20 Наурыз, 2014

Шығыста Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі ашылды

785 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
21-03-DSC_4440Шығыс Қазақстан облысында Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі пайдалануға берілді. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады. Жеңіл атлетика манежінің тұсаукесер рәсіміне өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Сергей Ящин, Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек, еліміздің жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алексей Кондрат, жеңіл атлетика бойынша бас бапкер Вячеслав Сокирко, 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров қатысты. 21-03-DSC_4456Халықаралық талаптарға сай келетін спорт кешені «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының демеушілігімен салынды. Жалпы сыйымдылығы 650 жанкүйерге арналған еліміздегі бірегей спорт нысанында 60 және 200 метрлік жүгіру жолдары, биіктікке және қарғып секіру секторлары, сондай-ақ спортшылардың көпсайысқа дейінгі жеңіл атлетиканың барлық түрі бойынша жаттығуына мүмкіндік бар.Әлемдік талаптарға жауап беретін нысанға қазірдің өзінде жаттығулар мен ірі жарыстар өткізуге өтініштер түсуде. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы аталған нысанды салуға 700 млн. теңге бөлген болатын. Спорт нысанының ашылу салтанатында XVІІ Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, белгілі желаяқ жерлесіміз Ғұсман Қосанов атындағы жасөспірімдер мен қыздар арасында ашық біріншілік өтті. Аталған жарысқа облыс спортшыларымен қатар, Павлодар, Қарағанды және Алматы облыстарының командалары қатысты. Ольга Рыпакова спортшыларға лайықты құрмет көрсеткен Мемлекет басшысына өзінің ризашылығын жеткізді. Думан Анаш. Өскемен. Дереккөз: Egemen.kz. Фото: Egemen.kz.