Футбол • 10 Ақпан, 2022

Әліп «Зенитте» доп тебеді

498 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ баласы Нұрәлі Әліп «Зенит» командасында доп тебетін болды. Таяуда «Мидтьюлландпен» (Дания) өткен жолдастық кездесуде жалғыз голдың авторы атанғаннан кейін Ресейдің бірқатар спорт сайты Санкт-Петербургтің командасы отандасымызды футбол маусымының соңына дейін «Қайраттан» жалға алады деген ақпарат таратты. Ал бұрнағы күні championat.com-ға сұхбат берген команданың бас бапкері Сергей Семак Нұрәліні сатып алу құқығымен жалға алатынын растады. Егер де трансфер жүзеге асқан жағдайда отандасымыз «Зенит» жейдесін киеді.

Әліп «Зенитте» доп тебеді

«Жаттықтырушыларыма қарыздармын»

Жалпы, Нұрәлі Әліп Алматының «Қайрат» академиясынан тәлім алға­нымен, шын мәнінде ол Ақтауда дүниеге келген. 2015 жылы «Қайраттың» «скауттары» жас футболшының ойынын жоғары бағалап Алматыға шақырды.

– Мен 1999 жылы Ақтауда дүниеге келдім. 2008 жылдан бастап «Каспийдің» жасөспірімдер футбол клубында ойнай бастадым. Менің алғашқы жат­тықтырушым – Ержан Мақсатұлы Жамбыров. Ол қатал және талапшыл тәлімгер болды. Жаттықтырушым маған сенді және қиын уақытта қолдау көрсетті. Мен бұл кісіге қарыздармын, – деген ол «Қайрат» академиясына қалай қабылданғанын айтты. – 2015 жылдың шілде айының ортасы болатын. 1999 жылғы туған жастардың арасында жарыс өтті. Сол кезде біз Алматының «Қайратын» 2:0 есебімен ұттық. Бір аптадан кейін мені «Қайрат» академиясына шақырды. Сынақтан сәтті өтіп, үш жыл академия қабырғасында оқыдым. Алматы клубының жасөспірімдер командасында, одан кейін оның қосалқы құрамында өнер көрсеттім. Тәжірибелі ойыншылардың қолдауының арқасында «Қайраттың» негізгі құрамына да тез бейімделдім.

Нұрәлі «Каспий» клубында шабуыл­шы болды. Ал қорғаныс шебінде ойнауды тек «Қайратқа» келгеннен кейін үйрене бастады. Мұның себебін сол кездегі «Қайрат» академиясының жастар және жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасының жетекшісі (2016-2018 ж.ж.) Дмитрий Галямин былай түсіндіреді: «Неліктен біз оны қор­ғаушы еттік? Өйткені Н.Әліп баспен тәуір ойнайды, техникасы да бар. Алаңда әрбір допқа соңына дейін талас жүргізеді. Үлкен футболда орталық жартылай қор­ғаушы болып ойнау – қиынның қиыны. Сондықтан физикалық көрсеткіштеріне қарап, қорғанысқа ауыстырдық. Біз қате­лес­педік. Бүгінде ол Қазақстандағы ең мық­ты қорғаушылардың біріне айналды».

Қазақ футболының болашағы

Нұрәлі Әліп «Қайрат» сапында 2018 жылы Қазақстан премьер-лигасының алғашқы турында алаңға шықты. Орталық қорғаушы екі аптадан кейін ұлттық құрамаға шақырылып, алғаш рет Болгариямен ойында алаңға шықты.

– «Қайрат» пен «Қызылжар» арасын­дағы ойыннан кейін ұлттық құраманың жаттықтырушыларының бірі маған қоңырау шалып, құрамаға шақырғанда толқы­ғаным соншалық, маған хабар­ласқан адамның атын сұрауды да ұмытып кетіппін. Содан кейін ұлттық құраманың ойыншылар тізімінде өзімді көргенде, қатты қуандым, – дейді Н.Әліп.

Сол кезде ұлттық құраманың бас бапкері болған Станимир Стоилов мұның футболшыға берілген «аванс» екенін айтқан болатын.

– Мен Нұрәлі Әліптің бір ғана ойынын көрдім. Бірден шақырту жібердім. Бұл – оған берілген «аванс». Оның бойында негізгі құрамның футболшысы атануға қажетті қабілеттің бәрі бар. Жалпы Нұрәлі – Қазақ футболының болашағы, – деген еді болгариялық бапкер.

22 жастағы қорғаушы – төрт жылдан бері «Қайрат» пен Қазақстан құра­масының негізгі ойыншысы. Ел бірін­ші­лігінде топ жарып, еурокубокта тәжі­рибе жинақтаған. Енді өз күшін Ресей чем­пионатында байқап көруге жақын тұр.

Ресейлік футбол сарапшысы Денис Сафронов бұқаралық ақпарат құрал­дарына берген сұхбатында Нұрәлі Әліп туралы жылы пікір білдірді.

– Нұрәлі Әліптің ойынына баға беруге әлі ертерек. Оның үстіне Ресей чемпионатының Қазақстанға қарағанда деңгейі жоғары. Сондықтан қандай қорғаушыға да Ресей премьер-лигасында ойнау қиынға түседі. Тәжірибесі мол Ракицкий, Ловрен, жастардың арасында Чистяков және Круговоймен бәсекелесу керек. Дегенмен Нұрәлі өте салқынқанды. Жылдамдығы да бар. Алғы шепке пас шығарып, шабуылшыларды қамшылай біледі. Баспен де жақсы ойнайды, – деді футбол маманы.

Ал футболдан Қазақстан құрама­сының бұрынғы ойыншысы Андрей Кар­повичтің айтуынша, қазақстандық қор­ғаушы қазіргі кезде деңгейі жағынан Ловрен мен Ракицкийден жоғары тұр­ғанын айтады.

– «Зениттің» Нұрәліні оқу-жаттығу жиынына шақыруы мен үшін тосын сый болған жоқ. Ол – дәл қазіргі таңда еліміздің ең үздік қорғаушыларының бірі және өте жылдам әрі болашағынан зор үміт күттіретін жас футболшы. Бірақ «Зениттегі» тәжірибелі ойыншылармен бәсекелесу қиындау болуы мүмкін. Соған қарамастан, мен оған сенемін, – дейді А.Карпович.

Оның құны – 5 млн доллар

– Мықты командалардың маған қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Егер мен шетелдік чемпионаттарда сынға түсетін клубтардың назарында болсам, онда мен дұрыс бағытта келе жатырмын. Ең бастысы, қол жеткен жетістіктермен тоқтап қалмай, әрі қарай жұмысты жалғастыра беруім керек, – деген Әліп ТОП чемпионаттарда ойнағысы келетінін де жасырған жоқ. – Барлық футболшы секілді мен де рейтингі жоғары ТОП-5 чемпионатта ойнағым келеді. Ресейде жақсы өнер көрсетсем, Еуропаның ТОП клубтарына жол ашылатынын білемін. Сол үшін еңбектене беремін.

Жалпы, «Қайраттың» басшысы Қайрат Боранбаевтың айтуынша, Нұр­әліге «Зенит» 2020 жылдан бері қызығушылық таныта бастаған. Бірақ бүгінде оның «Қайратпен» үш жылға келісімшарты бар. Сондықтан ол 5 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.

«Қайрат» пен «Зенит» арасындағы трансфер туралы айту әлі ерте болса да, Д.Галямин екі команда Нұрәліні сатып алуда ымыраға келуі керек деп есептейді.

– «Қайрат» басшысы – жақсы бизнесмен. Нұрәлі Әліп үшін басқа ТОП-клубтардың қызығушылық танытып жатқанын жақсы біледі. Н.Әліпте қорғаушыға тән қасиеттің барлығы бар. Сондықтан оған деңгейі Қазақстаннан жоғары чемпионатқа ауысу керек. Егер де екі команданың арасында трансфер бола қалған жағдайда, олар бір мәмілеге келеді деп ойлаймын, – деді маман.

Нұрәлінің 10 жасында әкесінен, 12 жасында анасынан айырылғанын көп оқырман біле бермейді. Ал ол өзінің еңбекқорлығы мен мақсаткерлігінің арқасында осындай деңгейге көтеріліп отыр. Н.Әліптің алар асуы әлі алда екеніне де үлкен үмітпен көз тігеміз.