Медицина • 10 Ақпан, 2022

АИТВ-ны анықтауға жекеменшік лабораториялар неге таласады?

465 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін елімізде АИТВ сияқты дауасы толық табылмаған жұқпалы дертті диагностикалауды тек мемлекеттік лабораториялар жүргізіп келді. Қазақстандағы жекеменшік лабораторияларға АИТВ-инфекциясын тексеруге рұқсат берілмеген. Соңғы күндері Денсаулық сақтау министрлігінің «ВИЧ-анализдерін» монополияландыруға қақысы бар ма деген сауал туындағандықтан, осының мән-жайын түсіндіруге тура келеді. Өйткені бірқатар үкіметтік емес ұйымдар аталған жағдайға ықпал етуді сұрап Президенттің атына, Парламент Мәжілісіне де хат жолдап отыр.

АИТВ-ны анықтауға жекеменшік лабораториялар неге таласады?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Денсаулық сақтау министр­лігінің өкілдері бұл мәселеге жа­уап берді. Бұл аз болса, өткен аптада сенатор Ақмарал Әлназарова да АИТВ диагностикасын жасауды бәсекелестік ортаға беруді әлі ерте деп санайтынын мәлімдеді.

Бірақ кейбір БАҚ-тар мәсе­лені қайта-қайта қаузап отыр. Сондықтан бұл мәселені жеке­мен­шіктің мүддесіне жығып беру кімдерге қажет деген сұраққа жауап бере кету керек. Бір жағынан Қазақ­стандық медициналық зерт­ханалық диагностика қауым­дастығы да «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хат жазып, осы мәселеге төрелік айтып, мәселеге нүкте қойып беруін сұрады.

Қазіргі таңда елімізде АИТВ диагностикасы мен лабора­то­риялық зерттеулер жүргізу құзыреті тек екі орталыққа беріл­ген. Бұлар – Қазақ дермотология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығы мен ЖИТС-тің алдын алу мен оған қарсы күрес орталықтары. Бірақ «Қазақстан меди­циналық зертханалар қа­уым­дастығы» ЗТБ президенті Алла Ким бұл «Табиғи монопо­лиялар туралы» заңға қарама-қайшы екенін және АИТВ сараптамасы бақылауда ұстайтын қызмет емес екенін атады. Айт­пақ­шы, Қазақстандық меди­ци­налық зертханалық диагнос­ти­ка қауымдастығы мен «Қа­зақстан медициналық зертханалар қа­уым­дастығы» ЗТБ екеуі мүлде екі түрлі ұйым екенін ұмытпау қа­жет.

«Заңға сәйкес, лабора­то­­рия­лық диагностика – бұл лицен­зия­ланатын қызмет түрі. Заң­да оны алғысы келетін тұлға­ларға қатысты шектеу жоқ. Алайда жекеменшік меди­ци­налық лабо­раторияларға №508 бұй­рыққа сілтеме жасап, лицензия беруден бас тартып келеді. Денсаулық сақтау минис­трлігі 2017 жылы Жол картасындағы денсаулық сақтау саласындағы кедергілер мен оның ішінде АИТВ диагнос­тикасына қатысты сауалдарды бекіткен жоқ. Бұл құжаттың 2019 жылғы 4 мамырдағы редакциясында №246 ереже де біз ұсынған өзгерістерсіз қабылданды», дейді Алла Ким.

Ол «Денсаулық туралы» кодексте азаматтар үшін меди­циналық мекемелерді таңдау мен тұрғындарға оның қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету еркін екенін де еске салуды ұмытқан жоқ. «Қазақстан медициналық зертханалар қауымдастығы» ЗТБ президенті жекеменшік медициналық ұйымдар өзінің әлеуетін көтеріп, озық технологиялар сатып алып жатқанын, бұл диогностикалау мен сервистік стандарттарға сай екенін айтады.

Бұған дейін де Денсаулық сақ­тау экс-вице-министрі Ляззат Ақта­ева министрлікке қарасты ЖИТС орталықтарының мате­риал­дық-техникалық базасы диаг­­ностикалық зерттеулер жа­сауға ғана емес, пациенттер­ге толық ем-дом шараларын жүргізуге де толық жауап бере­тінін түсіндірген еді. Бұрынғы вице-министр де Кодекске сәйкес, АИТВ-жұқпасын анықтауды құзырлы, пациенттердің жеке мәліметтерін құпия сақтайтын органдар жүргізетіндігін, яғни диагностикалау мен емдеуді министрлік неге ЖИТС орталық­тарына беруді реттегенін түсін­дір­ген еді. Оның үстіне тәуекел тобында жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлері де бар екенін және АИТВ жұқтырып алу қаупі жоғары осал топтарға ұдайы мониторинг жасалуы тиіс екенін қаперге салған болатын. Бұл аталған министрлікке АИТВ інде­тін толық бақылауда ұстап, оның таралуын қадағалап отыру үшін де қажет.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сенатор Ақмарал Әлна­зарова АИТВ-ға диагностика жасауды бәсекелестік ортаға беруді әлі ерте деп санайды. Сенатор Үкімет басшысы Әли­хан Смайыловтың атына жол­да­ған депутаттық сауалында осы мәселеге алаңдаушылығын біл­діргені белгілі.

Бірақ Бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасына сәйкес АИТВ инфекциясына диагностика жасау жеке меди­циналық орталықтар мен зертханаларға берілуі тиіс. Алайда сенатор атап өткендей, бұл болашақта елдегі АИТВ-ға қатысты эпидемиялық ахуалды нашарлататын мәселелерді туындатуы ғажап емес.

Жоғарыдағы тұжырымдама АИТВ диагностикасының бірін­ші кезеңінің ғана бәсекелес ортаға берілуін көздейді. Ал депутат талдау нәтижесі оң бола қалған жағдайда инфекцияның берілу жолдары мен факторларын анықтау, жыныстық және басқа да байланысқа түскендерді іздеу және зерттеу жөніндегі дәйекті тізбектің бұзылуына әке­ле­ді дегенді алға тартты.

«Бұрын Қазақстанда жыныс­тық жолмен берілетін инфекция­лар мен гепатиттерге зерттеу жүр­гі­зуді бәсекелестік ортаға беру тә­жірибесі болған. Нәтижесінде, біз осы аурулардың таралуын ба­қы­лауды жоғалтып алдық. Бүгінгі таңда елде аталған инфекция жө­нін­де нақты статистика да және тиі­сінше осы инфекцияларға жауап беру бағдарламасы да жоқ», дейді А.Әлназарова.

Депутат сондай-ақ халық­аралық тәжірибедегі келең­сіз деректерді де атап өтті. Оның айтуынша, көрші Ресейде де АИТВ зерттеуінің 1-кезеңі бәсе­ке­лестік ортаға берілгеннен кейін бұл аурудың тез таралуына әкеліп соққан. Айналып келгенде олар бірнеше рет АИТВ-инфекциясының диагностикасын мемлекеттік медициналық мекемелерге қайтаруға мәжбүр болған көрінеді.

Сенатор осыған орай Үкімет басшысына жолдаған сауалында АИТВ-инфекциясына диаг­ностика жасауды тиісті жү­йелі дайындықсыз және мәсе­лені мұқият зерттемей тұрып бәсекелестік ортаға бер­меуді талап етті. Қысқасы, бұл қадам Қазақстанда АИТВ-инфек­ция­сының өршуіне септесуі мүмкін деп есептейтін депутат Сенат отырысында да: «Биылғы 17-31 қаңтар аралығында «Ашық НҚА» жария талқылау порталында 2026 жылға дейінгі бәсекелестікті дамыту және қорғау тұжырым­дамасы ұсынылып, онда АИТВ-инфекциясының зертханалық диаг­ностикасын бәсекелі ор­та­ға беру ұсынылады... Бү­гінде денсаулық сақтау жүйе­сінде пациенттерді тексеру нәтижелерін, деректерді беруді, медициналық ұйымдардың, оның ішінде жеке зертханалардың статис­тикалық деректерін бі­рік­тіретін бірыңғай ақпа­рат­тық платформа әлі де жоқ. Осынау зерттеулерді орталық­сыз­дан­дыру, яғни қожырату мониторинг жүргізу мен жедел әрекет ету шараларын қабылдауды айтарлықтай қиындатады», деген болатын.

Ол Қазақстанда бәсекелестік ортаға жыныстық жолмен беріле­тін инфекцияларға зерттеу­лер­ді беруге қатысты бұған дейін де жағымсыз тәжірибе болғанын еске салды.

Өз тарапынан Қазақстандық медициналық зертханалық диагностика қауымдастығының президенті, профессор, медицина ғылымдарының докторы Мұстафа Рысұлы төмендегідей түсініктеме берді.

– Мен бір мәселені түсін­беймін. Осы «ВИЧ/СПИД» дейтін ауруды зерттеп келе жат­қанымызға бірталай заман болды. Оны зерттеу мен анық­таудың, ем-дом жүргізудің бұрыннан келе жатқан, қалып­тасқан халық­ара­лық жүйесі бар. Халық та осыған үйреніп қалды. Ал енді жекеменшік лаборатория­лар осы жүйені өзгерту керек деп жатыр. Оларға салсаң, өзі екі тесттен тұратын лабораториялық зерттеудің бірінші кезеңін екіге бөлмек. Бірінші кезең скрининг – ауруы жоқ адамдарды АИТВ-ға тексеру, екіншісі – тест оң нә­ти­же берген жағдайда диагнос­тикалау. Яғни бірінші кезең екі тестен тұрады. Екінші сараптама соны растайды. Бірақ диаг­ноз бұл кезеңде қойылмайды. Бұл үшін екінші кезеңге өтіп, нағыз диагнос­тиканы дәлелдейтін тест міндетті түрде жасалуы қажет. Пациенттің дертті еке­ні дәлелденсе, одан АИТВ та­былғаны туралы арнаулы дәрі­гер хабар алып, диагнозын қойып, пациентті тіркеп, эпидемиолог дәрігерді тағайындап, АРВ терапиясын бастайды.

Енді жекеменшік зертханалар бізге 1-кезеңдегі 1 тесті орындауға мүмкіншілік беруді сұрап, соны жасайық деген ұсыныс айтып отыр. Егер пациенттен оң нәтиже шыға қалса, олар әрі қарай шаруаны бәрібір ЖИТС орталықтарына қарай ысырады. Өзіңіз ойлаңызшы, пациентке бір мекемеге ғана барған тиімді ме, екі жерге жүгірген жақсы ма? Және ол адамдардың АИТВ-ахуалдығы туралы мәлі­меттерінің құпиялылығына кім кепілдік береді? Бір жерден атқарылатын осы істі неге екіге жару керек? Мәселен, АИТВ-ға анализ тапсырудың бірінші кезеңінің бағасы жобамен 2 мың теңге болса, оны екі лабораторияға 1 мың теңгеден бөлетін болсақ, медициналық сараптаманың сапасына кім жауап бермек?

Ал бұл қаражат Үкімет тарапынан, мемлекеттік бюджет есебінен қарастырылған. Тә­уе­­келді ортаға, яғни АИТВ жұқ­тыру қаупі жоғары осал топ­­тарды АИТВ-ға тексеру тегін жүргізіледі. Ертең бұл іс жеке­мен­шік лабораториялардың қо­лына түскен соң қалай болмақ? Ең бастысы, тест жүргізудің сапасы мен бағасын кім қарауылдап тұрмақ? Мүмкін елімізде бетке ұстар бірнеше жекеменшік лаборатория бар шығар, олардың қолынан мемлекеттік деңгейдегі кешенді жұмыс жүргізу келер, бірақ қалғандарын не істейміз?

Қорыта айтқанда, біз ха­лық­­тың денсаулығына қатыс­ты мәселелерді асықпай шеш­ке­­німіз дұрыс болады, дейді Қа­зақ­стандық медициналық зерт­ха­налық диагностика қауым­дас­тығының жетекшісі Мұстафа Рысұлы.

 

АЛМАТЫ