Спорт • 10 Ақпан, 2022

Тау шаңғышыларының да тауы шағылды

1071 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бейжіңдегі (Қытай) XXIV Қысқы Олимпия ойындары бірте-бірте өзінің қызған шағына еніп келеді. Жарыстың кезекті күнінде алты медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жарыс жолына тау шаңғысы (слалом, әйелдер), шаңғы қоссайысы (орташа трамплин және гундерсон жүйесі бойынша із кесу), шана, сноуборд (әйелдер), фристайл (биг-эйр, ерлер) және шорт-трек (ерлер) өкілдері шықты. Сонымен қатар керлинг, трамплиннен секіру, скелетон бойынша іріктеу жарыстары өтсе, шайбалы хоккейден ерлер арасындағы жарыстар басталды.

Тау шаңғышыларының да тауы шағылды

Жүлде алмауымызға қарсыластар кінәлі

Қазақстандық спортшылардан Олимпия ойындарының бесінші жарыс күнін конькимен жүгіру спортшылары түйіндеді. 1 500 метрге ерлер арасындағы жарыста Қазақстан атынан Дмитрий Морозов сынға түсті. Осы спорт түрінен еліміздің ең үздік спортшысы саналған Морозов бұл жарыста Олимпиада чемпионы Нидерланд өкілі Кьелд Нёйстен 3.80 секундқа ұтылып, Олимпиаданы 18-орынмен аяқтады. Бұл – жерлесіміздің өз карьерасындағы үздік нәтижесі екенін айта кеткен жөн. Ол бұған дейінгі халықаралық бәсекелерде үздік 20 спортшының қатарынан көрінбеген.

Жарыстан кейін журналистермен тілдескен Морозов нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді. «Әрине, үздіктер қатарынан көріне алмағаным өкінішті. Алайда өз нәтижеме көңілім толады. Десе де тактикалық және физикалық тұрғыда әлі жетілдіретін тұстарым көп. Алда масс-старт бәсекесі бар. Екі қашықтықта жүлдеге таласып көремін. Масс-стартты конькимен жүгірудегі лотерея деп айтуға болады. Бұл жарыста кімнің бағы жанады, сол чемпион болады. Қытайдағы мұз елордадағы «Алау» мұз айдынына қатты ұқсайды екен. Зайыбым Надежданың (Мо­розова) жарысқа түскен сәтін тек теледидар арқылы ғана тамашалап жүрмін. Бірақ екеуміз күнде бірге жаттығамыз», деді ол.

Сонымен қатар конькимен жүгіруден Қазақстан командасының бас бапкері Дмитрий Бабенко Морозовтың көр­сет­кішіне өз бағасын беріп, шәкірті қарсы­ласының кесірінен үздіктер қатарына іліге алмай қалғанын айтты.

– Көрсеткіш мен күткендей болған жоқ. Алайда ол өзінің спорттық карьера­сындағы ең үздік нәтижесін тіркеді. Моро­­зовқа қарсылас сәтсіз түсті. Ол (қы­тай­лық қарсыласы Лянь Цзывэнь) көбіне спринт­ке бейім екен. Алғашқы метрлерде екпін алып, қалған бөліктерге күшін дұрыс жұмсау маңызды еді. Сондықтан Дми­трий жолаққа шыққанда кедергі кел­тірмес үшін алғашқы 300 метрде барын салды. Әрі қарай бейімделу қиын болды. Сол себепті соңғы айналым оған өте ауыр соқты. Егер қарсыласы ыңғайлы бол­ғанда, Дмитрийдің нәтижесі бұдан да жақ­сы болар ма еді?! Бұл – оның алғашқы Олим­пиадасы болғандықтан, шәкіртімнің нәти­жесіне көңілім толады, – деді бас бапкер.

Осы қашықтықты 32 жастағы Кьелд Нёйс 1:43.21 уақыт көрсеткішімен жү­ріп өтіп, 2002 жылғы Солт-Лейк-Сити Олим­пиадасынан бері жаңармай келе жатқан Олимпиада рекордының мұр­тын бұзды. Бұған дейінгі рекорд АҚШ спортшысы Дерек Парраға тиесі болған еді. Ол бұл қашықтықты 1:43.95 уақытта бағындырған. Бұл – Нидерланд спорт­шысының Олимпия ойындарындағы үшінші алтын медалі. 2018 жылғы Пхенчхан­дағы додада Нёйс 1000 және

1 500 метрге жарысуда алдына жан салмай, тұғырдың биік сатысынан көрінген-ді.

Сонымен қатар дәл осы 1 500 метр­ге жарысудағы әлем рекорды Кьелд Нёйске тиесілі. Ол бұл рекордын 2019 жыл­дың наурызында Солт-Лейк-Ситиде өткен әлем біріншілігінде жасаған еді. Уақыт көрсеткіші – 1:40.17. Енді Олимпия ойындарының да, әлем чемпионатының да рекорды Кьелд Нёйске тиесілі болып отыр. Аталған қашықтықта күміс жүл­дені Нёйстің отандасы, үш дүркін әлем чемпионы Томас Крол иеленді. Сөйтіп ол Олимпиададағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Ал қола жүлде Пхенчхан Олимпиадасының күміс және қола жүлдегері Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Соктың еншісінде.

Мәреге жетудің өзі де арманға айналды

Сонымен қатар тау шаңғысы спор­тының слалом түрінде Қазақстан құра­масынан Александра Троицкая өнер көрсетті. Олимпия ойындарына тұң­ғыш рет қатысып жатқан 18 жас­­тағы жерлесіміз, өкінішке қарай, жа­рыс­­ты соңына дейін аяқтай алмады. Мәре сызығына дейін жетіп келе алма­ған­дардың қатарында Троицкаядан бөлек, осы жарыстың басты фавориті, Сочи және Пхенчхан Олимпиадасы­ның жеңім­пазы, бір­неше дүркін әлем чемпионы аме­рикалық Ми­каэла Шиффрин де бар. Сөйтіп ол да алғашқы мүмкіндікте жүл­десіз қалды.

Бұл бәсекеде алтын медаль 2019 жыл­ғы әлем чемпионы словакиялық Петра Вль­говаға бұйырды. Ал аустралиялық Катарина Линсбергер Олимпия ойында­рының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Ол төрт жыл бұрынғы Оңтүстік Кореядағы доданың командалық жарысында күміс медальды мойнына ілген еді. Сондай-ақ Пхенчханда Олимпиаданың үш жүлдесін (алтын, күміс, қола) қоржынға салған швейцариялық Венди Хольденер Бейжіңде алғашқы қоласын жеңіп алды.

Жарыстан кейін Александра Троицкая өзінің алғашқы Олимпиадасы және кешегі өнері туралы пікір білдірді. «Бас бап­керсіз жаттығу маған өте қиынға соқты. Сондықтан өз қателігімді сырттай көре алмағандықтан, жарыс туралы ештеңе айта алмаймын. Мұндағы жарыс жолы расында қиын, маған ыңғайсыздық тудырды. Бірінші мүмкіндігімді барынша нәтижелі аяқтағым келген еді. Алайда бәрі мен ойлағандай болмады. Қазақстанда Бейжіңдегідей қатты қар мен мұз жоқ. Оның үстіне, тәжірибесіз, жаттығусыз бәсекелесу қиынға соқты. Десе де, бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды деп айта аламын», деді Александра.

Ерлер арасындағы шаңғы жарысының еркін стилінде үш дүркін Олимпиада, алты дүркін әлем чемпионы норвегиялық Йоханнес Хёсфлот Клебо алдына жан салмады. Италиялық Федерико Пеллегрино қатарынан екінші мәрте Олимпия ойын­дары­ның күміс жүлдегері атанды. Ол Пхенч­ханда да осы қашықтықта күміс жүл­дені мойнына ілген еді. Ресейлік Алек­сандр Терентьев қола медальды қа­нағат тұтты.

Әйелдер бәсекесінде швециялық қыз­дар жасындай жарқылдады. Әлемнің екі дүркін чемпионы Йонна Сундлинг бас жүлдені олжаласа, тағы бір әлем чемпио­ны Майя Дальквист екінші орынға та­бан тіреді. Үшінші сатыға Пхенч­ханда командалық сайыста топ жарған аме­рикалық Джессика Диггинс жайғасты.

Сноубордта төрт жыл бұрынғы Олим­пиада чемпионы чехиялық Эстер Ледецкая жеңіске жетсе, аустриялық Даниэла Уль­бинг пен словениялық Глория Котник жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ерлер жарысында Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері аустриялық Карл Бенд­жамин алтын тұғырдан көрінді. Слове­ниялық Тим Мастнак пен ресейлік Вик Уайлд Олимпиаданың күміс және қола медальдарды өзара бөлісті.

Фристайл биг-эйрден өткен жарыста Қытай қызы Гу Айлин алтыннан алқа тақты. Франциялық әлем чемпионы Тесс Ледё күміс алса, швейцариялық Матильда Гремо қола медальды мойнына ілді.

Көш басында – Норвегия

Олимпиаданың алғашқы алты күнінде 23 елдің спортшылары жүлде алып үл­герді. Көш басында Норвегия спортшылары тұр. Бүгінге дейін олар 4 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль иеленді. Екінші және үшінші орындарды Швеция (4+1+2) мен Нидерланд (3+3+1) өзара бөлісуде. Алғашқы алтынына кеше ғана қол жеткізген АҚШ спортшылары 1 ал­тын, 5 күміс және 1 қола медальмен 10-орында тұр. Әзірге ең көп жүлде (10) ол­жа­лаған Ресей құрамасы 2 алтын, 3 кү­міс, 5 қоламен 8-сатыға жайғасқан.