Пікір • 10 Ақпан, 2022

Мемлекет дамуы жауапкершіліктен басталады

120 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуға бағытталған тиімді жобаларды несиелеуді ынталандыратын реттеу тетіктерін құру қажет екенін айтты. Ауыл шаруа­шылығы, оның ішінде агроөнеркәсіп секторындағы қордаланып қалған проблемаларға назар аударды. Осы саланың өкілі болғандықтан, Мемлекет басшысы тарапынан айтылған әрбір сын маңдайымды қарып өткендей әсерде болдым.

Мемлекет дамуы жауапкершіліктен басталады

Себебі осы саланың басы-қасында жүрдім, өмірімді арнадым. Байқалған, дамуға кедер­гі болған проблемалар болды. Оны журналистермен кездес­кен кезде де, жиындарда да айтып жүрдім. Бүгінге дейін осы сала туралы сөз болса, оған бөлінген қаржыға назар аударылады. Қаржы тиісті жер­ге қалай, қандай пайызбен жеткені туралы мәселе ұмыт қалады. Ауылдың дамуын тұ­сап келген түйткілдің бәрі қар­жының тиісті жерге жет­пей қалуынан басталады. Ен­дігі жерде назар осыған аударыл­са деймін. Нәтиже шығара алма­сақ, ауыл алдағы уақытта да ол­и­гарх­тардың қалтасына айнала береді. Ауылдағы ШОБ-тың проблемасы насиелендіру не­ме­се ауылды қаржыландыру теті­гі­нің айқын болмауы. Со­ның салдарынан қаржы құмға сіңген судай болды.

Ауыл бөлінген қаржыны игере алмағандықтан емес, сол қаржыға қолы жетпегендіктен дамымай қалды. Алақанға салып қойғандай шындық осы күнге дейін мойындалмады. Қазіргідей цифрланған заман­да қандай қаржының қан­дай мақсатқа жұмсалғанын анық­тау қиын емес. Ендігі жер­де ауылды дамыту үшін бағдар­ла­малардың сапасына назар аудару керек. Соңғы 30 жылда осы саланы басқаруға 19 министр келіпті. Бұл жерде осы саланы басқаруға келген министрлер емес, министр­лер кабинеті ара­сын­дағы сабақтастық ауыл­дың дамуына жанама түрде болса да ықпал ететінін ұмыттық.

Бірақ кезінде сол қаржыдан мол үлес алып, жағдайын түзеп алғандардың басым көпшілігі «киімін ауыстырып киіп», бас­қаша «сайрауға» дайын екенін ішім сезеді. Бірақ Мем­лекет басшысы ақиқатты бәрінен жоғары қоятынын айтты. Ал­дағы уақытта ауылдың жағдайы туралы жалған ақпар беріп, ауыл мен биліктің арасының алыстап кетуіне жол берілмейді деп үміттенемін.

30 жылда көп жағдайды өткердік. Қолында билігі бар тұлғалар биік мінберлерде елдің жағдайы туралы өтірік ақпар бергенде, халықтың жан басына шаққандағы табысы 200 мың теңгеден асып кетті деген сөздер айтылғанда да «халықтан ұят болды-ау» деген ойдың қыспағында тұншығып келдік. Ел мен биліктің ара­сын алшақтатып жіберген фак­тор – жекелеген тұлғалардың амби­ция­сында тұншығып кел­ді. Барлық тапсырма, бар­лық жауапкершілік – Мемлекет басшысының атынан айтылды, барлық жауапкершілік­тің салмағы да Мемлекет бас­шысының иығына түсті. Бұл халықтың тағдырына Мемлекет басшысы жауапты деген қате түсінікті сіңдіріп жіберді.

Мемлекеттің дамуы әрбір азаматтың жауапкершілікті сезі­ну­ден және жауапты болудан басталды. Мемлекеттік бағ­дар­­ламалардың қалай дайындалып келгенін жақсы білеміз. Құжаттың бас-аяғын дайындамай тұрып деп алдын ала оған бөлінетін қаржысына дейін келісіледі. Соңында оның қа­лай дайындалғанын сала маман­дарының өзі де білмей қалады. 

Мемлекеттік бағдарламалар осы саланың басы-қасында жүрген сала мамандарының қа­ты­суымен дайындалсын деген ұсыныстардың ауада қалып қойғанын біз ғана білеміз. Ұсыныстарымызды Үкіметтің ауыр есіктерінен ары қарай асыра алмадық.

Енді алдағы уақытта елдің тағ­дырына, әлеуметтік жағ­дайы­на әсер ететін құжаттар дайын­далған кезде сала маман­дары қатыстырылады деп үміт­тенемін. Бұл бәсекелестік Үкі­мет­тің қалғып кетуіне жол бер­мейтіні анық. Себебі ел ішінде өзінің мүмкіндігімен алға озып шыққан шаруашылықтар бар. Солардың тәжірибесі та­быс­­­тың кілті ретінде түсін­діріл­­се, насихатталса, одан еш­кім ұтыл­масы анық. Осы ретте өзім бас­қаратын «Родина» агро­­фир­масының тәжіри­бесі­мен бөліс­сем деймін. Қысы алты айға созылатын, жазы аптап ыс­тық ауыл­­ды бү­гінде бүкіл қазақ біледі. Себебі алғаш­қы күндерден бастап адам фак­­торына басымдық бердік. Әр­кім­ге еңбегіне және қабіле­тіне қарай деген қағида­ға ден қой­дық. Ең алдымен, өзіміздің дас­тар­қанымызды толтыруға басым­дық бердік. Әркімнің мүм­кіндігін танытуға жол аш­тық. Нәтижесінде, халық қасымыз­дан табылды, қолдау білдірді. Қазір ауылда жағдайы нашар бірде-бір отбасы жоқ. Мұндай шаруашылықтар Қазақстанның әр жерінде бар.

Қалауын қапсаң қазақтың әрбір ауылын жұмақ-мекен­ге ай­нал­дыруға болады. Біз же­ті­­­дегі бала мен жетпіс­тегі қа­ри­яға дейін жұмыс­пен қам­та­ма­сыз етілген экономика­лық белсенді Қазақстанды осылай ғана қалыптастыра аламыз. Мем­лекеттік бағдарламалар дайын­дал­ған кезде сайдың тасындай іріктеліп шыққан осындай шаруа­шылықтардың тәжірибесі назар­ға алынса деймін. Себебі түрлі бағдар­лама, түрлі сынақ­тар­мен ауылды тоздырып алдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылға қатысты кез келген құжаттың орында­луын тікелей бақылауында ұс­тап отыруға тиіс деп ойлаймын. Қазір мүдделер текетіресі бай­қалып қалды. Қалғып кетсек, түрлі топтар бағдарламаға бө­лін­ген қаржыны хантала­пайға айналдырып, бөліп алуға да­йын отырғанын сезіп отырмыз. Бұған жол беруге болмайды.

Қазір жол айрығында тұр­мыз. Ел жаңа Қазақстанды құра­мыз деп үміттеніп отыр. Еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыруының жаңа жолы басталғалы тұр. Қаң­тар оқиғасынан кейін әлем­нің на­зарында тұрғанымызды ұмытуға болмайды. Халыққа айтыл­ған уәде орындалуға тиіс. Дәл осы жолы ел сеніміне сел­кеу түсіріп алсақ, халық кешірмейді.

 

Иван САУЭР,

«Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры және құрылтайшысы