Орталық коммуникация қызметінде Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов және әкімдіктің ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Тілеповтің қатысуымен брифинг болып өтті. Онда Астана қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтуге байланысты жоспарланған шаралар ауқымы тілге тиек етілді.
Қала бойынша Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 13-25 наурыз аралығында 300-ден астам мерекелік шаралардың ұйымдастырылуы көзделген. Ол шаралар қаланың концерттік алаңдарында, мекеме және кәсіпорындарында өткізілмек.
Балабақша мен мектептер қабырғасында Наурыз мейрамына арналған түрлі мәдени шаралар мен концерттік бағдарламалар өтеді. Онда ұлттық тағамдар дастарқанға қойылып, ұлттық өнер ұлықталады. Ал жоғары оқу орындарындағы Наурызға арналған кешенді іс-шараларға 400-ден астам студент жұмылдырылады. Мереке күндері әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар да назардан тыс қалмайды. Аз қамтамасыз етілген 590 отбасыға 2 миллион 850 мың теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. 22 наурыз «Думан» ойын-сауық орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік қойылым көрсетіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек ретінде 500-ге жуық азық-түлік қоржындары таратылады.
Наурыз мерекесін тойлауға арналған негізгі мерекелік шаралар кеше «Қазақ елі» монументі алаңында өтті. Қалалық мәдениет басқармасының басшысы Б.Мажағұловтың айтуынша, мерекелік шараларға Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының өнер ұжымдарынан 350-ден астам өнерпаз қатысты. Наурыз мерекесінің негізгі шаралары 21-22 наурыз күндері өтуде. Алаңға 40 киіз үй, 5 шатыр тігіліп, 3 сахна орнатылған. Мәдениет басқармасы басшысының айтуынша, барлық қаржы көздерінен қаланы безендіру шараларына 125 миллион теңге, ал мерекелік шараларға 150 миллион теңге қаржы жұмсалған.
Астана қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Тілеповтің айтуынша, мереке шеңберінде әлеуметтік маңызы бар шараларға баса мән беріліп отыр. Биылғы бағдарламада 16 әлеуметтік жоба бар. Оның ішінде жағдайы төмен отбасыларға, жалғызілікті зейнеткерлерге материалдық көмектен бөлек, қарттар үйінде, мүгедектер емханасында мерекелік дастарқан басында түрлі қойылымдар көрсетіледі. Сонымен бірге, циркте, қаламыздың барлық кинотеатрларында жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға тегін шаралар көрсетіледі. Ішкі саясат басқармасы басшысының айтуынша, мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарына сауда орталықтарында, ойын-сауық орындарында 10 пайыз жеңілдіктермен сауда-саттық және қызмет көрсетіледі.
Ұлыстың ұлы күні, яғни 22 наурызда қалалық әкімдік жанындағы алаңда кешкі сағат 19.00-де «Наурыз мейрамы» мерекесіне арналған үлкен концерт болады. Оған «Жігіттер», «Дабыл», «Ретро», «Жалын» топтары, Маржан Арапбаева, Жади, Медет Шайкелов және басқа отандық эстрада өнерпаздары қатысады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».