Сонау тоқсаныншы жылдары ел егемендігін нығайтудың елең-алаңында «алдымен экономика, сонан кейін саясат» деген ұран болды. Кезінде ол керек еді, өйткені демократия буына мастанған қоғам жаппай саясаткер болып, көше демократиясы ушығып кетті. Әр мекеме өз басшыларын сайлауға кірісіп, оның соңы жершілдік пен рушылдыққа әкеп соқты. Ал экономикамыз Кеңес дәуірінде шырмалып қалғанына байланысты зардап шеге бастады. Сондықтан халықтың жағдайын тығырыққа тіремей, тоқыраудан алып шығу маңызды болды.
Ал соңғы онжылдықтары халықтың саясатқа араласуы бәсеңдеді. Есесіне, осы кезеңде экономиканың көлеңкелі тұстары қылаң беріп, олигархиялық экономика бас көтерді. Саяси институттар ат төбеліндей байлардың ықпалында кетіп, халықтың мұңы атқарушы билікке жетпей қалды. Ашынған қоғамның ащы дауысы үдей түсіп, ақыры биылғы қаңтар айындағы оқиғаға ұласты. Оның басы бейбіт митинг болып басталғанымен аяғы қақтығыс пен қантөгіске әкеп соқты. Осыған ерекше мән берген Мемлекет басшысы саясат пен экономика қатар жүруі керектігін айтты.
Расында Конституцияның 66-бабында «Үкімет мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады» деген. Яғни алдымен әр салада мемлекеттік саясат әзірленеді, содан кейін олардың басым бағыттары белгілене отырып ол экономиканың әр саласында жүзеге асырылады. Сондықтан саясат деген сөзге үрке қарамай, қайбір ауқымды жұмыстарды бастамай тұрып, оның іске асыру жолдарын нақтылап алған жөн.
Ал енді мұны талдап көрейік. Мысалы, аграрлық саланы дамытуда қандай саясат бар? Біздің білетініміз тәуелсіздік алғалы ауыл шаруашылығындағы саясат миллиондаған гектар жерге бидай егу және оны экспорттау болып келеді. Бұл саясат сонау Кеңес дәуірінен бері бар. Қазіргіден айырмашылығы, бұрынғыдай ортақ қазанды толтыру емес, енді өнімді шетелге экспорттау. Шетелдерден мыңдаған долларға мал тасып, мал бордақылау алаңдарын саламыз деп бір шуласақ, кейін жайылымды игерейік деп дүрлігіп, төрт мың құдық қазбақшы болдық. Ондағы саясат та ет өнімін экспорттау болатын. Ал бұл жұмыстардың қорытындысы сиырқұймышақтанып кетті.
Ендігі мал шаруашылығы саласындағы саясаттың басым бағыты шошқа өсіру болып тұрған сияқты. Оған айғақ, өткен жылдары осы салаға әсірекөп субсидия бөлінген. Айталық, әр асыл тұқымды жылқының айғыры мен түйенің бурасын сатып алуға 100 мың теңгеден бөлінсе, әр аталық шошқаға 140 мың теңге берілген. Олардың аналықтары да құр қалмайды: әр басына 40 мың теңгеден келеді.
Шошқа өндірісі негізінен ет комбинаттарына керек. Өйткені оның майы шұжық өндірісінде ең қажетті қоспа болып саналады. Әрине, шешім қабылдамас бұрын оны таразыға салып, жан-жақты електен өткізген дұрыс еді. Мысалы, елді дүрліктірген пандемия жағдайында біздің иммунитетімізді көтеруге қазы-қарта, жал-жая пайдалы болды ма, әлде колбаса қажет болды ма? Қымыз бен саумал үлпілдеген вирус түгілі қан түкіртетін туберкулез таяқшаларын да жоқ қылып жіберетінін ел біледі.
Ал әлеуметтік салада қандай саясат бар, көпбалалы аналарды қорғау ма, әлде жастарды қолдау ма? Еңбекпен қамту саласында не жаңалық? Жылда халықты оқытудан кемшілік жоқ сияқты, бірақ кәсіби жұмысшылардың қалыптасқан тобы байқалмайды. Білім саласындағы даңғаза саясаттың салдарынан жеке меншік жоғары оқу орындары көптеп ашылып, жастар экономист пен заңгер мамандығының айналасында топтасты, соңында қос-қос дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ жастар көбейді.
Енді келіп техникалық мамандарға зәру болып отырмыз. Жергілікті жұмысшылар сырттан келетін гастарбайтерге бәсекелес те бола алмай жатыр. Жұмыс берушілер көбіне өзбек ағайындарды алады. Сонымен қатар миллиардтаған қаржы көрші мемлекетке кетіп, сол елдің экономикасын көтеруге жұмыс істеп жатыр.
Арнаулы әлеуметтік қолдау жүйесіндегі саясат елді жалқаулыққа үйретіп жатқан сыңайлы. Сондықтан бұл жұмысты қайта қарастырып, оған терең мән бермесе болмайды. Жалпы, әлеуметтік төлемдер туған баланың санына қарап, бірінші баладан бастап берген дұрыс. Кезінде өзім әр отбасында кем дегенде бір адам жұмыс істеуге тиіс деген ұсыныс айтқанмын. Соны қолға алу керек. Бұл кезіндегі жақсы саясат деп есептеймін.
Қазір министрліктер мен әкімдіктер «Жаңа Қазақстан» құру жолында әртүрлі жобаны әзірлеуге кірісіп кетті. Бұрын небір бағдарламалар мен жол карталарынан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Ендігі қоғамның тілегі үкімет жоспарлары ұзақмерзімді жылдарды қамтымай, бүгінгі күні күйіп тұрған мәселелерді шешсе дейсің.
Конституцияда атап көрсетілгендей, Қазақстан үкіметі өздері басқарып отырған сала жұмыстарын ашық жүргізіп, әрбір олқылықтарына жауап беруі керек. Бір сөзбен айтқанда, әр министрлік, әкімдер экономиканың барлық саласында қоғамға түсінікті, орындау мерзімі белгілі жұмыстарды қолға алуға тиіс. Оның басымдықтарын белгілеп, жан-жақты ойластырып, әбден електен өткеннен кейін ғана тәжірибеге енгізу қажет. Ең басты нысана – сылдырлаған макроэкономикалық көрсеткіштер емес, адами өлшемдер болғаны жөн.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы