Аймақтар • 10 Ақпан, 2022

Шымкент ағаштарын сілкуге 600 млн теңге бөлінген бе? Әкімдік жауап берді

237 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында ағаштардың қарын сілкіп, түсіруге бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінгендігі туралы ақпарат тарап жүр. Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары Е. Білісбеков ақпараттық-коммуникациялар орталығында брифинг өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкент ағаштарын сілкуге 600 млн теңге бөлінген бе? Әкімдік жауап берді

Әкім орынбасары Шымкент қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті Қазақстан Республикасының тиісті заңдарында көрсетілген талаптарға сәйкес қалыптастырылатынын және қаланың жасыл желектерін күтіп ұстау, жаңа ағаштар отырғызу, мерзімдік дәрілеу, суару, бұтау, ақтау және қардан тазарту секілді бірнеше жұмыстарды қамтитынын айтты.

Сондай-ақ, осы жұмыстарды атқаратын азаматтардың еңбекақысы, сол жұмысқа пайдаланылатын көлік пен арнайы техниканың жанар-жағар майы мен өзге де шығындары кіретінін нақтылады.

«Шымкент қаласының аумағы 116 мың гектарды алып жатыр. Қазіргі уақытта қала аумағында 6 миллионнан астам түп ағаш бар. Бұдан бөлек, қала аумағында 8 саябақ пен 39 гүлзар бар. Ал, әлеуметтік желілерде көрсетілген қарды сілкіп түсіру жұмыстары жалпы жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстарының көптеген бағыттарының бір тармағы ғана. Яғни, мұндай жұмыстар қауіпсіздік мақсатында адамдар жиі жүретін көпшілік орындардағы 66 220 түп ағашта жүргізіледі деп жоспарланып, қаржылық сметалық шығындары 600 миллион емес 891,4 мың теңгені құрайды деп бекітілген», деді Е. Білісбеков.

Оның айтуынша, қыс мезгілінде қар жаумаған жағдайда бұл қаржы толықтай бюджетке кері қайтарылады.

Сөз соңында қала әкімінің орынбасары желіде таралған ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, БАҚ өкілдерінен ресми және шынайы ақпаратты ғана таратуға шақырды.