Пікір • 09 Ақпан, 2022

Атакәсіптегі тәртіпсіздік реттелуге тиіс

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сөздерін жіті тыңдап шықтым. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатысты пікірлеріне құзырлы орган басшылары мұқият зер салуы қажет.

Атакәсіптегі тәртіпсіздік реттелуге тиіс

Жасыратыны жоқ, аграр­лық салада қордаланған мәселе аз емес. Қазақстан халқы­ның 40%-ы ауылды жерде тұраты­нын ескерсек, олардың басты табыс көзі де осы атакәсіп саналады. Ауыл халқының 90%-ы қазақтар екенін естен шығаруға болмайды. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде ауылды жерлердегі өндірісті жолға қоймаса, тұтастай елімізді дамыту туралы айтудың өзі қиын болады. Өкініштісі сол, салаға жауапты министрлік оны дамытудың орнына керісінше құзға құлатып жатқандай әсер қалдырады. Ай­та­лық, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнім­дерін, әсіресе өсімдік және ет өнім­дері­нің экспортын шектеп, саланы шат­­қаяқтатуға жол беріп отыр. Мұ­­ның салдарынан Қазақстанның азық-түлік өндірушілері, атап айт­қанда, картопты өсірумен шұғыл­да­натын шаруалар 300 мың тоннаға жуық өнімді қайда саудалайты­нын білмей дал. Демек ертең өнім­нің барлығы далада қалып, шіри­ді. Бұ­дан кейін аталған азаматтар­да ауыл шаруашылығымен айналысуға қандай ынта-жігер болады?!

Еріксіз осының нәтижесінде ауыл халқы жұмыссыз қалып, онсыз да жұмыссыз жүрген тұрғыны көп қалаларға жаңа миграцияның легі қосылады. Осы мәселені қолға алмаса, таяу арада әлеуметтік шиеленіс туындауы ғажап емес.

Ет шаруашылығында да осы­ған ұқсас жағдай орын алып отыр. Ет өн­дірушілердің өнімін көр­шілес Өзбек­станға сатуға тыйым салып, өзі­міз­дің ішкі нары­ғы­мызда, нақты айт­қанда, олигарх­тардың қалтасына ар­зан бағаға сатуға мәжбүрлеп отыр. Бұлай жалғаса берсе ертең фер­­мер­лер малмен айналысуды до­ғара­ды. Былтыр қуаңшылықтың сал­дары­нан онсыз да ауыл хал­қы­на оңай тимегені белгілі. Ауыл ша­руашылығы министрлігі азық-түлік қауіпсіздігі мәселе­сін құнт­таудың орнына кері­сінше жағдайды одан сайын күрде­лен­діріп жіберді. Оның нақ­ты дәлелі 5-6 жылдың ішін­де суб­си­дияға бөлінген 2 трлн тең­­­генің жым­қырылуы. Яғни аг­рар­лық секторда сыбайлас жем­қорлық белең алып тұрса керек. Оның басы-қасында тұрған­дар ауыл ша­руа­шылығына жауап­ты ше­неу­нік­тер. Олардың құзыре­тінсіз бұған еш­кім­нің дәті бармайтыны анық. Осы айтылған мәселе шұғыл ара­да ше­шілмесе, бұл ведомствоны ха­лыққа қарсы жұмыс істейтін ми­нистр­лік деп айтудан басқа амал жоқ!

 

Сапарбай ЖОБАЕВ,

экономика ғылымдарының кандидаты