Бұл сыртқы экономикалық байланыстарды жандандыру, экономиканы қолдау және өңірлердің әлеуметтік проблемаларын шешу, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысына инвестициялар, технологиялар мен қазіргі заманғы менеджментті тарту үшін жасалды.
Былтыр «Ақтау теңіз порты» арнайы аймағының қызмет түрлері кеңейтілді. Енді аталған аймақта мынадай жобалармен айналысуға болады: жылу электр стансаларымен электр энергиясын өндіру; электр энергиясын беру және тарату; тұрғын және тұрғын емес ғимараттар құрылысы; қонақ үйлер және тұруға арналған орындар қызметтерін ұсыну; жеке немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқару; демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру қызметтері.
Қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы. Онда дайын металл бұйымдары мен құрылыс материалдары: шарлы крандар, жылу оқшаулағыш құбырлар, отқа төзімді материалдар, жезден жасалған бұйымдар, дірілге және отқа төзімді бұйымдар шығарылады. Енді «Сарыарқа» істен шыққан көлік құралдарын, арнайы техника және ауыл шаруашылығы машиналарын, тоңазытқыштар мен тоңазытқыш жабдықтарын жинап, өңдеп және қалдықтарды жойып, қалпына келтіре алады.
Qyzyljar арнайы экономикалық аймағы ұсынатын қызмет түрлерінің толықтырылған тізбесіне ағаш массасы мен целлюлоза, қағаз және картон, гофрокартон, қағаз және картон ыдысы, шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдары, фармацевтикалық өнімдер мен препараттар, ветеринарияға арналған дәрілік препараттар өндірісі кірді.
Қызметтің басым түрлерінің тізбесі TURKISTAN арнайы экономикалық аймағында да кеңейтілді. Нысандарға кешенді қызмет көрсету, аумақтарды абаттандыру қызметтері, жиһаз бен интерьер заттарын жөндеу, тамақпен және сусындармен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету, электронды және оптикалық жабдықтарды жөндеу, басқа топтамаларға енгізілмеген ақпараттық технологиялар мен жүйелер саласындағы өзге де қызмет түрлері қосылды.
Бұдан басқа, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі», «Ақтау теңіз порты», «Сарыарқа», «Тараз химиялық паркі» және «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында қызмет түрлері «Көпбейінді аурухана құрылысы және пайдалануға беру» тармағымен толықтырылды.
Сонымен қатар өткен жылы бірнеше арнайы экономикалық аймақтың аумағы ұлғайтылды. «Сарыарқа» аймағының ауданы жылу электр стансасын және ферроқорытпа мен кокс өндіретін зауыттар салу үшін 345,5 гектарға өсті. Qyzyljar аймағына қағаз және қағаз өнімдерін өндіретін зауыт салу үшін 15 гектар қосылды. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы 83,7 гектарға ұлғайып, оның аумағында теміржол машина жасау кластері құрылды. Кезінде жеңілдіктер құрылыс индустриясына қатысушыларды қызықтырып, қысқа мерзім ішінде көптеген тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар салынды. Елорданың сол жағалауында жаңа әкімшілік-іскерлік және мәдени орталық құрылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. 2002 жылдан бастап онда 307 жоба іске асырылып, 21 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Арнайы аймақтардың ерекше мәртебесінің нәтижесінде кәсіпорындарда 30-дан астам жаңа өнім түрі, оның ішінде оптикалық құрылғылар, түнде көру аспаптары, бронетранспортерлер, локомотивтер, жолаушылар вагондары, премиум-класты құбырлар, мақта целлюлозасы, полипропилен жіптер және тағы да басқа дүниелерді шығару жолға қойылды.
Арнайы аймақ қатысушылары үшін бизнесті мемлекеттік қолдау аясында бірқатар жеңілдіктер жасалды. Атап айтқанда, резиденттер корпоративтік, жер және мүлік салығын төлемейді. Арнайы аймақ аумағында сатылатын тауарлар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесі 0-ге тең. Жер учаскелеріне барлық қажетті инфрақұрылым тартылады. Учаскелер арнайы аймақ режімінің барлық кезеңіне тегін беріледі. Қатысушылар жалдау және жер салығын төлеуден босатылған.