Әдебиет • 07 Ақпан, 2022

Алаш абызымен қоштасты

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Алматы жұртшылығы көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовті соңғы сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

Алаш абызымен қоштасты

Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Әбдіжәміл Нұрпейісовтің сұрапыл соғысты бастан кешкенін, елге оралған соң қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосқанын атап өтті.

«Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туын­дылары сыншылар мен оқыр­мандар тара­пынан жоғары баға алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тіліне аударылды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды», делінген жеделхатта.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жазу­шы­ның ұлт классиктерінің жолын лайық­ты жалғастырып, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналғанын жазады.

«Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңын­да ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын­ шы­ғармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес бол­ған жа­зушының енді екінші өмірі басталды. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жар­қын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», делінген көңіл айту жеделхатында.

Қаламгермен қоштасу рәсімінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көз алдымызда қазақ әдебиетінің, ұлт руханиятының тұтас дәуірі көшіп бара жатқанын айтты.

«Жас – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек» десек те, саналы адамға бұл қайғының салмағын саралау өте қиын.

Әбдіжәміл Нұрпейісов – төл әде­бие­тіміз бен мәдениетімізді дамыту ісіне өлшеусіз үлес қосқан тау тұлға.

Талғампаз оқырманның жоғары баға­сына ие болып, көзі тірісінде классикке айналған қаламгер. Туған халқының ыстық ықыласына бөленген ұлтымыздың біртуар перзенті.

Есімі аңызға айналған абыз ақсақал адалдықтың ақ жолынан тайған емес. Әрдайым елдіктің сөзін сөйледі. Жұр­тының бүгіні мен болашағына алаңдаумен өтті», деді министр.

Сондай-ақ мемлекет және қоғам қай­раткері Қырымбек Көшербаев жазушының тағдыры оңай болмағанын атап өтті.

«Бұғанасы бекімей жатып қолына қару ұстап майданға аттанды. Қан қасаптан аман келіп, төл әдебиетіміздің алыбына айналды. Әбе 95 жасқа толған кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, «енді ғасырлық мерейтойыңызда кездесейік» деген тілекпен бірге Еңбек Ерінің «Алтын жұлдызын» төсіне тағып еді. Амал не, Алланың әміріне қарсы шығу мүмкін емес», деді ол.

Қаралы жиынға оқырмандар мен зия­лы қауым өкілдері, Үкімет мүшелері қатысты.

Еске салсақ, жазушы 5 ақпанда 98 жасқа қараған шағында өмірден өткен еді.