Өнер • 10 Ақпан, 2022

«Еділ мен Жайық»

2427 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еділ мен Жайық... Қазақ елі өбектей сүйген ырысты қос өзеннің көктей ағып өтер өлкесінде туып-өскен Жұбан ақынның да, Илья композитордың да ұлы дарияларға деген іңкәрлігі мен махаббаты ерекше болғаны даусыз. Ал ондай шексіз махаббат жаман ән тудырмаса керек-ті.

«Еділ мен Жайық»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алайда қаламнан төгіліп түсер әр сөзге, оның ішінде өзі жан-жүрегімен жаз­ған ән сөзіне терең талап-талғаммен қа­райт­ын композитор осы бір әнге сөз жа­зуға келгенде алапат сезімді ақынды біраз азапқа салып қинаған да жайы бар. Өзі­нің жан сарайын керней аққан асқақ әнге лайықты патетикалық рухтағы сөз табу композиторға да, сазгер қалағандай ән мәтінін жазу ақынға да оңай тимегенін Илья Жақанов ағамыздың да өз аузынан талай естігеніміз бар.

Ән авторының айтуынша, Жұбан Мол­дағалиев жазған бір емес, бірнеше өлең нұсқасы композитор көңілінен шық­пай, ал рухты ақынның аузына туынды ажарын ашып, мазмұнын тереңдете түсер лайықты сөз түспей, қос талант­ты біраз сергелдеңге салыпты. «Еділ-Жайық» әні­­не жазған бірнеше өлең нұсқасы И.Жа­­қанов жағынан жақтырылмай, кейін қай­тарылғандағы Жұбан ақынның ашуын, ақынға тән адуындылығын Илья ағай шыңдалған шеберлікпен былай баян­дайды. Осы бір әңгімеден бір әннің шығу тарихы ғана емес, тек жырын ғана оқып есейген бізге Жұбандай ақынның мүлдем беймағлұм, жаңа портреті де ашылады.

– «Еділ мен Жайық» әні мені ай­рық­ша толқытты. Көңіл түкпірінде кес­теленіп тұрып алған ән қайырмасы ерек­ше бір мәтінге сұранып-ақ тұр. Ал оны кез келген адам жаза алмайды. «Еділ мен Жайықты» тек қос өзеннің қадірін жете ұғынып, табиғатын терең түсінетін ақын жазуы керек деп шештім. Ойыма бірден «Мен – қазақпын!» деген рухты өлең тудырған Жұбан оралды. Ойланбастан ақынның үйін бетке алдым. Мән-жайды баяндап айттым. Осыдан кейін ақынмен бірнеше мәрте кездесіп те ән сөзіне қатысты ортақ мәмілеге келе алмадық. Ойымыз бір арнада түйіспей қойды. Әнге сөз жазудағы бұл машақат ақынды да әбден қажытты. Соңында тіпті ашулануға да алып келді. Бірақ мен қайтпадым. Өйткені «Еділ мен Жайық» қалай да тууы керек еді...

Ертеңінде Жұбанның үйіне тағы келдім. Жұбан әдеттегісіндей залда қарсы алды. Үстінде ақсарғыш көйлек, көк джинсы шортикпен отыр. Орнынан түрегелгенде Шәкен Айманов ойнайтын Петруччиодай сондай сәулетті көрінді. Қандай сұлу келбет! Ірі тұлға! Кесек бітім!

– Дачадан келген бетім, Илья... тағы бір түрі... міне, оқышы... не әндетіп айт, деп Жұбан маған екі бет қағазды ұстата берді.

Бір бетте бір шумақ. Ойдақтата жазыпты. Екі бет қағаз екі қолымда. Көзім көреді, көрмейді. Мәңгіріп тұрмын. Жұбан:

– Қалай? – деді тесіле қарап.

Мен басымды шайқадым. Жұбан менің қолымдағы екі бет қағазды жұлып алды да, оны ортасынан қақ айырып, умаждап:

– Сенің... сенің... бұл жіберген уақы­тым... мен... мен... екі поэма жазып тас­тайтын едім. Саған әніңе... Илья, ешуа­қытта өлең жақпайды. Болды. Жетеді әурең! – деп шарт ете қалды.

Сөйтті де залдың ортасында тұрған столды айналып, үйге сыймай долдана бүлініп, аш бурадай бұрқылдады.

– Бұл не деген ән? – деп қолын сермегенде оң қолы иығымды қағып өтті.

– Енді жынға тиме!

Не деуге болады? Үнсіз тындым.

Жұбан ентіге тоқтап, оқыс күліп жіберді. Екі беті өрттей дуылдады. Басым шыңылдап кетті.

Сол сәтте... залдың есігі ашылыңқы­рап тұр екен, Софья жеңгей өзінің сы­нық, биязы қалпымен: – Жұбаға, Илья шай ішсін де! – деді. – Е, ішсе ішсін! – деп Жұбан гүр ете түсті. Шай үстінде Жұбан екеуміз дүрдиісіп, іштей арбасып, тіл қатысқан жоқпыз. Бір-ақ кесе шай іштім. Софья жеңгей көзінің астымен маған қиылып, аяп қарайды. Жұбан сіресіп, сыртын берер емес. Мен үйден шығарда орнынан қозғалған да жоқ.

Жолда трамваймен изеңдеп бір са­ғатта он бірінші шағын аудандағы үйі­ме жеттім. Үйге кіре бергенім сол еді, теле­фон шылдырлады: – Алло... алло... бұл... бұл Ильяның үйі ме? – дейді бір тұтыққан дауыс. – Иә... иә... – деймін.

– Мен Жұбан... ә, сен Ильясың ба? Амансың ба?

– Үйіңізде жаңа ғана болып едім ғой, Жұбаға, дедім еріксіз жымиып, айта беріңіз... құлағым сізде, Жұбаға...

– Мен жаңа сен кеткен соң... тағы бір нұсқасын жаздым. Тыңда.

Бағанағы шатақтан жүрегім ұйып тұрып: – Оқыңыз, дедім тұнжырай түйіліп.

Жұбан өзінің саңқылдап, дауылдап кететін мәнеріне баспай, сондай жылы, нәзік, мөлдір лиризммен:

Құлпырады дала, гүлдейді орман,

Емізеді егіз Еділ мен Жайық.

Ақ шағала айдын, ақталған арман,

Тербеледі кеме, ойнайды қайық.

А-а-а, ағады шалқып,

Аққулары қалқып,

Еділ мен Жайық!

Шырқалады әндер, жан жүрек іңкәр,

Сылқылдайды сұлу Еділ мен Жайық.

Әуелейді адам, самғайды сұңқар,

Шығандарға, шыңға қанатын жайып!

Атақты «Еділ-Жайық» әні осылай өмірге келіп еді. Көптен бері күттіріп, үздіктіріп үзілдірген ән мәтіні оқылып болғаннан кейінгі сезімін автор «Еділ мен Жайық» атты эссесінде былай суреттейді:

«Сөз оқылып бітті.

– Илья...

– Жұбаға!

– Қалай, айналайын?

– Біздің ата-бабаларымызға... бүгін­гі... келешек ұрпаққа салтанатты өмір төрі болған Еділ мен Жайық осы, Жұба­ға! Мен көрген ғажайып картина – Еділ мен Жайықтың келбеті, оның үні осы, Жұбаға!

– О... о... ой... ой, ай... айна-л... лайын! Енді әнді орындата бересің ғой, ә!?.

– Иә, Жұбаға.

– О, ұмытып барады екем, мен әрі ойланып, бері ойланып, таба алмадым.

– Нені, Жұбаға?

– Қайырманы. Иә, иә, солай болды. Өз қайырмаң қала берсін. Оны қи маған. Мен де қуана:

– Иә, иә, деп бас изей бердім...».

Міне, әйгілі ән осылай өмірге келіп еді. Кейін «Еділ-Жайықты» даңқты дирижер Анатолий Молодов басқарған хор капелласы шалқытқанда, әнді естіп ерекше тебіренген Жұбан Молдаға­лиев­тің «Мына әнмен сен, Илья, талай жерге барасың. Рухы зор ән екен!» деп берген бағасы да ән құдіретінің рухты қуатын айқын ашып беріп тұрғандай. Бұл – бір кездері әннің сөзін жазу барысында «Саған ешуақытта өлең жақпайды екен, Илья» деп қағазды умаждай лақты­рып, ашуға ерік берген ақынның қуатты әнге деген шексіз ілтипаты, композитор та­лантына деген құрмет, ризашылығы еді.

Ал айтулы әнді алғаш тыңдаған сәтте кербез композитор Сыдық Мұхамед­жанов: «Мен «Ғасырлар үні» оратория­ма «Елім-айды» негіз етіп алған едім. Ораторияны ұстап тұрған да осы ән. Ал сен «Еділ-Жайық» арқылы «Елім-айдағы» қаһармандық мұңды халық­тың аңсаулы арманы етіп патетикаға көтердің!» деп таңдай қағады. Шәм­ші Қалдаяқов та осы әнді Зейнеп Қойшы­баеваның орындауында тыңдап болып: «Мощно! Бұдан кейін бізге не қал­ды?» деп таңғалыпты. Еркеғали Рахма­диев болса: «Кейінгі кезде шыққан әндердің ішіндегі ең дүлдүлі – Ильяның «Еділ-Жайығы!» деп жүрекжарды өз лебізін білдірген екен. Бұдан артық, бұдан асырып айту біздің қолымыздан келе қоймас.