22 Наурыз, 2014

Құтты болсын мереке, әр үйге келсін береке!

1676 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРЫ МЕЙРАМ

Н.Абдикановтын сурети«Әз болмай, мәз болмайды» деген екен дана халқымыз. Шын мәнінде, Наурыз – бұл күн мен түннің теңеліп, бар тіршіліктің тірі­летін кезімен тұспалдасып жат­қан мереке. Сондықтан да болар өз басым Наурыз мерекесін өзге мерекелерден ерекше, жоға­ры бағалаймын. Елбасының: «Ке­лешекте жыл басын өзіміздің Наурыздан бастаймыз» деп айтқан сөзі бар болатын. Сол күнді көре­тін күн де алыс емес-ау деген ойдамын. Оған қоса ежелгі заманнан қалыптасқан осы бір жыл бас­тау мейрамын бүгінде дүние жүзі мойындап та қойды. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 2010 жылдың 10 мамырындағы өзінің 64 қарарында 21 наурызды «Халықаралық наурыз күні» мерекесі деп белгілеп, «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатыр» деп түсініктеме берсе, ЮНЕСКО 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасының тізіміне енгізген екен. Бұл құжаттар Наурыз мерекесінің құқықтық мәртебесін айқындап қана қоймай, оған ерекше мән береді емес пе? «Наурыз күні той тойлап, жақсы тілек тілеген адам келесі Наурызға дейін қуаныш пен бақытта, бейбіт өмір сүреді» деген ертеден келе жатқан ұғым бар. Міне,  әз Наурыз дүние есігін ашты. Тарих қойнауына тағы бір жылымыз жол тартып, тағы бір жыл табалдырықтан аттады. Жаңа күн төңірекке нұр шапағатын төкті. Ендеше жер бетіне ұялаған күнді қарсы алуда енжарлық танытпайық, наурыздан наурызға аман-есен жетейік ағайын! Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ, Ақмола облыстық сотының төрағасы. nauryz 32

ЫРЫС КӨП БОЛСЫН

Аразды татуластырып, елді бірлікке шақырып, қара қазанды қайнатып, сары самаурынды жайнатып әз Наурыз да келіп қалды. Наурыз мерекесі ұлтымыздың рухани ерекшелік­терін, халықтық салт-дәстүрлеріміздің ұлылығын көрсететін мейрам. Бұл тамыры тарихтың тереңіне бойлаған көне мерекелердің бірі. Малдың ауызы көкке тиіп, адамның ауызы аққа тиетін кезде тойланып, молшылықтың, жақсылықтың белгісі болып келеді. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Түріміз, тіліміз, дініміз бөлек болғанымен бәріміздің азамат­тығымыз, отанымыз бір. Көршілес елдер – алыптар мен алпауыттардың арасында – біз өркениет көшіне салмақты саясатымызбен, жоғары мәдениетімізбен, терең білімімізбен және халық бірлігімен, жалпыұлттық ынтымақтастығымызбен қосыла алатын­дығымызды ұмытпауымыз керек. «Мың адам салған көпірді бір адам бұза алады. Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» деп бекер айтылмаса керек. Егемендік бізге тек той тойлау үшін емес, ой ойлап, дұрыс қадамдар жасау үшін берілгенін түсініп, басымызға қонған бақытты үркітіп алмау маңызды. Келе жатқан Наурыз мейрамы игі істердің, бірлікке деген құштарлықтың, ұлттар арасындағы ынтымақтастықтың нышаны. Осы тамаша мереке жүректе­ріңізге ізгілік нұрын төгіп, отбас­тарыңызға құт-береке, зор қуа­ныш әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымыздың мерейі үстем болсын! Ақ мол болсын, ұлыс оң болсын, ырыс көп болсын, ағайын! Сабыржан ТАСМАҒАНБЕТ, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің директоры,  Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі. Қостанай облысы.  

БІЗ ДЕ БІРГЕ ТОЙЛАЙМЫЗ

Ким Роман Ухенович1,1 (3х4)Біздер Наурыз мейрамы туралы 80-жылдардың ортасында басталған қайта құру кезеңінде естідік. Шығыс халықтарында осындай мейрам бар екенін білдік. Елімізде алғаш рет 1988 жылы тойланды. Содан кейін Наурыздың мән-маңызы кең насихаттала түсті. Оны ел болып тойлаудың дәстүрі қалыптасты. 1999-2002 жылдары жер жәннаты – Жетісу өңіріндегі Қаратал ауданының әкімі қызметін атқарған кезімде бұл мерекенің дұрыс аталып өтілуіне өзім де атсалыс­тым. Аудан тұрғындары да Наурыз мейрамын ерекше шаттықпен қарсы алған еді. Сол кезде бірінші рет наурыз көженің дәмін таттым. Құнарлылығы, дәмді­лігі өте ғажап екенін сонда білген едім. Мен наурыз көжені киелі тағам деп есептеймін. Бүгінгі таңда Наурыз мемле­кет­тік мерекеге айналды. Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасы бойынша 2009 жылы қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізіліп, Наурыз мейрамы үш күн аталып өтілетін болды.  Сол Заңның 3-бабында  «21-23 наурыз – Наурыз мейрамы» деп атап көрсетілген. Бұл мейрамды тек мұсылман­дар ғана емес, барлық ұлт өкілдері ортақ ұлттық мейрам ретінде атап өтеді. Мен Наурызды халық­тар достығының мейрамы деп айтар едім! Ол шынымен де барлық халықты бір мақсат, бір болашақ жолында біріктіреді. Осы елде өмір сүріп жатқан соң, өзге ұлт өкілдерінің де тағдыры Қазақстанның өркендеуімен тікелей байланысты. Биыл 21 наурыз күні Ұлыстың ұлы күнін Астанада Қазақ елі алаңында атап өтсек, 22-і күні Алматы қаласында Қазақстан корейлері  қауымдастығы корей театрында Наурыз мейрамын тойлайтын болады. Ардагерлер, қоғам қайраткерлері, өнер иелері, белсенді азаматтар жиналады. Дастарқан жайылып, құрметті қонақтарға қазақша ет беріледі. Ұлттық тағамдар қойылады. Бір айта кететін жайт, біздің ұлттық салт-дәстүріміз, үлкенді сыйлау мәдениеті қазақтарға өте жақын. Қазір корей сериалдары көрсетіліп жатыр ғой, әдет-ғұрыптары, үлкендер мен жас­тар арасындағы қарым-қатынастары қазақ халқының мінез-құлқына ұқсас. Ол ол ма, ғалымдардың зерттеуінше, біздің Алтайдан шыққан тамырымыз бір көрінеді. Тек қана үш халықта: қазақтарда, корейлерде және жапондарда бала дүниеге келгенде, құйрығының үстіңгі жағында көк дағы болады. Бұл гендік түп тамырымыздың ортақ екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда Наурыз мейрамын әлемнің көптеген елдері атап өтетінін жақсы білеміз. Күн мен түннің теңелеуін, көктемнің шығуын әлем халықтары ежелден ерекше қуанышпен қарсы алған. Наурыз – адамдарды ынтымақ­қа, ұйымшылдыққа шақыратын мейрам. Ертеде осы мерекеге жиналған ақсақалдар келелі мәселелерді талқылап, алдағы жос­парларымен бөліскен. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деп бағалап, халықты егін егуге жұмылдырған. Ағаш отырғызу, ауыл-аймақты тазарту және басқа да игілікті істерді бірлесіп атқарған. Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлтаралық келісімнің бірегей үлгісі.  Бұл институттың бірегейлігі біздің ортақ тарихымызда жатыр. Біз қазақ жеріне келдік, қазақтар бізді қабыл алды, бас­пана берді, жылу сыйлады, оны ешкім де ұмытпайды. Екіншіден, бір мойындайтын жайт, қуғын-сүргінге ұшыраған тек кәрістерді ғана емес, өзге ұлт­тар­дың да бәріне бірдей жағдай жасап, қабыл алуы қонақжай қазақ­тың ұлттық мінез-құлқы деп білемін. Үшіншіден, шынымен де Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы – бірегей институт. Мұндай инсти­тут әлемде жоқ. Және де оған Мемлекет басшысының өзі жетек­шілік етуі де көп жайттан хабар беріп тұр. 2013 жылы 24 ақпанда өткен Ассамблеяның сессиясында Елбасымыз бұл жекелеген этностардың емес, Қазақстанның тұтастай 17 млн. халқының ұйы­мы екенін айта келіп: «Бүгін Ассамблея – тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің сенімді, берік іргетасы», деді. Мұны мойындауымыз керек. Кейде біз­ден «Ассамблея не істейді?» деп сұрайды. Әрине, Ассамблея жер жыртпайды, егін екпейді, өнім шығармайды, оның жұмысын материалдық тұрғыда көрсету өте қиын. Алайда, нәтиже бар, ол біздің бейбіт және келісімде тұрғанымыз емес пе?! Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұр­са да, ұлтаралық дау-жанжал бол­ған емес. Президенттің өзі бұл Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы жұмы­сының нәтижесі екенін айтты. Наурыз Қазақстан халқының бірлігін одан сайын нығайта түседі. Елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері де киіз үй тігіп, осы жалпыхалықтық мерекені шын ықыластарымен атап өтеді. Біз қазір қазақтың осындай ұлттық дәстүрлерін ортақ құндылық ретінде өзімізге қабылдап жатырмыз. Елбасымыз бізде бір халық, бір мақсат, бір мүдде бар екенін айтып отыр. Сонымен қатар, бізде заң да ортақ, ал енді дәстүр де, мейрамдар да ортақ болып келе жатыр. Өйткені, жікке бөлінбей, бірге атап өтеміз. Мен үшін Наурыз шынымен де айтулы мереке. Біздің еліміздегі ең басты құндылық – тәуелсіздік пен бейбітшілік! Бізде тыныштық пен келісім болса, барлық арман-мақсаттарымыз орындалады. Барлық қазақстандықтарға бейбіт өмір, келісім, ынтымақ тілеймін! Роман КИМ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» РҚБ-нің президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі   Тәуелсіздік тарихынан

КИІЗ ҮЙ ТІГІП ЕДІМ

Мен ол кезде Жымпиты атал­ған, яғни қазіргі Сырым ауданын­да тұратынмын. Көктемнің қарақат­қақ шағы еді. Бір күні облыс орталы­ғында Наурыз мерекесі аталып өтеді екен деген хабар сап ете қалды. Осыдан кейін көп кешікпей сол кездегі кеңшар директоры үйге келіп: «Дәмелі апа, 1979 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне де киіз үй тігіп апарып едіңіз. Аз уақыттың ішінде соны қайта жаңғырта аласыз ба? Шаруашылық атынан Оралға апарып құрар едік» дегені. Ойланып қалдым. Өйткені, уақыт өте тығыз болатын. Жарайды, Мәскеуді Мәскеу дейік. Ал мынау өзіміздің қайта оралған Наурыз тойы емес пе? Ендеше не тұрыс бар деп өзімді өзім қайрадым. Күнді түнге, түнді күнге ұластырып дегендей белгіленген уақытта киіз үйдің ішкі және сыртқы жабдықтарын әзірлеп, жасақтап шықтым. 1988 жылдың 22 наурызы күні Орал қаласының орталық алаңында бірқатар киіз үйлер қойылған екен. Қолөнер шеберлеріне тән әуестікпен оның бірқатарын ара­лап көріп шықтым. Тым жұ­пы­нылау көрінді. Байқаймын, орта­лық алаңға келген тұрғындар мен Наурыз мерекесін тамашалаушылар бұл киіз үйлердің ішіне бір бас сұғып қарайды да, көп аялдамай әрі асып кете береді. Күндіз-түні ұйықтамай жасаған еңбегімнің өтеуі шығар, менің қолымнан шыққан сегіз қанат киіз үйдің ішкі жабдықтарына сүйсінгендер қарасы аз болған жоқ. Әрі киіз үйді көріп танысушылар легі көпке дейін үзілмеді. Бұған мен өзім де қатты қуандым. Бұдан 26 жыл бұрын қайта оралған халықтық мереке Наурызға қанатымен су сепкен қарлығаштай өз үлесімді қоса алғаным үшін көкірегім мен жан­сарайымды ұлттық мақтаныш сезімі кернеді. Дәмелі ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, Алтын алқа иегері, ұлттық қолөнер шебері. Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы.  

МАМЫР АЙЫНДА АТАП ӨТКЕНБІЗ 

Қазір қалыптасқан дәстүр бойынша Наурыз мерекесі зор сән-салтанатпен  атап өтіледі. Көгілдір көктемнің мерейін төгуімен тұспа-тұс келетін осы бір ұлы күн жыл сайын соны үрдістермен, жаңа өзгерістермен өзгешеленіп, жұрт көңілін өсіруімен мәні қымбаттығы белгілі. Барша қазақстандықтарға ортақ  қуаныш ретінде ең қадірлі оқиғаға айналуына ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Бұлайша айтуымыздың жөні жоқ емес. Бүгінгі жеткіншектер Наурыздың кешегі кеңестік кезеңде еленбей келгендігін біле қоймаса, біз ұмытқан жоқпыз. Үлкендер жағы күн көзі жылып, айнала көріктене бастаған айдың аяқ шенінде  үйлерді тазартып, дәмді тағамдар дайындап, бір-біріне ықыластары ерекше ауып жатуынан өзге бір серпілісті сезінетінбіз. Сол уақыттағы ресми тойлар секілді дабырлатылып аталмаса да оларға қарағанда халық жүрегіне жақын, көкірегіне ыстық күн екені білінетін. Өткен ғасырдың 80-жылдар соңы  еліміз өміріне елеулі жаңалықтар лебін естірді  емес пе! Наурыз мерекесін еске түсіріп, атап өту мәселесін әуелде өзара сөз қылудан бастап, оның мәнін жұртшылыққа жеткізуді ойладық. Облыстық радиода бірге қызмет ететін марқұм Базар Мамыр әріптесім екеуміз арнаулы хабарлар ұйымдастырып, аптасына бір рет эфирге шығып тұрдық. Іле тыңдаушылардан құпталған ұсыныс-пікірлер жауып кетті. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Рымбала Омарбекова сынды қандастарымыз қолдау көрсетуі арқасында  қоғамдық ойға үлкен қозғау салынды. Ақырында Қарағандыда Наурыз бірінші рет 1989 жылдың мамыр айында мерекеленді.  Оған қала тұрғындары  тайлы-таяғы қалмай жиналып, шаһар бұрын-соңды болып көрмеген шаттық құшағына бөленді. Жанарларына  жас іркілген,  бір-бірін танымаса да  құшақ айқастырып, төс қағыстырған, ұлттық киім киіп, бала-немерелерін жоғары көтерген жандардың еркін ән шырқап, би билеп Наурызбен сағына табысқан сәті естен кетпейді. Қазір жыл сайынғы мерекеде сол күн көз алдыға келіп, көңіл тербейді. Тәуелсіз жас мемлекетіміздің жар­қын мерекесіне айналған Наурыз­дың  Қазақ елімен қашанда бірге болуын тілейміз. Раушан НҰРША, «Сарыжайлау» кинотеатрының маманы. ҚАРАҒАНДЫ.