21 Наурыз, 2014

Ауылды ұйқы басып тұр. Неге?

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Красногор поселкелік округіне қарасты Калачи ауылындағы тосын жағдайдың жауабы табылмай тұрғанына тура бір жылдан асты. Жұмбақ құбылыс 2013 жылдың наурыз айында тіркелген еді. Содан бері бас айналу, ұйқышылдық, ұмытшақтық, тіпті, естен тану белгілерімен ауылдың 50-ге тарта тұрғыны дәрігерлерге жүгінген. Есіл аудандық ауруханасының бас дәрігері Қабдірәшит Әлмағанбетовтың хабарлауынша, тек өткен жылдың соңынан бері оқыс дертке шалдыққан 37 адам ауруханаға жатқызылған көрінеді. Олардың басым бөлігі жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Оқиға өңірде елеулі алаң­даушылық туғызып, респуб­ликамыздың жетекші ақпарат құралдары әрқилы хабарлар таратты. Ақпараттық негіздегі бұл материалдар оқтын-оқтын қайталанып жатты. Бірақ, мәселенің түп-төркініне жетіп, себебін дөп басып анықтау әлі күнге мүмкін болмауда. Өйткені, ғалымдар, білікті мамандар өз тәжірибесінде табиғаты тосын мұндай ауруды кездестірмегендігін айтады. Іссапарлар барысында, бұл туралы ауыл адамдарынан өзіміз де көп жағдайларды есітіп, таң­ғалғанбыз. Кесел күтпеген жерден жабыса қалатын көрінеді және ол ешқандай жас талғамайды. Дәрігерлерге жүгінгендердің жа­сы 14-70 аралығында. Калачи тұрғыны Надежда Якимованың айтуынша, балық аулаудан оралған 38 жастағы зіңгіттей азамат үй сенегіндегі орындыққа дем алайын деп жайғасқан бойда қалың ұйқыға кеткен. Ол аудандық ауруханада 26 сағаттан кейін оянған. Денешынықтыру сабағынан кейін 9-сынып оқушысы дәл осындай кейіпке ұшырап, 38 сағаттан соң ояныпты. «Таңертең мүлдем оянбай қаламыз ба деп қорқамыз», деушілер де бар. Мұндай хәлдегі адамдар әрқилы уақыттан кейін оянғанымен, ағзасында ешқандай өзгеріс байқалмайды. Дәрігерлер тарапынан жүргізілген мұқият тексерістер қорытындысы еш­қандай ауытқушылықты тірке­меген. Демек, алдын алу шараларын жүргізу мүмкін болмай отыр. Ұйқы синдромының сыр-себебін әркім әрқилы болжайды. Кеңес заманында Калачи ауылының маңында уран өндірілгені белгілі. Красногор кентінде мыңға жуық адам еңбек етіп, мәскеулік жабдықтауда болған. Тоқсаныншы жылдары кен орындары жабылып, зәулім үйлер қаңырап бос қалды. Бұл да жергілікті атқарушы органдарға қосымша мәселелер тудырып, біршама отбасы аудан орталығына көшірілген. Ал, Калачидің тұрғындары 814-тен 600 адамға кеміген. Красногор маңындағы ашық-шашық уран қалдықтарын араға оншақты жыл салып «Уранликвид» кәсіпорны суға бөктіріп жапты. Мұндайда жұмбақ кеселдің пайда болуын алдымен әлгі уранмен байланыстыру заңды нәрсе. Оның үстіне, ұзақ жатқан осы көмбелерден радон газдары бөлініп, бақылауға көнбейтін ұйқы алып келуі мүмкін дегенді айтушылар бар. Сондықтан, ауыл былтырдан бері облыстық, республикалық деңгейдегі арнайы комиссиялардың тыңғылықты тексерісіне алынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Қасымжан Тәшметов мұндай бригадалар ауа құрамын 500 рет зерттеп, радиациялық фонды 760 рет өлшеп, ауызсуды, топырақ құрамын тексергенімен, қалыпты нормадан ауытқушылық таба алмағанын алға тартады. Сонымен бірге, 29 рет зерттелген шаш, тырнақ, тағы басқа үлгілер де шекті нормаға сай болып шыққан. Сарапшылар заманалық озық жабдықтарды, дозиметрлерді, ауадағы радон құрамын анықтайтын құралдарды пайдаланған. Сараптамалар аудандық ауруханада зерттеліп, жедел штабтың бақылауына алынды. Бірақ, дәрігерлердің тілімен айтқанда, «теріс» нәтиже тіркелуде. Сонда бұл не болғаны? Сана сан-саққа жүгіреді. Ал, ұйқы басқан жергілікті тұрғындар болса, мамандардың аузынан шығатын ресми қорытындыны асыға тосуда. Республикалық комиссия мүшесі, медицина ғылымдарының докторы Роза Абзалованың пікірінше, бұдан бұрын ауа арқылы, ылғалдың түсуі және басқа жолдармен тарайтын вирустық әсер де жоққа шығарылып отыр. Жүйке жүйесін зақымдауы мүмкін бактериялық және сәулелік ықпал мен менингит, энцефилит сияқты кеселдердің белгілері табылмаған. Бүгінгі күні де комиссия жұмысы жалғасуда. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің айрықша бақылауында. Қолдағы бар бүкіл зерттеу материалдары мұқият талданып, ай соңына қарай нақты жауап қайтарылуы мүмкін. Демек, тұрғындардың түбегейлі қобалжуына негіз жоқ сияқты. Аудан басшылары ауыл тұр­ғындарын басқа елді мекендерге көшіру туралы мәселе қарастырылмағанын айтады. Осы жағдайларға қарап, Калачи кеселінің жұмбағы түбегейлі шешілді деуге келмейтіндей. Мақала тақырыбындағы «Неге?» деген сұрақты алып тастау да қазірше ертерек сияқты. Бақберген АМАЛБЕК, Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Есіл ауданы.