Күнтізбе бойынша көктем келгелі жиырма күннің жүзі болса да Арқаның арқа қаритын аязының беті қайтпай, азынаған желі өкпектете соғып тұрған еді. Кеше табан астынан тына қалыпты. Май тоңғысыз дейтіндей ауа райы бір-ақ түнде орнай қойыпты. Күн жарқырап тұр. Жел жоқ. Астанадағы Наурыз тойы тамаша басталды. Жиналған жұрттың жүзі жадыраңқы, көңілі көтеріңкі. Сағат он екіге жақындағанда Елбасы келді «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңға. Ақтарыла, ағыла сөйледі. Күн мен түн теңескен шаққа астрономиялық дәлдікпен тұспа-тұс келетін Наурыздың атам заманнан, тіпті сонау бес мың жыл бұрыннан келе жатқанынан тартып, оның татулықтың, тағаттылықтың, тұрақтылықтың мерекесі болып табылатынын, мұның өзі бүгінде жер-жаһан «Қазақстан жолы» деп атаған біздің таңдауымыз екенін айтты.
Ойыма осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға оралады. Онда да көктем күні болатын. 1984 жылдың 22 наурызы еді ол. «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, редакциялық алқа мүшесі кезім. Наурызды мерекелей қоймағанымызбен, қазақы орта емеспіз бе, редакцияда бір-бірімізді құттықтасып, тілек айтысып жататынбыз. Дәл сол күні «Социалистік Қазақстанның» телетайп лентасына, ол кездегі тілмен айтсақ, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақ ССР Министрлер Советінің Председателі етіп тағайындау туралы Указы түсті. Қырықтың қырқасына жаңа шыққан жігіттің республика Үкіметінің тізгінін ұстағанына таңданушылар табылмағаны есімде. Бәрі де содан он жылдай бұрын, 1973 жылы газеттің меншікті тілшілерінің көшпелі жиналысы Теміртауда өткенін еске түсіріп, қайраған қылыштай қылпып тұрған қазақ азаматының – қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ойының нәрімен де, сөзінің әрімен де журналистерді тәнті еткенін, кездесу соңында Көкшетаудағы меншікті тілші, арқалы ақын Еркеш Ибраһимнің көзі жасаурап: «Алда, қарағым-ай, сені дүниеге әкелген ата-анаңа рахмет. Мен білсем, түбі үлкен адам боларсың» дегенін айтысып жатты. Теміртаудағы кездесуден кейін арада он бір жыл өткенде сол азамат Үкімет басшысы қызметіне тағайындалды. Ол екі аралықта облыстық партия комитетінің, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы міндеттерін атқарып, әбден ысылды, болашағы үлкен қайраткер ретінде бағаланды. Ақыры Кеңес Одағындағы ең жас премьер атанды. Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі жаңа белестің жаңару күнімен жарасып келгенін де жақсы ырымға жорысты жұртшылық.
Білігі бойынша да, білімі бойынша да металлург, бұған дейін көбіне өнеркәсіп мәселелерімен айналысып келген басшының экономиканың, әлеуметтік саясаттың барлық салаларының ұңғыл-шұңғылын егжей-тегжейлі зерттеп шығуына мүмкіндік берген, ұйымдастырушылық қасиеттерін барынша жарқыратып ашқан бұл қызмет, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың 1984-1989 жылдарда республика Үкіметін басқаруы кейіннен бәріміздің бағымызға айналды. Елбасымыздың Қазақстанды қиранды, құланды күйінен мемлекет етіп құрып шығуы, халықты небір тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өтуі, алыс та, жақын да мойындайтын, құрметтейтін ел етуі алдағы күндер бар бағасын бере жататын ұлы еңбек, ерен ерлік десек, бұл істе Елбасымыздың кезінде Үкімет басқаруының мәні бөлекше болғаны анық. Президентіміздің өміріндегі еңселі белестердің біріне дәл бүгін дәл отыз жыл толып отырғанын жұртымыз біле жүрсін деп жедеғабыл жаздық бұл жолдарды.
Елі үшін түн қатып, түс қашып, аттан түспей жүрген Азаматтың алдынан ақ таң ата берсін деп тілейік, ағайын. Отыз жыл бұрын басталған жемісті жол елімізді озық отыздықтан орын алуға жеткізсін!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.