Қоғам • 10 Ақпан, 2022

Адал еңбек еткен жұрт әділдік іздейді

1367 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адал еңбек етіп, соған сай лайықты жалақы алуды қай адам баласы қаламайды дейсіз. Бәрі қалайды. Өкінішке қарай, төккен тер мен еткен еңбектің өтеуі болмай, ақыр соңы айлап айлығын ала алмай жүрген азаматтар да баршылық. Өзгенің ақысын жеп, қара басының қамын күйттеп жүрген өлермен жұмыс берушілер де аз болмай отыр. Ар, ұят, обал, сауап сөздері ондай адамдардың ойына да кіріп шықпайды. Соның салдарынан еңбек етуге ынтасыз, әркімнен көңілі қалған һәм әлеуметтік жәрдемақыларға арқа сүйеуге еті үйренген жұмыссыздардың саны артып барады.

Адал еңбек еткен жұрт әділдік іздейді

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін айтқан болатын. Ел Президентінің айтуынша, бұл идеология компрадорлар мен уақыт өткізіп жүргендердің, масылдардың орнын алмастыруға тиіс. Бұл үшін қандай қадамдарға бару қажет? Адал еңбек пен әділ ынталандыруды қалай жолға қоя аламыз?

«Кез келген еңбекті бағалауда адами факторлар емес, адами капитал басты на­зарға алынуы тиіс. Ең алдымен, қо­ғам арасында адал еңбектің бағала­на­тын­­дығына және оған әділ ынталандыру болатындығына сенімділікті арттыратын шаралар орын алуы қажет. Сауатты бәсеке мен саналы әрі сауатты азаматтар көбейген жағдайда сапалы қоғам қалыптасады. Әр адамның өз ісіне деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігі жоғары болуы тиіс. Еліміздің әрбір азаматы осы елдің маңызды бір бөлігі екендігін сезінуі қажет. Бір ұйымның қызметкері жалақы алу үшін ғана емес, атқарып жатқан жұмысының сапалы орындалуы тұтас елдің жағдайына ықпал ететіндігін аңғаруы керек», деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Әлеуметтану» мамандығының PhD докторанты Шырын Тіленшиева.

Оның айтуынша, кез келген бағытта жемқорлықты азайту, мемлекеттік әлеу­мет­­тік қолдауларды мақсатты топтар­ға тиіс­ті деңгейде жеткізу, ауылдан бастап рес­публикалық деңгейдегі лауазымды орын­дарға ашық сайлау жұмыстары және осы сайланған тұлғаларға жұмыс нәти­же­сін көрсететін индикаторлар мен оны бағалау жолдары бойынша жұмыстар екі тарап негізінде атқарылуы керек.

«Саналы әрі сауатты бәсеке дегеніміз – кез келген еңбек ұйымдарында басшының объективтілігі мен қызметкерлердің өз жұмысына деген адалдығы. Кез келген қызметкер, яғни лауазымды орындағы, атқарушы қызметкер болсын KPI негі­зінде өз еңбегінің нәтижесін көруі тиіс. Бұл жүйе біздің елімізде болғанымен, ол тек сандық көрсеткіш үшін ғана жұмыс істейді, сапалы нәтижесі байқалмайды. Сонымен қатар барлық қазақстандықтар үшін ашық түрде еңбек бағалану статис­тикасы қолға алынуы керек. Бұл деге­ні­міз, мемлекеттік марапаттаулар мен сыйа­қылар табысталатын кезде жалпы қо­ғам болып кімге табысталатындығын білу және көру мақсаты іске асырылады. Ал жеке кәсіпкер ретінде қызмет ат­қа­­рып жатқандар үшін адал еңбек пен әділ ынталандыру саласы мемлекет тара­пынан олардың өз жұмыстарын еш кедергісіз жүзеге асыруға қолдау көрсету, сәйкесінше кәсіпкерлер тарапынан сапалы қызмет көрсетуді ұсынуын талап ету. Мейлі, жас болсын, егде азамат болсын, барлығына бірдей әлеуметтік лифт жағдайы жасалуы қажет», деді PhD докторанты.

Ш.Тіленшиеваның айтуынша, бүгінде жас­тар мен жасөспірімдердің құнды­лық­та­ры өзгерген. Қазіргі қоғамда олардың ара­сында тез танымалдылыққа ие болу, бло­гер атану арқылы жылдам қаражат та­бу­ды ойлау сияқты талпыныстар жиі кез­деседі.

«Осы тұста «Жастар кадрлық резер­ві» бағдарламасын атап өтуге болады. Бұл жақсы бастама жастарды топ-ме­нед­­жерлер ретінде тарту мақсатында екен­­дігін ескере отырып, бағдарламаға ірік­теу жұмыстарында жоғары деңгей­де­гі ашықтық пен әділдіктің болуы қам­­та­масыз етілуі қажет. Адал еңбек пен әділ ынталандырудың болуы – Үкі­мет пен елдің азаматтары бірлесе отырып еліміздің азаматтары басқа елдер­ге көшіп кеткісі келмейтіндей, тек шетелге дүниетанымымызды арттыру, тәжірибе алмасу мақсатында ғана барғымыз келе­тін­дей елді қалыптастыру», деді ғалым.

Отандастарымыз ынталануы үшін ең алдымен жұмыс берушілер адалдық та­нытуы тиіс еді. Өкінішке қарай, көп жағдайда бұлай болмай тұр. Мәселен, 2020 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары еліміздегі 1 184 кәсіпорын 31 мың жұмыскерге 4,2 млрд теңгеден астам жалақы берешегі бар екенін анықтаған болатын. Бұл кәсіпорын басшыларына 790 нұсқама беріліп, 106,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Соның нәтижесінде осы 31 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 4,2 млрд теңге тө­ленген еді.

Ал былтыр мемлекеттік еңбек инс­пекторлары Қазақстандағы 1 031 кә­сіпорын 25,4 мың жұмыскердің 5,8 млрд теңгеден астам сомадағы жалақысы төленбегенін анықтап, кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 1 198 нұсқама берілді. Бұған қоса 147,9 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Осылайша 23,3 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қор­ға­лып, оларға 5,6 млрд теңге төленді.

Жұмыскердің құқығын қорғай алға­ны­мыз жөн-ақ. Алайда былтырдың өзінде 1 031 кәсіпорынның жалақыға жан бағып отырған жұмысшыларды ала­қан жайғызып қойғаны жанға батады. Соған қарамастан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ведомствоның 2021 жылғы жұмысын қорытындылай келе, «2021 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың номиналды табысы өткен жылдың ұқсас ке­зе­ңі­мен салыстырғанда 11,8%-ға, ал нақты мәнде – 3,6%-ға өсті. 2021 жылдың үшінші тоқсанында орташа жалақы 243,7 теңгеге жетсе, бұл көрсеткіш өткен жылдың үшін­ші тоқсанымен са­лыс­тырғанда 19%-ға жоғары болды. Бұл ретте, инфляцияны ес­кере отырып, нақты мәнде жалақының өсуі 8,8%-ды құрады», деді.

Алайда Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бес жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға қысқарған. Ал əлеуметтік трансферттер 17-ден 29 пайызға өскен. Қазір аза­мат­тар­дың табысы жалақыға емес, бюджет шығынына тəуелді болып тұр. Қарызға батып, кедейлікке ұрынған адамдар саны көбеюде. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп бе­рі­луде. Бұл – нағыз көзбояушылық», деп ха­лық табысына қатысты берілетін есептерге күмәнмен қарады.

Бұл жағдай халықты адал еңбек пен әділ ынталандыруға сендіре алмайтыны айт­паса да белгілі. Бұған қоса, жала­қысын ала алмай алданып жүрген жұмыс­шы­лар тек өз отандастарымыз ғана емес. Мәселен, арзан жұмыс күші деп айтып жүр­ген, яғни көрші мемлекеттерден келген заңсыз шетелдік жұмысшылардың да «аузы аппақ болатын» кезі бар. Былтыр Ішкі істер министрлігі 6-12 желтоқсан аралығында «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп, осы операция кезінде көші-қон заңнамасы бұзылған 11 906 факті анықталды. Соның ішінде, 8 872-сі шетелдіктердің елде болу мерзімдерін бұзуы, 2 809-ы шетелдіктердің еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыру фактілері саналады. Бұған қоса 564 отандық жұ­мыс беруші шетелдік жұмыс күшін заң­сыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауап­кер­ші­лікке тартылды.

«Қазір бізде цифрлы еңбек келі­сім­де­рі бар. Бұл келісім арнайы ен­гізілді. Алайда шетел­діктерді тарта отырып, құ­рылыс, жөн­деу сынды салаларда қызмет көрсе­те­тін шағын және орта бизнес өкілдері осы цифрлы еңбек келісімдерін пайдалануға құлықсыз. Сондықтан көші-қонға қатысты да кәсіподақ құрылуы тиіс. Бұл ұйым шетелден келетін жұмыс күшін қадағалаумен айналысуы керек. Сол кезде заңсыз жұ­мыс күші де, жалған статистика да бол­майды. Ондай ұйым болмаған соң, ше­телдік жұмысшылар жалақылары төленбегенін, алданып қалғандарын айтып бізге келеді. Осындай арыз арқалаған азаматтардың саны өте көп. Жуырда Үкімет, Кәсіподақтар федерациясы және жұмыс берушілер қатысқан үшжақты комиссияда әлеуметтік әріптестік аясында осы мәселені көтердік», деді YNTYMAQ шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрақбай Жанабеков.