Экономика • 09 Ақпан, 2022

Берекелі биржа

233 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Astana International Exchange (АІХ) биржасы 2021 жылдың шілде-желтоқсан айларындағы нарықтық белсенділікке жасал­ған шолуды ұсынды. Бұл ретте АІХ-тегі сауда-саттық­тың жалпы көлемі 6,3 есе өскені белгілі болды.

Берекелі биржа

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

2021 жылдың соңғы алты айында АІХ-тегі сауда-саттықтың жалпы көлемі 210 507 470 долларды құрап, 2020 жылғы 6 айдың көрсеткішіне қара­ғанда 6,3 есе өсім көрсетті. Жыл­дың аяғына қарай биржадағы сауда-саттықтың белсенділігі төмендеді. 2021 жылғы желтоқсанда биржадағы сау­да-саттықтың көлемі 13 922 599 дол­ларды құрап, қарашамен салыс­тырғанда 2,2 есе төмендеген.

2021 жылғы желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша АІХ-тің ресми тізіміне әртүрлі 89 эмитенттің 136 бағалы қағаздар шығарылымы ен­ген. Оның ішінде 2 ETF (Exchange tra­ded funds) пен 17 ETN (Exchange tra­d­ed notes) бар. 18 қазақстандық және 11 халықаралық брокер АІХ-тің сау­да мүшелері болып саналады. АІХ Ор­та­лық депозитарийінде инвес­тор­лардың 160 мыңнан аса шоты ашылған.

АІХ бөлшек сауда инвесторлары қорын белсенді дамытуда. 2021 жылы олардың жалпы саны 1,5 есе артып, 159 248 шот межесіне жетті. Қазақстан халқының арасында инвестициялау мәдениетін дамытуға АІХ 2020 жылы іске қосқан Tabys қосымшасы ықпал етуде. Қосымша жұмыс істей бастаған сәттен бастап онда 16,7 мың бөлшек сауда инвесторы тіркелген.

Желтоқсан айында АІХ-те бірқатар жаңа листинг өтті – 7 эмитент облигациясын шығарды, 3 компания Pre-IPO секторына кірді, 1 ETN шығарылымы өтті. іX Bitcoin Exchange Traded Notes биржалық нотасын шығару айту­лы оқиға болды. Оның базалық ак­тив­тері биткойнға фьючерстердің ди­на­микасын қадағалап отыратын ең ірі қорлардың бірі – ProShares Bitcoin Strategy ETF (BITO) акциялары бол­ғанын атап өту керек.

Еуразия даму банкі АІХ-те жылдық 1,5 пайыздық мөлшерлемемен 100 млн доллар көлемінде екі жылдық облигациялар орналастырды. «Фридом Финанс Кредит» микроқаржы ұйымы АІХ-те 100 млн долларлық обли­гация­лар және 30 млрд теңге сомасына ұлттық валютада борыштық құралдардың 2 орналастырылымын жүзеге асырды. АІХ-те BI Group құ­ры­лыс холдингінің еншілес ұйым­дарының борыштық құралдарын шығару бойынша жұмыс жалғасуда. Желтоқсанда «Мидвест» және «Кең дала» компанияларының облигациялары орналастырылды. Соны­мен қатар жылдың соңғы айында АІХ-тің ресми тізіміне Tas Finance Group микроқаржы ұйымының және Bolashaq Investments компаниясының бондтары кірді.

Желтоқсан айында 3 компания АІХ-ті болашақта өз акцияларын орналастыратын негізгі алаң ретінде таңдады. Pre-IPO секторына «Каспий мұнай» АҚ мұнай-газ компаниясы, сонымен қатар Eurasian Resources Group компаниясының екі еншілес ұйымы – «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Қазақстан алюминийі» АҚ кірді.

Желтоқсан айының соңында АІХ-те үлестік құралдар листин­гі бар компаниялардың («Қазатомөнер­кәсіп», «Халық Банк», Ferro-Alloy Resources Limited, «Банк ЦентрКредит», Kaspi.kz, Kcell) жалпы нарықтық капиталдандырылуы 45,8 млрд доллардан асты.

COVID-19 штамдарының таралуы мен жоғары инфляция салдарынан 2021 жылдың екінші жартыжылдығында қор нарықтарының құбылмалылығы жоғары болды. Соған қарамастан 2021 жылғы 1 шілдеден бастап AIXQI индексі 1104,04 пунктке дейін 10,4 пайызға өсті. Ең үлкен мән – 1204,58 пункт, 11 қарашада тіркелді.

Жартыжылдықтың қорытынды­сы бойынша, AIXQI индексіне кіре­тін 8 компанияның 6-ы оң динами­ка көрсетті. Индекс компаниялары­ның ара­сында өсу бойынша «Банк ЦентрКредит» көш бастады, оның акция­­ларының өсімі жарты жыл ішін­де 59,84 пайызды құрады.

Естеріңізде болса, «Банк ЦентрКредит» акциялары 2018 жылдан бері теріс динамика көрсетіп келді. Алайда қызметтің күшті қаржылық нәтижелері, кредиттік портфельді жақ­сарту, S&P және Moody’s әлемдік рейтинг агенттіктерінің бағалауларының жақсаруы есебінен 2021 жылы банк бұл үрдісті өзгерте алды.

Инвесторлардың жаһандық энерге­тикалық көшу аясында ядролық энер­гетикаға қызығушылығы артуы есебі­нен уран бағаларының раллиі қар­қынының бірінші жартыжылдықта басталған төмендеуіне қарамастан, 2021 жылдың 6 айы ішінде «Қазатом­өнер­кәсіптің» баға белгілеу­лері 28,77 пайызға өсті.

Көш бастаған үштіктің соңғысы қаржы секторының тағы бір өкілі – Kaspi жартыжылдықты 16,91 пайыздық өсіммен аяқтады. Өз кезегінде «Халық банк» жартыжылдықты 7,66 пайыздық өсіммен түйіндеді.

«Қазақтелеком» үшін де өткен жыл ойдағыдай өтті. Қаржылық оң нә­ти­желер мен Telia Company A.B. ком­паниясына қарсы сотты «Қазақ­телеком» пайдасына 22 млн доллар мөл­шерінде өтемақы төлеумен ұтуы аясында Қазақстанның телекоммуникация секторы көшбасшысының баға белгілеулерінің өсуі 2021 жылғы 6 ай ішінде 15,85 пайызды құрады.

AIXQI-ке кіретін металлургия сек­торының өкілдері жартыжылдықты бірде-бір динамикасыз жапты – Central Asia Metal акциялары 8,46 пайызға өсті, ал Polymetal акциялары 16 па­йызға төмендеді. KazTransOil акциялары жартыжылдықты 0,54 пайызға шамалы төмендеумен аяқтады.

Желтоқсан айында AIXQI индексі­нің мәні 1138,21 пункттен 1104,04 пункт­ке дейін 3 пайызға төмендеді, индекс­тегі 8 компанияның 5-і айды теріс мәнде аяқтады. Өсу бойынша «Банк ЦентрКредит» көшбасшы болды, оның баға белгілеулері 12,74 пайызға артты. Одан кейінгі орында 12 пайыздық өсіммен Central Asia Metals акциялары тұр. Компания қар­жы­лық, сол сияқты операциялық жақсы көрсеткіштерге ие. Әсіресе Қазақ­стан аумағында мыс өндіру бойын­ша 2021 жылға арналған 13 855 тонна жоспары 14 041 тоннаға дейін асыра орындады.

Қор нарықтарындағы жылдың соңына қарай қалыптасқан белгісіздік AIXQI индексіндегі бірқатар компания­ның баға белгілеулерінің аздаған өзгерістеріне алып келді. «Халық банк» акцияларының бағасы оң мәнге өзгерді (+1,88 пайыз), «Қазақтелеком» (-0,28пайыз), Polymetal (-3,03пайыз) және KazTransOil (-3,18пайыз) ак­ция­лары аздап төмендеді. 2021 жы­лы жақсы динамика көрсетіп, өсу бо­йынша көш бастаған Kaspi және «Қазатомөнеркәсіп» акциялары жел­тоқ­сан айында тиісінше 10,61 пайызға және 10,57 пайызға түзелді.