Экономика • 09 Ақпан, 2022

«Қазақстан халқына» қоры кімдерге көмек көрсетеді?

1426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Qazaqstanhalqyna.kz сайты іске қосылғаннан бері «Қазақстан халқына» қорына 13 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

«Қазақстан халқына» қоры кімдерге көмек көрсетеді?

Қазіргі таңда қорда 115 миллиард теңгеден астам қаражат жинақталған. Шұғыл әрекет етуді талап ететін мәселелер бойынша сараптамалық комитеттер жұмысқа кіріскен.

Қордың баспасөз қызметі, сайт пен әлеуметтік желідегі мессенджерлерге үй сатып алу, несие және басқа да қаржылық займдар бойынша міндеттемелерді төлеу, отбасылық іс-шаралар мен мерекелік шаралардың қаражатын өтеу мазмұнындағы өтініштер де түсіп жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, қамқоршылық кеңес «Қазақстан халқы» қорының негізгі міндеттерін айқындайтын тұжырымдаманы бекітті.

Осылайша, құжатқа сәйкес, қордың қызметі болашақта аурулардың және мүгедектіктің ықтимал дамуын болдырмау мақсатында сәбилерге медициналық қызмет көрсетуді дамытуға және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесуге, спорт және білім беру инфрақұрылымы, сондай-ақ балаларға арналған басқа да әлеуметтік маңызы бар қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталады.

Сондай-ақ қор мүгедек, науқас немесе әлеуметтік бейімделу проблемалары бар баланы асырап алған, қамқорлығына алған немесе патронаттық тәрбиені ұйымдастырған отбасыларға көмек көрсетумен және аз қамтылған отбасының балаларына көмек көрсету үшін мектептермен өзара іс-қимыл жасайды.

Сонымен қатар тізімге Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау немесе адамдардың өмірін сақтап қалу және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету кезінде қайтыс болған немесе ауыр жарақат алған құқық қорғау органдары, арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің отбасыларына, әскери қызметшілерге, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен адамдарға қолдау көрсету қызметі кіреді.

«Аталған қызмет бағыттарын Қамқоршылық кеңес бекітті, ал басқа салалар Қор қызметіндегі басым бағыттарға жатпайды. Сондай-ақ біз азаматтардың қаржылық проблемалары барын түсінеміз. Алайда бұл мәселелердің барлығын қор шеше алмайды. Сондықтан қор тұрғындардан тұжырымдамада көрсетілген қызмет бағыттарын мұқият оқып шығуды сұрайды», деді «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әлібек Әбділов.