Өткен бір сенбіде грузин асханасын сағынып, «Дареджаниге» жолымыз түсті. Кешқұрым мейрамхана іші әдеттегідей қаракөлеңке, майшамның жарығымен үндескен грузин музыкасы алыстан талықсып естіледі.
Даяшы мәзірді әкеліп, қалауымызды сұрады. Әрине, орыс тілінде. Бұған дейін іштегі патриоттық һәм қазақы көзқарасты жиып қойып, орысша сөйлесе беретінбіз. Сірә, көңіл күй жақсы болса керек. Алайда бұл жолы олай болмады: жалпы адамзатқа деген мейірім мен түсіністік дәл сол сәтте бас көтермеді. Жүйке сәл сыр беріп тұрған соң ба, даяшыға қазақ тілін білетін біреуді жіберуін талап еттік. Шытылған қабаққа ол да қуана қоймады: бізге ренжігені анық. Арада біршама уақыт өтті: қазақша білетін даяшы табылмай жатса керек. Соған орай бізге «аса құрметті қонақ» ретінде мейрамхананың әкімшісі қызмет көрсетті. Бағымыз ба?..
Әкімшіге тапсырысымызды айтып отырып, әдетімізше, арасында бірді-екілі орысша сөздерді де қосып қоямыз. Біз де өмірде таза қазақша сөйлейтін деңгейге жетпегеніміз рас. Мойындаймыз. Дегенмен қоғамдық орында мемлекеттік тілді талап етіп һәм онымыз орындалғанына іштей мәзбіз (негізі, бұл – комплекс). Келген кездегі шекенің тырысуы да қайтқан сияқты.
Екіжақты тарап ортақ келісім тауып, мәзірдің соңына келгенде әкімші тағы таңғалдырды. Сусындар тізіміндегі «смородина» деген сөзді «қарақаттан» деп түсіндіріп жатыр. Қарақатты естіп тұрып, күлкімізді әрең тыйдық. Өзіміз кей тұрмыстық сөздерді орысша айтып отырғанда, әлгі кісінің «смородинаны» аударып тұрғанына қалай күлмейсің?.. Шарттылық.
Ақиқатында, ол әкімші қарақатты білгенімен, сөйлемнің бас-аяғын құрап айта алмайды. Біздің мемлекеттік тілді көңіл күйдің райына салып талап еткеніміз де, бәлки, дұрыс емес. Егер солай болса, Сізден де, әлгі даяшы мен әкімшіден де кешірім сұраймыз. Ал әрқайсымыз әрқашан қазақ тілін талап етейік десек, ол онда мораль болады. «Терезенің» шарты бойынша, оқырманға ақыл айтпауымыз керек.
Дегенмен қарақат дегенге қазақша біледі екен деп қалмаңыз.