Қаржы • 11 Ақпан, 2022

Қаржы пирамидасының «жұлдыздары» ұсталды

4177 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық үш вайнер қаржы пирамидасын құрды және оны басқарды деген күдікпен ұсталды. Тергеуге алынғандар – көптің көзайымына айналып үлгерген вайнер Мейіржан Төребаев, актерлер Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаев.

Қаржы пирамидасының «жұлдыздары» ұсталды

Алматы қалалық сотының мәлі­метінше, белгілі вайнерлер Қыл­мыс­тық кодекстің 217-бабы «Қар­жылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша айыпталған. Нақтылап айтқанда, осы баптың 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іске күдікті ре­тінде ұсталған. Ал бұл заң нормасында «аса ірі мөлшерде ақша немесе өзге мүлікті тарта отырып» қылмыс жасау туралы айтылады. Егер 3-тар­мақта көзделген жағдайлар өз дәле­лін тапса, әлеуметтік желі «жұл­дыздарының» бар дүние-мүлкі тәр­кіленіп, өздері жеті жылға дейін бас бостандықтарынан айырылулары әбден мүмкін. Бір айта кетерлігі, ко­дексте «Қаржылық пирамиданы құруға дем берушілік немесе оған немесе оның құрылымдық бө­лім­ше­сіне басшылық ету туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ оның қызметін ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен, қаржылық пирамиданы ұйым­дастырушыдан басқа адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауап­ты­лықтан босатылатындығы» жө­нінде де ескертіледі.

Ал­матының тергеу соты үш күдік­тіге қатысты бұлтартпау шара­сын санк­циялаған. Қазіргі таңда М.Төре­баев пен М.Шерниязов 1000 айлық есептік көрсеткіш, яғни 3 063 000 теңге кепілмен босатылса, А.Саидбаевты полицияның әлі таба алмағаны ғана белгілі. Алайда соңғысы сот санкциясымен сырттай екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, вайнерлер Mudarabah Capital компаниясының жарнамасын жасаған және оны басқарады деген күдікке ілініп отыр. Естеріңізде болса, өткен жылдың қазан айынан бастап осы компанияның бірнеше лауазымды адамы, соның ішінде бас директор Руслан Бұрқанов қамауға алынған болатын. Тергеу компания мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қаржы пирамидасының қағидаты бо­йынша азаматтар мен фирмалардың қаражатын тартып отырған деп санайды.

2019 жылдың ақпан айынан бас­тап 2021 жылдың қаңтарына де­йін Mudarabah Capital пен Astex ком­па­ния­ларының басшылары заңды және жеке тұлғалармен мемлекеттік са­тып алуға қатысу үшін қажетті қар­жы тар­­туға қатысты шарттар жасас­қан. Бұл құжат бойынша фирма­лар ай сайын әр салымшыға салым сомасының 20 пайызын төлеп оты­руға тиіс болған. Осы уақыт ара­лы­ғында 160-тан астам салымшы Mudarabah capital арқылы Astex-ке
2 млрд теңгеден астам қаржы құйған. Ал ком­паниялардың жарнамасын елге танымал вайнерлер мен актерлер, соның ішінде Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жасаған болатын. Жарнамада «жұлдыздар» компания тендерлердегі ақшаны «айналдыру» арқылы ай сайын жоғары пайызда қаржы табуды көздейтінін айтып, көпшілікті қызықтырған еді. Вайнерлердің жарнамасына сеніп, қомақты ақшаларынан айырылып қалғанын кеш түсінген салымшылар ақыр соңы арыздарын арқалап полицияға жүгінген.

ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділовтің хабарлауын­ша, бүгінде елімізде қаржы пи­ра­мидалары құрбандарының саны 30 мыңнан асып кеткен. Осын­шама ха­лық 54 млрд теңгеден астам қар­жы­сынан айырылып қалған. Бір ғана Мейіржан Төребаевтың Instagram парақшасына 4 миллионға жуық адам­ның жазылғанын ескерсек, әдетте тез баю мен оңай олжаға кенелуді жарнамалайтын «жұлдыздардың» әлі қанша жанды жарға жығарын шамалай беруге болады.