Спорт • 08 Ақпан, 2022

Отандастарымыз олжаға кенелуде

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күндері төрткүл дүние жан­күйерлері Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпия ойындарын тапжылмай тамашалап отырғанда әлемнің басқа да қалаларында жазғы спорт түрлерінен дүбірлі додалар өтуде. Сол жарыстардың кейбірінде Қазақстанның да спортшылары табысты өнер көрсетуде.

Отандастарымыз олжаға кенелуде

Күні кеше ғана Біріккен Араб Әмір­ліктерінің (БАӘ) Фуджейро қаласында таеквондодан Fujairah Оpen турнирі аяқталды. Рейтингтік турнирде жерлес­теріміз біраз олжаға кенелді. Әсіресе біз 54 кило салмақтағы Саят Төреқұлдың теңдессіз өнеріне тамсандық. Қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырған қандасымыз бас жүлдені қанжығасына байлады. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге Дүйсенбек Әзірет, Нұрлан Мырзабаев және Наргиза Қойшы­бектің де тамаша мүмкіндіктері болды. Шешуші сынға дейін алқынбай жеткен қазақ спортшылары соңғы тұста ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Ал Смайыл Дүйсебай мен Нұрбек Жамшаев қола жүлдені еншіледі. Осылайша, 1 алтын, 3 күміс, 2 қоланы олжалаған Қазақстан құрамасы БАӘ-дегі турнирде үздік коман­далардың қатарынан көрінді.

Францияның Салон-де-Прованс қаласында марафоншылардың са­йысы өз мәресіне жетті. 10 шақырымдық қа­шықтықта Жанна Мамажанова шашасына шаң жұқтырмай, мәре сызығын бірінші болып қиып өтті. Оның көрсеткіші – 33 минут 56 секунд. Бұл – қазақ қызының биылғы маусымдағы екінші бас жүлдесі. Қаңтар айының соңында Жанна аталған мемлекеттің Ле Люк қаласында өткен шағын марафонда да алдына жан салмай, алтыннан алқа таққан болатын.

Бұл күндері Украинаның астанасы – Киевте семсерлесуден Әлем кубогының кезеңдік сайысы өтіп жатыр. Аталған жарыста қазақстандық София Николайчук қола медальды мойнына ілді. Жерлесіміз тек Ресейдің қос өкілі – Яна Бекмурзова мен Анастасия Назаровдан ғана қалып қойды.