қандай да бір негізі қаланған жеке мамандандырылған саланың көп жылдар бойы қалыптасқан ғылыми жетістіктері мен ғылыми мектептердің жойылуына қауіп тудырады.

Қазіргі уақытта биологиялық маман­дықтардың ғылыми кадрларын даярлау жүйесінде де белгілі бір олқылықтар кездеседі. Негізінде, ғалымдар өз ғұмыр­ларын Қазақстанның флорасы мен фау­насын зерттеу мен сақтауға және сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлерін қайта қалпына келтіруге арнады. Қазіргі уақытта мәселенің тек бірінші бөлігіне, яғни ғылыми зерттеулерге ғана назар аударылса, ал қорғау мен қайта қалпына келтіруге қатысты нәтижелері айтарлықтай көзге көрінбейді. Оның үстіне өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлерінің, оның ішінде Қазақ­станның «Қызыл кітабына» енгізіл­ген­дердің популяциясы қарқынды түр­де азаюда. Биоалуантүрліліктің азаюы­нан басқа, жыл сайын топырақ құна­ры­ның төмендеуі және екінші рет тұз­далуы, ауылшаруашылық жерлерінің шө­лейттенуі және батпақтануы, табиғи экожүйелердің біртіндеп жойылуы сияқ­ты қауіпті құбылыстар да байқалады. Отандық биологиялық ғылымның мұндай жай-күйінің себептерінің бірі ғылыми ортадағы негізгі үлкен буындағы кәсіби мамандардың жылдан-жылға азайып бара жатқаны. Оған қоса, жоғары оқу орнындағы диссертациялық кеңестер жас мамандарды жалпы «Био­логия» және «Биотехнология» ма­ман­дықтары бойынша ғана даярлайды. Алай­да ғы­лымның нақты саласында терең білім мен арнайы практикалық зертеулерді талап ететін «Зоология», «Бо­таника», «Микробиология» және т.б. мамандықтар бойынша нақты даяр­лау жоқ. Бүгінде ғылыми ұйымдарға ке­ліп жатқан жоғары оқу түлектері – ма­гистрлер мен философия докторлары (PhD) кейде мамандықтарын өз дәрежесінде білмейтіні жасырын емес және осындай мамандарды ғылыми инс­титуттарда қайта оқыту мен даярлауға көп уақыт пен қаражат жұмсауға тура келеді. Біздің ойымызша, бұл мәселені жоғары оқу орындары ғылыми зерттеу институтарымен тығыз байланыс­та болғанда, яғни осы институттардың базасында таңдалған бағыттар бойынша студенттердің практикалық білімін нығайту арқылы шешуге болады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу ұйымдарының жанынан ғылыми дәрежелер (PhD) беру жөніндегі ғылыми кеңестерді міндетті түрде ашу қажет.

Отандық ғылымның зерттеулері мен білікті мамандар даярлауда олардың сапасын арттыру бизнес тарапынан қаржы инвестицияларын тартуға және де ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуға, сонымен қатар отандық экономика мен Республиканың халықаралық аренадағы беделін нығайтуға едәуір ықпал етуге мүмкіндік береді.

 

Аманкелді САДАНОВ,

биология ғылымдарының докторы,

профессор, академик,

Ғылым мен техника

саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты