Оқиға • 10 Ақпан, 2022

Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін 792 адам тұтқындалды

699 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Ожаев ҚР Парламент Мәжілісіндегі адам құқықтары мәселесіне арналған дөңгелек үстелде қаңтардағы тәртіпсіздіктер бойынша қозғалған қылмыстық істер жөнінде соңғы мәліметтерді айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаппай тәртіпсіздіктерден кейін 792 адам тұтқындалды

«Қаңтардағы тәртіпсіздіктерге байланысты министрлікке азаматтарды қамау орындарына заңсыз жеткізу, ұстау, жауапкершілікке тарту туралы көптеген шағым түсті. Әрбір осындай факті бойынша, шағым мен жарияланым бойынша тыңғылықты тексеру жүргізіледі. Егер ол мәлімет расталса, дереу шара қолданылады», деді ІІМ өкілі.

Ведомствоның бірінші вице-министрі қаңтар оқиғасы бойынша ұсталғандардың ісі арнайы прокурорлардың бақылауында екенін еске салды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша террористік актілердің, жаппай тәртіпсіздіктердің себептері мен ұйымдастырушыларын анықтау жұмыстары Бас Прокуратураға жүктелгенін естеріңізге салғым келеді. Осыған байланысты аталмыш санаттағы және осы оқиғалармен байланысты істердің бәрі арнайы прокурорлар басқаратын ведомствоаралық тергеу тобына берілді», деді ол.

Айтуынша, қазір Ішкі істер органдары қаңтар оқиғасына қатысы бар деген 792 адамды қамауға алған.

«Қазіргі таңда ішкі істер органдарында 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оның негізгі бөлігі тонау мен ұрлыққа қатысты. Қылмыс жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына 893 адам жеткізілді. Соның 792-сі қамауға алынды. Ұсталғандардың кінәсі қолды болған, зақым келген мүлік түріндегі тәркіленген заттай айғақтардың, видео, фото материалдардың және тергеу органдарының басқа да процессуалдық шараларының көмегімен дәлелденіп жатыр», деген ІІМ өкілі істердің бәрі қылмыстық процестің үш буынды моделі аясында іске асып жатқанын атады.