Ауылды асыл қазына, байлығымыз, ұлттық құндылықтарымыздың сақталатын қасиетті мекені ретінде ғана қабылдаумен қатар оның түгел елдің дамуына елеулі әсер ететін драйвер ретінде де орнын білуіміз керек. Ауыл шаруашылығы саласына ерекше мəн беріп, оны жан-жақты дамытуға, сөйтіп ауылдарды сақтап қалуға күш салатын кез әлдеқашан келді.
Халықтың, əсіресе ауыл жастарының ата кəсіпке бет бұрып, шын ықыласпен жұмыс істеп, өз кəсібін ашып, еңбегінің нəтижесін көруге ынта-жігерін арттыру үшін де мемлекет тарапынан қаржылық, моральдық, кəсіби тұрғыда қолдау жасау керек. Ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде мал, егін шаруашылығын іс жүзінде дамытамыз десек, мемлекеттік қолдау, дамыту бағытында нақты реформалар жасау маңызды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құруға қатысты Үндеуінде де, кешегі Үкімет отырысындағы баяндамасында да ауылдарды дамытудың елдегі мемлекеттік басқарудың жаңа жолдарын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Дегенмен субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Президент бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер субсидияны таратып берумен ғана айналысқанымен байланыстырып отыр. Елімізде бұл салада ешқандай талдау жасалмады, қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуын да ешкім бақылауға алмаған. Сондықтан да субсидия түпкі иесіне жетпеген. Президент бұл мәселені Үкімет отырысында атап өтіп, шара қабылдайтын кез келгенін анық айтты. Өйткені ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көріп жатыр. Бұған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы жылдары тергеуге алған 960 қылмыстық іс дәлел. Жоғарыда айтып өткенімдей, ауылға тек рухани құндылықтардың бесігі ретінде ғана қарамау керек. Бұл салаға тиісті көңіл бөлмесек, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден ары аса алмай қалады. Ал шикізат өндіру де шектеулі екенін білеміз. Сондықтан ауылдарға бағытталған субсидияны бақылайтын бірыңғай ақпараттық жүйе қажет. Ауыл шаруашылығына жастарды да жұмылдырып, бұл салада жетістікке жетуге болатынын көрсету маңызды.
Ауыл халқының тұрмыс жағдайын арттыру сол елді мекен әкімінің басты мақсаты болуға тиіс. Аймақтағы жұмыс орындарының ашылуы, кəсіппен айналысатын кəсіпкерлерді табу, ол кəсіптің аяққа тұруын тікелей бақылап, қолдау көрсету әкімдіктерге Үкімет тарапынан заң жүзінде міндеттелгені жөн. Бұл заң жүзінде бекітілген механизмдермен қатар оларға жауаптылық жүктелгені дұрыс деп ойлаймын.
Нұрбатес ТОБАҒАБЫЛОВА,
қоғам белсендісі
Ақтөбе