Қоғам • 10 Ақпан, 2022

Жемқорлық – ашкөздік көрінісі

1182 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қоғамымыздағы ең бір өткір әлеуметтік сипаты бар, өзекті құқықтық мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың іргелі себептерін анықтау және олармен күресу. Осы ретте, аталған әлеуметтік індеттің моральдық-этикалық себептерін құқықтық тұрғыда талдағанды жөн көрдім.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық мемлекеттік мәжбүрлеу шараларымен де, сонымен бірге тұлғаны тәрбиелеу мен дамыту арқылы да жүзеге асырылады. Мұндай мінез-құлықтың негізі – жемқорлық құқық бұзушылықтарымен сыйыспайтын моральдық құндылықтар мен этикалық стандарттар.

Жемқорлық – ашкөздік көрінісі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Этикалық мәдениет, сондай-ақ зерттеу объектісі мораль мен адам­гершілік болып табылатын жалпы этика – сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйесінің түйінді эле­мент­терінің бірі. Мұндағы біз айтып отыр­ған этика ережелері құқық нормалары секілді мемлекеттік мәж­бүрлеумен бекітілмейтіні бел­гілі. Олар өзара біркелкі іргелі мо­ральдық құндылықтарды мо­йындайтын қоғам мүшелерінің ортақ пікірінің күшімен қамта­ма­сыз етіледі. Қоғамның өзі жа­сақ­таған адам мінез-құлқының адам­гершілік критерийлері мем­ле­кеттік қызметшінің қызметін айқындайтын бірден бір фактор бо­лып қалады. Мемлекеттік қызмет мықты рухани-адамгершілік негізге сүйенбей же­ке дара жүзеге асырыла алмайды. Бұл өмірдің барлық салаларында мемлекеттік, қоғамдық мүдделерді іске асыру, халықтың билігін іс жүзіне асыру сияқты оның өзіндік табиғатының мәнімен үйлескендігін білдіреді. Сондықтан да мемлекеттік қызметшінің жеке қасиеттері, оның ішінде моральдық-іскерлік қабілеті – жалпы алғанда мемлекеттік басқару жүйесінің, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің маңызды элементі. Ұжымдағы дұрыс емес моральдық ахуал, ше­неуніктер мен мемлекеттік қыз­меткерлердің адал болмауы мем­ле­кеттік органдардың кез келген ізгі ниеттерден құралған мақсатын бұрмалап, бұл істердің маңызын жоюға дейін алып келуі мүмкін. Қо­ғамдық ойды саралар болсақ, мемлекеттік қызметшінің беделі ең бірінші әділеттілік, тазалық деген ұғымдармен байланысты болып келеді. Осы нормалар мен қағидаттар, сондай-ақ олар тә­жірибеде көрініс табатын әдет-ғұ­рыптар, салт-дәстүр мен рәсімдер жиынтығында кез келген кәсіби этиканың мазмұнын құрайды.

Мемлекеттік қызметшінің этикасы кәсіби этиканың бір түрі ретінде мемлекеттік қызметте адами қарым-қатынастардың белгілі бір түрін құрайтын моральдық-адам­гершілік нормалардың жүйесін құрайды. Мемлекеттік қызметтегі этика мемлекеттік қызметшінің адамгершілік мәнін, оның азаматтармен, қоғаммен, мемлекетпен өзара қатынасының сипатын ай­қын­дайтын моральдық талаптардың қа­ғидаттарынан, ережелері мен нормаларынан тұрады. Біздің қоғам атадан балаға мұра болып қалған моральдық-этикалық ережелерді ұстанып қана қоймай, лауазымды тұлғаларды әлеуметтік лайықты өмір салтын ұстануға және соған сәйкес моральдық-адамгершілік мінез-құлықты қалыптастыруға мәжбүрлейтін құқық нормаларын бекіту арқылы оны сақтауға, көбейтуге тырысып келеді.

Конституцияда, мемлекеттік қыз­метшілердің этикалық кодексін­де және өзге де заң актілерінде қо­ғам, мемлекеттік қызметшілер мен басшы құрам бағынуы тиіс бірыңғай моральдық-адамгершілік сипаттағы талаптар бекітілген. Бұл ережелер этикалық нормалармен және стандарттармен бірге қо­ғам­дағы қажетті мінез-құлықтың тиісті шарасы ретіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты анықтауда қолданылады.  

Қазіргі заманның жаһандық мәселелерінің қатарында оның ше­шімі әлемдік қоғамдастықтың одан әрі дамуына тікелей әсер ететін сыбайлас жемқорлық мәселесі болып отыр. Сыбайлас жемқорлық соңғы жылдары бұқаралық сипат алып, экономика, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау сияқты қо­ғам өмірінің барлық салаларын қамтыды. Сыбайлас жемқорлық тұлғалардың қалыптасқан этикалық нормаларды жеке бас пайдасына жету мақсатында бұзуы, іштен іріп-шіруі, азғындауға баруы екендігін айтуымыз керек. Яғни мемлекеттік қызметші, өзгені емес, өз ар-ож­да­нын алдай отырып, азғындық істерге барады, өзінің, ұрпағының, өзімен бірге өмір сүретін қоғамның белгілі бір игіліктерге жетуіне және өздеріне тиісті құқықтарды пайдалана алмауына алып келеді. Осы тұрғыдан сыбайлас жемқорлық ең бірінші қоғамда қалыптасқан моральдық-этикалық, адамгершілік қағидаттарынан аттап, оларды бұзу, сол арқылы іштей бұзылу екенін түсінуіміз қажет.

Отандық және шетелдік ав­тор­­лар­дың жұмыстарында жиі қол­да­ны­латын анықтамалардың бірі БҰҰ-ның «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы» конвенциясында берілген. Осы құжатқа сәйкес «сы­байлас жемқорлық бұл жеке мақ­саттарда пайда табу үшін мем­ле­кеттік билікті теріс пайдалану» деп көрсетіледі. Дүниежүзілік банк­­тің берген анықтамасы да осы­ған ұқсас. Еуропа кеңесі қа­был­даған «Сыбайлас жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкер­шілік» туралы конвенция­сы өз­ге­ халықаралық нормативтік құ­қық­­тық құжаттарға қарағанда «сы­­байлас жемқорлықтың» ұғы­мын кеңінен қарағандығы бай­қа­лады. Бұл құжатта сыбайлас жем­қорлықты мемлекеттік лауазымды тұлғалардың қызметтік міндет­те­рін тиісінше орындамауы немесе пара алушының оған тиесілі емес пайдалар мен келісімдер көру арқылы мінез-құлықтық сатқын­дығы және параға сатылуы деп көрсетеді. Байқап қарасақ, сыбайлас жемқорлық бұл ең алдымен мінез-құлықтық дұрыс емес әрекет, адам­ның өз ісіне адал болмауы, сол арқылы қоғамда қалыптасқан әділеттілікті бұзу, өзінің арының тазалығын бүлдіру. Демек сыбайлас жемқорлық жасаған мемлекеттік қызметші, шенеунік тұлғасында ең бірінші моральдық-этикалық, адамгершілік тәрбие жетіспейді, ол бар болған күнде де дамымағанын, қоғамда қалыптасқан кертартпа пікірмен оның бейнесі сәйкес екенін байқау қиын емес.

Қазіргі уақытта сыбайлас жем­қорлық құбылысы кеңінен зерт­телгені, жоғарыда көрсетілген анық­тамалардың универсалдығына қа­рамастан оның барлық тұстарын ашпайтындығы байқалады. Қазақ­стан­ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы келесідей анықтама береді: «сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адам­дар­дың өздерінің лауазымдық (қыз­меттік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен ар­тықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен ар­тықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу». Бұл анықтама сыбайлас жемқорлық құбылысының мәнін тереңірек ашқан. Біріншіден, анықтамадан сыбайлас жемқорлықтың субъекті­лері­нің шеңбері ұлғайған, яғни тек мемлекеттік, лауазымды адамдардан бөлек, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері де, олар­ға параны жеткізушілер де осы ұғымдарға кіреді. Екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың мақсаты тек қана өзінің жеке басына пайда табу ғана емес, сонымен бірге үшінші тұлғаларға игіліктер мен артықшылықтар алу, немесе олар­дың тиесілі емес игіліктер мен ар­тық­шылықтарды пайдалануы екені айқындалған.

Әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқорлықтың көптеген формалары кездеседі: пара алу, фаворитизм, қызметтік жағдайын теріс пайдалану, ағайынгершілік, ру­шылдық, жершілдік, тамыр-та­ныстық, қоғамдық ресурстарды жеке мақсатта заңсыз иемдену, бөлу, қайта бөлу, мүдделер қақ­ты­ғысы, қоғамдық ресурстарға қол жеткізу мақсатында жеке таныс­тықты пайдалану, заңсыз жеңіл­дік­тер мен несиелер беру т.б.

Сыбайлас жемқорлықтың басты се­бебі неде? Осыны анықтап кө­рейік. Әлеуметтік, ұйымдастырушылық-басқарушылық, саяси-қоғамдық қатынастардағы сыбайлас жемқор­лықты туындататын себеп­тер әр­түрлі және алуан жүзді сипат алады. Оның ең маңызды және барлығымызға белгілі себептерін анықтайық. Шартты түрде сыбайлас жемқорлықтың себеп­терін 6 үлкен топқа бөліп қарас­тыруға болады: іргелі құқық­тық ұйымдастырушылық-эко­но­микалық, ақпараттық, әлеуметтік, мәдени-тарихи. 

Сыбайлас жемқорлықтың туын­дауының іргелі себептері ретін­де экономикалық институттар мен экономикалық саясаттың, саяси шешімдерді қабылдаудың же­тімсіздігін, бәсекелестіктің болма­уын, мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуын, экономика­ның жекелеген секторларының монополиалануын, ресурстық базаларды мемлекеттік бақылаудың болуын, азаматтық қоғамның дамымауы, сот жүйесінің тиімсіздігі т.б. атауға болады.

Жемқорлықтың құқықтық се­беп­­теріне заңның солқылдақтығы, заң­намалық базаның анық болмауы, заңнаманың тым жиі өзгерістерге ұшырауы, халықаралық құқық нормаларын сақтамау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін ақылға қонымсыз жаза түрлері, сай­лау жүйесі реформаларының қа­жеттігі, сот шешімдеріне әсер етудің мүмкіндігі, нормативтік акті­лерді субъективті талқылауға мүмкіндік беретін нормалардың бо­луы, соңғы кезде дамып келе жатқан заң қабылдаудағы ықпал ету (лоббизм) және т.б. жатқызамыз.

Сыбайлас жемқорлықтың ұйым­дастырушылық-экономика­лық себептері ретінде тиімсіз бюро­кратиялық аппарат, мемле­кет­тік қызметшілердің айлық жал­ақы­сының төмендігі, бақылау жүйесінің солқылдақтығы, үлкен аумақтарды басқарудың қиындығын айтуға болады. 

Ақпараттық себептері ретінде мемлекеттік басқару тетігінің ашық болмауы, шынайы сөз бостандығы мен еркін баспасөздің жоқтығы, оффшорлық аймақтардың болуы, жемқорлық мәселелерін зерттеудің жоқтығын көрсетеді.

Сыбайлас жемқорлыққа алып ке­летін себептердің ішінде әлеу­мет­тік себептер де аса маңызды. Оларға туыстық құрылымдар, яғни кландық құрылымдардың болуы, ағайынгершіліктің дәстүрлері, мүдделер қақтығысы, жең ұшымен жалғасу, сыйлықтар сыйлау, пара беру салты, сауатсыздық пен білім дең­гейінің төмендігін жатқызамыз.

Мәдени-тарихи себептері ре­тінде бюрократиялық мінез-құлық­тың қалыптасқан жүйелі нормалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыратын бұқа­ралық мәдениет, саяси бә­се­кенің төмендігі, тарихи және де­мократиялық дамудың ерек­ше­лік­те­рі мен кедергілері, адалдық пен парасаттылық ұғымдарын ескермеу т.б. жатады.

Сыбайлас жемқорлық қоғам өмірінің барлық салаларына эко­номикаға да, әлеуметтік салаға да, саясатқа да зиянды әсер етеді. Сыбайлас жемқорлық тудыратын келеңсіз салдарлар қоғамның дамуын тежеп қана қоймайды, сонымен қатар елдің ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне үлкен қауіп төндіреді.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар нәтижесінде еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы баяулайды, экономикалық да­мудың нашарлауы, бәсекеге қа­білетті кәсіпкерлік тетіктерінің бұзылуына, шетелдік инвестор­лар үшін экономиканың тартым­ды­лығының төмендеуіне, сондай-ақ инфляцияның, шығындардың өсуіне және соның салдарынан еңбек өнімділігінің төмендеуіне, мемлекеттік қаражаттар мен ресурс­тарды тиімсіз бөлу және жұмсауға алып келеді.

Әлеуметтік салада білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы көрсетілетін қызметтердің сапасы төмендейді. Мүліктік теңсіздік нығая түседі, байлар мен кедейлер­дің арасындағы алшақтық көбе­йіп, әлеуметтік шиеленіс ұлғаяды, адамдарға тең мүмкіндіктер жо­йылады, ұйымдасқан қылмыс кө­бейеді. Оны кешегі қаңтар оқиға­ла­рынан да байқадық.

Сыбайлас жемқорлықтың әлеу­меттік-экономикалық сипатын оның адами капитал сапасын төменде­ту­ге алып келуімен, саяси институттар қызметінің тиімсіздігінің артуымен, макроэкономикалық тұ­­рақ­тылықтың бұзылуымен қарас­тыруға болады. Мысал ретінде мұны алыс және жақын шетелдердегі сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік-экономикалық құлдырауға алып келуінен көруімізге болады.

Түптеп келгенде, сыбайлас жем­қорлық бұл ең алдымен адамның моральдық-этикалық құлдырауы, азғындауы. Ал оның алдын алу­дың түйінді бағыттарының бірі мемлекеттік қызметшінің этика­сын, оның бойында адалдық, та­залық, әділеттілік қағидаттарын негізге алатын парасаттылықты қалып­тас­тыру екені анық.

 

Болат АЙТИМОВ,

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және этика секторының меңгерушісі,

заңгер (PhD)