Спорт • 08 Ақпан, 2022

Галышева жүлдесіз қалды

155 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жексенбі күні Бейжіңде өтіп жатқан XXIV Қысқы Олимпия ойындарында тағы жеті жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Жарыс жолына сноубордшылар (слоупстайл, әйелдер), шаңғышылар (скиатлон, ерлер), тау шаңғышылары (ерлер), конькишілер (5000 метр, ерлер), шаңғымен трамплиннен секірушілер (К-78, ерлер), фрис­тайлшылар (могул, әйелдер) және шанашылар (ерлер) шықты.

Галышева жүлдесіз қалды

Фристайлшы Юлия Галы­шеваның жарыс жолына шығуын барша қазақстандық жанкүйердің тағатсыздана күткені жасырын емес. Себебі ол біздің осы додадағы басты үмітіміз еді. 29 жастағы Шығыс Қазақстан облысы тумасының бұған дейін де бағындырған белестері бір төбе. Оның әлем чемпионы, әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы, Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін жеңімпазы және басқа да толып жатқан атақтары бар. 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхен­чхан қаласында алауы тұтан­ған Олимпия ойындарында Қазақ­стан құрама командасының қор­жынына жалғыз медальды салған да дәл осы спортшы.

Бейжіңдегі жарыстың бас­тапқы сатыларында тәуір өнер көрсеткен Галышева «ТОП-12» фристайлшының қатарынан көрініп, өз көрермендерін бір желпіндіріп тастаған еді. Бірақ одан әріге Юлияның шамасы жетпеді. Екінші финалда небәрі 49.74 ұпай жиған ол үздік алтылықтың санатына қосыла алмады. Нәтижесінде, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігінен айы­рылып, Бейжің Олимпиадасын 11-орынмен қорытындылады. 

Фристайл-могулдан өткен жарыста 23 жастағы Аустралияның аруы Джакара Энтони алтын­нан алқа тақты. Дәл осы спортшының Пхенчхандағы ойындарда жеңіс тұғырына сынық сүйем жетпей сүрініп, төртінші орынға тұ­рақтағаны есімізде. Бұл жо­лы Джакараның жұлдызы жар­қырады. Америкалық Джелин Кауф күміс алса, ресейлік Анас­тасия Смирнова қола медаль­ды мойнына ілді.  

Шаңғышылардың скиатлон түрі бойынша ресейлік Александр Большунов алдына жан салмады. Брянскінің тумасы осыдан төрт жыл бұрын Пхенчханда қан­ша талпынғанымен, бас жүл­деге қол жеткізе алмаған еді. Сары құрлықта өткен Олимпиа­даны ол 3 күміс және 1 қоламен қорытындылады. Бұл жолы 25 жас­тағы Большуновтың бағы жанып, алтын тұғырдан қол бұлға­ды. Александрдың командалық әріптесі, үш дүркін Олимпия ойын­дарының жүлдегері Денис Спицов күміспен күптелсе, Сочи мен Пхенчхан Олимпиа­дала­ры­ның жеңімпазы, әлем чемпио­ны, финляндиялық Ийво Ниска­нен қола медальды қанағат тұтты. Қазақстандық Виталий Пухкало 32-орында қалып қойса, Евгений Величко жарыс жолынан шығып қалды.

Конькишілердің сайысында Нидерландтың жігіттері жасындай жарқылдады. Әлемнің екі дүркін чемпионы Нильс ван дер Пул бас жүлдені олжаласа, Патрик Руст екінші орынға табан тіреді. Үшінші сатыға норвегиялық Халль­гейр Энгебротен жайғас­ты. Сноубордта Жаңа Зелан­дия­ның өкілі Халльгейр Энге­бротен жеңіске жетсе, амери­ка­лық Джу­лия Марино мен аус­тра­лия­лық Тесс Коуди жүлдегерлер қатар­ы­нан көрінді.

Шаңғымен трамплиннен секіруде Жапонияның жұлдызы Рею Кобаясидің алдына ешкім түсе алмады. Аустриялық Ма­нуэль Феттнер екінші және поль­шалық Давид Кубацки үшін­ші орындарды еншіледі. Қазақ­стандық Сергей Ткаченко мен Да­нил Васильев сын сағатта біл­ген­дерінен жаңылып, көш соңында қалып қойды. Шана спортында германиялық Йоханнес Людвигке тең келер ешкім табылмаса, одан кейінгі орындарға аустриялық Вольфганг Киндл мен италиялық Доминик Фишналлер тұрақтады.

Кеше мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыс өз мәресіне жетіп, Ресей құрамасы бас жүл­дені жеңіп алды. Бұл команда сапында Марк Кондратюк (ерлердің жекелеген сайысы), Анастасия Мишина мен Александр Галлямов (жұптық сайыс), Виктория Синицина мен Никита Кацалапов (мұздағы би), Камила Валиева (әйелдердің жекелеген сайысы) сынды саңлақтар өнер көрсетті. Күміс медаль АҚШ-қа бұйырса, Жапония қола жүлдені иемденді. 

Бейжің Олимпиадасында әзірге 18 елдің өрендеріне жүлде алу бақыты бұйырды. Көш басында – Ресей спортшылары. Олар түрлі-түсті медальдардың әрқайсынан екі-екіден иеленіп отыр. Екінші және үшінші орындарды Норвегия мен Швеция өзара бөлісуде. Скандинавия түбегінде орналасқан қос мемлекет өкілдері екі алтыннан олжалады. Оған қоса норвегиялықтардың тағы бір қоласы бар. Төртінші және бесінші сатыларға Германия мен Нидерланд жайғасты. Бұл елдердің спортшылары 1 алтын мен 1 күмістен еншілеуде. Алтыншы орында – Жапония. Күншығыс елінің өрендері 1 алтын мен 2 қоланы олжалады. Жетінші және сегізінші орындар  Аустралия мен Словенияға тиесілі. Олардың қоржынында 1 алтын мен 1 қола медаль бар. Үздік ондықты бас жүлдені бір-бірден иеленген Қытай мен Жаңа Зеландияның өкілдері түйіндеп тұр.